Оқу-ағарту министрлігі 2023-2024 жылдары дүниежүзілік олимпиадаларда жеңіске жеткен қазақстандық оқушылардың әрқайсысы 5,5 млн. теңгеден сыйақы алатынын хабарлады. Осыған орай, Taspanews.kz редакциясы жүлдегерлермен әңгімелесіп, ақшалай сыйлықтың өздері үшін қаншалықты маңызды екенін, оны қалай жұмсайтындарын және мұндай табыс оқушыларға қалай әсер етуі мүмкін екенін білді.
Оқу-ағарту министрлігінің Telegram арнасында жариялаған ақпаратына сәйкес, 26 оқушы сыйақы алады, олар әлем бойынша ең үздік 7 беделді олимпиадада жүлделі орындарға ие болғандар. Барлық оқушыға берілетін мұндай марапаттың жалпы сомасы – 77,5 млн. теңгеден астам.
«2023-2024 аралығындағы оқу жылының қорытындысына сай қазақстандық оқушылар қоржынына 2 алтын, 12 күміс, 12 қола медаль және 1 Диплом түсті. Олар ең беделді Дүниежүзілік пәндік олимпиадалардан жүлдегер болғандар. Олимпиадалар қатары – IMO (математика), IPhO (физика), IBO (биология), IChO (химия), IOL (лингвистика), IGeO (география) және IOI (информатика)»,- делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар оқушыларды жарысқа дайындаған мұғалімдерге де біржолғы сыйақы беру туралы шешім қабылданды. Министрлік тарапынан жас жүлдегерлерге кез-келген қазақстандық жоғарғы оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін білім беру гранттары уәде етілді.
«Ақша туралы ойлануға уақыт жоқ»
Максим Цой – IOI (информатика) олимпиадасының 2024 жылғы күміс жүлдегері». Ол сондай-ақ, 2023 және 2024 жылдары информатика бойынша республикалық олимпиадаларда алтын иегері болған және осы жылы Халықаралық Жәутіков олимпиадасында күмісті жеңіп алды.
– «Менің ойымша, IOI-мен салыстыруға болатын мектеп деңгейінде олимпиада жоқ. Сондықтан бұл IOI менің алғашқы үлкен олимпиадам болды деп айтуға болады. Бірінші турға дейін мен қатты уайымдадым, себебі тапсырма құрастырушылар жауабы қиын әдеттен тыс сұрақтар бере ме деп ойладым. Дегенмен, жарыс басталған кезде уайымым басылды және бар ойым тапсырмаларды орындау болдым», – деді оқушы Taspanews.kz тілшісіне.
Оның айтуынша олимпиадаларға қатысу университетке түсуге көмектеседі. Максим олимпиада кезінде басқа қалалардан немесе елдерден келген оқушылармен де танысуға болатынын түсіндірді.
– «Үкімет тарапынан пәндік олимпиада жүлдегерлерін осылайша көтеріп жатқанына өте қуаныштымын. Бұл қатысушыларға ешқандай кері әсер етпейді деп ойлаймын, себебі олардың барлығы олимпиадаға ақша үшін емес, тапсырмаларды, есептерді шешуді ұнататындықтан қатысады. Сонымен қатар олимпиада кезінде ақша ойға кіріп-шықпайды, себебі бар ынтамызбен тапсырмаларға кіріп кетеміз»,– деді оқушы.
Қазір Максим Цой Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінде оқиды. Ендігі жоспары – келесі IOI-ге өтіп, алтын алу.
– «Олимпиадалар мені шыдамдылыққа үйретті. Алғаш бастаған кезімде, тапсырманы орындай алмай жатсам, жиі қобалжитынмын. Уақыт өте келе одан арылдым. Қазір мен қателіктерді іздеуге назар аударамын»,– деді оқушы.
Максим Цой сыйақыны әлі жұмсамағанын айтты. Қаражатты жоғарғы оқу орнында оқып жүргенде пайдаланғысы келеді.
100%-ға күш жұмсауға себеп
Владимир Роговский – математикадан халықаралық Жәутіков олимпиадасының күміс жүлдегері. Жас жігіт 2023 жылы Жапонияда математика пәнінен IMO олимпиадасында қола жеңіп алды.
