Өткен аптаның бейсенбісі күні қала әкімдігінің мәжіліс залында шаһар басшысы Нұржан Ахатовтың төрағалығымен аппарат жиналысы өткізілді. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алғашқы мәселе жылу беру маусымына дайындық барысы. Бұл бойынша қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әбсұлтанов Мұрат баяндама жасады.
– Қызылорда қаласы бойынша қала әкімінің ағымдағы жылдың өкіміне сәйкес 2024-2025 жылдарға жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде қалалық штаб құрылып, дайындық жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда қала бойынша барлығы 1200 көппәтерлі тұрғын үйдің 808 «Қызылордажылуэлектрорталығы» арқылы жылуға қосылған, оның ішінде 577 орталықтандырылған жылу жүйесіне, 231 үй автономдық блокты модульдік қазандықтар арқылы жылытылады. Жылу беру маусымына дайындық жүргізу мақсатында жылумен қамту нысандарын қайта жаңғыртуға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан республикалық бюджетке өтінім ұсынылып, Жалпы 11,7 млрд. теңге қаржы құрайтын 9 жобаға тиісті қаржысы бөлініп қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде. Нәтижесінде қаладағы жылу желілерінің тозу деңгейін 45 пайыздан 42 пайызға дейін төмендететін боламыз.
Кәсіпорынның негізгі отын қоры табиғи газ. Қазіргі таңда резервтік мазут отынының қалдығы 4761 тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта «KHAS COM» жеке кәсіпкерінде 12 000 тонна көмір қоры бар, сатылу бағасы 19 500 теңге. «KHAS COM» жеке кәсіпкеріне ағымдағы жылдың қыркүйек айына Биржа арқылы 125 вагон 8 625 тонна «Шұбаркөл» көміріне тапсырыс берілді. Қала әкімдігі тарапынан көмір отынының тапшылығын болдырмау мақсатында тұрақты түрде қадағалау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар облыстық білім басқармасының, Қызылорда қаласы бойынша білім бөліміне қарасты 9 мектеп (№172, 257, 271, 143, 268, 138, 280, 178, 179 мектептері) және 9 (Бегім ана, Ер Төстік, Сыр Шуағы, Сыр Жұлдызы, Сыр Бөбегі, Нұрбесік, Заңғар, Айыл Ай, Сыр Самалы,) балабақшаларының бу қазандықтары бойынша сұйық (дизель) отыннан, сұйытылған отынға (газ) алмастыру жұмыстары бүгінгі күнге дейін орындалмаған. Бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында аталған нысандарды газ отынына ауыстыруға жоба сметалық құжатын әзірлеп мемлекеттік сараптамадан өткізуді ұсынамыз. Бүгінгі күні құрылған жұмысшы топ бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес тиісті жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Қаламыздың көп қабатты тұрғын үйлерден орын алған проблемалық мәселелерді сала мамандарымен бірлесіп шешетін боламыз,- деді бөлім басшысы.
Баяндамадан соң қала әкімі Нұржан Ахатов:
– Біз жылу беру маусымына дайындықты ерте бастан жасауымыз қажет. Сол себепті мәселені жедел қарап, тиісті тапсырмалар берудеміз. Қыстың қамын жазда ойла деген бар, қазір басталмаған жұмыс жылу беру маусымы қарсаңында тұрғындарды толғандырмауы тиіс. Барлық жұмыс сапалы, әрі уақытылы аяқталуы қажет. Жылдағы кемшіліктердің қайталанбауын жауапты сала басшыларына қатаң тапсырамын. Бұған барлық резервті жұмылдырыңыздар, – деді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе салық базасын ұлғайту туралы. Бұл туралы қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Фердауиси Қожабергенов баяндама жасады.
– Бүгінгі күні басқа өңірлерден Қызылорда қаласына салық төлеуші ретінде 20 заңды тұлға тіркелді. Жергілікті бюджетке 39,1 млн. теңге салық түсіп, жыл соңына дейін шамамен 196,3 млн. теңге түсім күтілуде. Сонымен қатар басқа өңірлерден келіп, Қызылорда қаласына 27 кәсіпкер тіркелді. Бюджетке төленген салығы 6,7 млн.теңгені құрайды. Жыл соңына дейін 17,5 млн.теңге көлемінде түсім күтіледі. Жалпы салық төлеушілердің соңғы жылдардағы өзге өңірлерге көшуінің негізгі себептерін зерделеу барысында олардың елеулі бөлігінде бірнеше кәсіпорынға бір құрылтайшы, ал жекелеген жағдайларда бір жеке тұлғаныңы ондаған заңды тұлғаны құрып, аз ғана уақыт ішінде негізінен құрылыс-монтаж жұмыстары немесе жоба сметалық қызмет түрлеріне лицензия алып, одан кейін ол кәсіпорындарды сатумен айналысқандығы байқалады. Тиісінше дайын лицензиясы бар кәсіпорынды сатып алған тұлға өзінің орналасқан аймағына есепке қойғандығы себепті Қызылорда қаласынан ресми түрде көшуіне негіз болған. 2024 жылға үлесі 54 құрап отыр.
Салық базасын ұлғайту мақсатында мемлекеттік сатып алу бойынша мердігерлердің жоба-сметалық құжатында көрсетілген жұмысшылардың еңбекақы қорының толық төленуіне және электронды шот фактура және басқа да салық есептілігіндегі мәліметтеріне жүргізілген камералдық бақылау жұмыстары нәтижесімен жыл басынан бері жергілікті бюджетке қосымша жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша 377,5 млн. теңге, корпоративтік табыс салығынан және 291 заңды тұлғадан 680,5 млн. теңге өндірілді,-деді ол.
– Қаламыздағы ірі мұнай компанияларына қызмет көрсетуші кәсіпкерлердің басым бөлігі өзге өңірлерде тіркелген. Оларды жергілікті бюджетке салық төлеуші ретінде тіркету үшін тиісті жұмыстарды жүргізу қажет деп санаймын, – деді шаһар басшысы.
Жиын соңында көтерілген мәселелерден туындайтын өзге де тақырыптар бойынша талқылаулар өтіп, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктелді.