Сот жүйесі – адамның құқықтары мен бостандықтарының сақталуының, қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың қамтамасыз етілуінің кепілі. Сот төрелігін сапалы атқаруды жетілдіру жолымен халық сеніміне қол жеткізуге болады. Сот төрелігінің әділдігі мен толық орындалуы еліміздің кемел болмысының көрінісі.
Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыру қоғамның біртұтас дамуына оң әсерін тигізеді. Жыл сайын жаңа өзгерістер енгізіліп, алға жылжып, дамып келеді. Соның бірі ретінде – елімізде Конституциялық соттың құрылуын атап өтуге болады.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты мемлекет аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етеді. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде дербес, азаматтардан, ұйымдардан, мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз, Конституцияны басшылыққа алады.
Конституциялық Сот – бұл мемлекеттің конституциялық негіздерін және адамның конституциялық құқықтарын қорғауға арналған әлемдік модель. Елімізде осындай институтты құру еліміздің құқық қорғау жүйесін жаңарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Конституциялық Сот еліміздің барлық аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган. Конституциялық Сот сот шешімдерін қайта қарамайды немесе күшін жоймайды дегенді білдіреді. Оның басты ерекшелігі – азаматтарға Конституциялық Сотқа тікелей жүгіну құқығын берілуі.
Конституциялық Сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді Республика Конституциясына сәйкестігін қарайтын болады. Азаматтармен қатар, Бас Прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы.
Конституциялық Сот өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде дербес және азаматтардан, ұйымдардан, мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз, Қазақстан Республикасының Конституциясын және осы Конституциялық заңды басшылыққа алады, соттардың немесе басқа да мемлекеттік органдардың құзыретіне кіретін барлық жағдайларда өзге мәселелерді анықтаудан, зерттеуден және тексеруден қалыс қалады.
Конституциялық Соттың құзыретіне жататын мәселелерді қарау және шешімдер қабылдау Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Конституциялық заңда және Конституциялық Соттың регламентінде белгіленген конституциялық іс жүргізу тәртібімен жүзеге асырылады.
Конституциялық іс жүргізу толық немесе ішінара электрондық форматта жүзеге асырылуы мүмкін, бұл туралы қаулы шығарылады. Мұндай формат кезінде Конституциялық Соттың актілері мен оның лауазымды адамдарының, конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың және жолданымды қарау кезінде тартылатын тұлғалардың әрекеттері электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында ресімделуі мүмкін.
Конституциялық Соттың бастамасы бойынша конституциялық іс жүргізуге қатысушылар, жолданымды қарау кезінде тартылатын тұлғалар, олардың өкілдері және өзге де адамдар техникалық байланыс құралдарын пайдалану арқылы Конституциялық Соттың отырысына қатыса алады.
Сот жүйесінің дамуы үшін азаматтардың сотқа деген сенімін одан әрі арттырып, Конституция мен заң талаптарының бұлжытпай орындалуын қамтамасыз етуі керек. Бұл мақсатта елімізде құрылған Конституциялық соттың алар орны айрықша.
Ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын одан әрі қорғау бағытында сот әділдігін жүзеге асыруда сот жүйесі барынша объективті, ашық әрі жариялы түрде қызмет етіп келеді. Сондықтан, сот жүйесіндегі оң өзгерістердің барлығы жалғасын тауып, ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді деген сенім мол.
Ә.Түбекбаева, Қызылорда қалалық сотының судьясы