– «Ең күшті қатысушылардың нәтижелерін білмес бұрын толқып тұрасың, сосын ол сезім жоғалады»,- деп бөлісті ол.
Оқушы халықаралық олимпиадаға қатысу жаңа ел көруге, басқа елдердің қатысушыларымен танысуға мүмкіндік беретінін айтты. Ол сыйақы беруді «талантты жастарды қолдау үшін өте жақсы бастама» деп атады.
– «Сыйақы жауапкершілікті көбейтпейді, босқа алаңдаушылық туғызбайды» (ақшалай сыйақы – ред.), себебі қатысу мен нәтиже маңызды»,– деді Владимир Роговский.
Әмірлан Аманжолов – 2024 жылы Балқан олимпиадасының (BMO) күміс жүлдегері, сонымен қатар математикадан IMO-2024-те күмісті жеңіп алды.
– «Халықаралық олимпиадаларға қатысу өте қызықты. Мен алғашқы үлкен олимпиадаға барған кезде қатты уайымдадым, алайда уақыт өте келе қобалжумен күресуді үйрендім. Халықаралық олимпиадалар кезінде біз басқа елдерден келген көптеген оқушыларды кездестіреміз және жақсы нәтиже көрсетуге міндеттіміз деген жауапкершілік пайда болады»,– деді оқушы.
Ол сондай-ақ жарысқа қатысу «университетке түсу үшін өте пайдалы» екенін растады. Атап айтқанда, «көптеген Азия университеттері халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне грант ұсынады». Сонымен қатар, олимпиадалардың «жұмыс іздеу немесе тағылымдамадан өтуде пайдасы зор».
– «Атап айтқанда, HKUST (Гонконг ғылым және технология университеті – ред.) жүлдегерлерге грант беріп, шәкіртақы төлейді. Ал Huawei жүлдегерлерді тағылымдамаға шақырады»,– деді ол.
Әмірлан Аманжолов та жеңімпаздарға сыйақы беруді «өте жақсы бастама» деп санайды.
– «Сыйақы арқылы олимпиадашыларды ынталандыру жүзеге асады. Мәселен, 6-7 сынып оқушылары белгілі бір пән бойынша білімін жоғары деңгейге көтергісі келуі мүмкін. Ал халықаралық жарыстарға қатысып жүргендерге бұл 100 пайыз күш жұмсап, жеңіп шығуға тағы бір қосымша себеп», – деді оқушы.
Қазір ол РФММ-нің 10-сыныбын бітіріп, Haileybury мектебінің 12-сыныбында оқиды. Жас жігіт «университеттерге түсу үшін портфолиосын жақсартуға» ниетті, әрі зерттеумен айналысуы мүмкін екенін айтты. Болашақта Әмірлан университетте инженерлікті оқуды қалайды.
– «Олимпиадалық математика мені тәртіпке үйретті және сыни ойлау дағдысын дамытуға көмектеседі», – деді оқушы.
Ол сондай-ақ халықаралық олимпиадада жүлде алғаны үшін мемлекет атынан ақшалай сыйлықты бірінші рет иеленгенін жеткізді. Бұған дейін оған » кей олимпиадаларда техника немесе Эйлер олимпиадасында техника алуға арналған сертификаттар берілетін».
«Спортта да басты мақсат – медаль»
Ринат Елеусізов химиядан 2023 жылы халықаралық олимпиадада күміс жүлдегер болды, сондай-ақ 2024 жылы Халықаралық химия олимпиадасында алтын жеңіп алған дарынды жастардың бірі. Оқушы 2023 жылы Математикадан Халықаралық Олимпиадада (IMO) қола иеленсе, осы жылы қоржынына алтынды байлады.
Оқушы олимпиадаларға қатысу кезінде шамалы толқитынын айтты.
– «Мен тапсырмаларды қарап шығып, ой елегінен өткізіп, басқалардың қалай шешкенін білгім келіп отырады. Жарыс сонымен қызықты. Әрине, жаңа елге бару, басқа қатысушылармен танысу және экскурсияларға барудың да орны бөлек»,– деді ол.
Ол өзі қатысқан алғашқы халықаралық олимпиада Қазақстанда өткенін еске алады.
– «2023 Менделеев олимпиадасы ұйымдастырылды. Сонда біраз қобалжыдым: Мен орын алмайтын шығармын деп ойладым. Нәтижесінде 10-сыныпта теорияны дұрыс жаздым, алайда тәжірибе жағы ақсады. Күміс болуы мүмкін бола тұра, қола медаль алдым. Сонда да, мен өз елімді таныстырып, болашақтағы олимпиадалар үшін тәжірибе жинай алғаныма риза болдым»,- деп атап өтті жарыс жүлдегері.
Жарыстарға қатыса отырып, жас жігіт өзге мәдениетпен танысу арқылы құнды тәжірибеге ие болғанын айтады, бұл оған «әлемді жаңа көзқараспен көруге», сондай-ақ «ғылым саласындағы болашақ туралы» түсінік қалыптастыруға мүмкіндік берді.
– «Сыйақы алу, әрине, кімге болсын ұнайды. Мен мұнда кемшілік көрмеймін. Менің ойымша, Олимпиада кезінде ешкім медаль, қанша миллион алатыны туралы ойламайды және бұл, әрине, басты мотивация емес. Спортпен салыстырсақ, спорттық Олимпиададағы жеңістер үшін де ақша төленеді, алайда спортшы үшін басты мақсат – медаль. Кеңінен қарастырсақ, кез-келген стресс түрін жеңе білу – осындай деңгейдегі олимпиадаларға қатысудың пререквизиті,– деп атап өтті жас жігіт.
Ол жарысқа дайындық кезінде «күрделі дереккөздерді өз бетінше игеруді және тәртіпті үйренгенін» айтты. Сонымен қатар, дайындық кезінде «ештеңе түсініксіз болған сәттерде бәрін тастай салғысы келген, алайда өзін-өзі жеңіп, тәрбиелеген».
– «Мемлекет тарапынан берілген сыйақыны білім алуға қажетті техникаға және оқуға түсуге жұмсадым. Көп бөлігін ата-анама бердім»,– деді Елеусізов.
«Ғылым үшін қосымша ынталандыру»
Марғұлан Нұрсағатов – Физика пәнінен Азия олимпиадасының күміс жүлдегері (APho – 2024). Ол сондай-ақ «Халықаралық ғылыми-физикалық олимпиада-2024-те» алтын және Физика бойынша халықаралық олимпиада (IPhO-2023) мен IPhO-2024-те күміс жеңіп алды.
– «Мен бес халықаралық олимпиадаға қатыстым. Біріншісінде қобалжу болды. Келесілеріне сабырмен қарадым. Дәл осы тәжірибені бірге бөлісетін өз тобым болғанына қуанамын»,- деді ол.
Өзі үшін «олимпиадаларға қатысудың ең керемет нәтижесі басқа олимпиадашылармен – өте ақылды, мақсаты айқын, жан-жақты және көңілді балалармен танысу болғанын, олардан көп нәрсені үйреніп, тәжірибемен бөлісуге болатынын айтты.
Жас жігіт кей оқушылармен тіпті жақын дос болып кеткенін жеткізді. Сонымен қатар, ол «олимпиаданы сәтті орындау жолында көптеген маңызды дағдыларды үйренгенін айтады. Олар – өздігімен білім алу, ақпарат іздеу және өзін-өзі ұйымдастыру. Бұл тек жарыстарда ғана емес, күнделікті өмірде де көмектеседі.
– «Менің ойымша, мұндай шара (мемлекеттен ақшалай сыйлықтар – ред.) қатысушыларды халықаралық олимпиадаларда жоғары мақсаттарға ұмтылуға және дамуға қосымша ынталандырады. Бұл тек олимпиадаларда ғана емес, ғылымда да нәтижелердің жақсаруына әкелуі тиіс»,– деді жүлдегер.
Қазір Марғұлан Мәскеу физика-техникалық институтында Жалпы және қолданбалы физика факультетінде оқиды. Алдағы бір жарым жылда ол «ғылымның қай саласын зерттейтіні туралы шешім қабылдауды» жоспарлаған.
– «Олимпиадаларға дайындық маған білмейтінімді өз бетімше үйренуді және оқуымды ұйымдастыруды үйретті»– деп қорытындылады ол.