“Amanat” партиясы жергілікті филиалының партиялық бақылау топ мүшелерімен бірге қаладағы денсаулық сақтау нысандарын аралағанда мемлекеттік емдеу орындарының жағдайы сын көтермейтіндігі байқалды.
Мәселен, Тасбөгет кентіндегі №4 емхана типтік емес, яғни емхана қызметіне бағытталмаған ғимаратта орналасқан. Осындай азып-тозып, материалдық жағдайы төмен №5 емхана мен оның бұрыңғы жетім балалар интернатына орналасқан филиалының жағдайын көргеннен кейін халықтың ақылы дәрігерлік қызметті не үшін таңдайтынын түсінесің.
Қалалықтарға дәрігерлік қызмет көрсететін темір жол емханасы жеке меншікке өткелі бері керемет өзгерді. Ғимарат жөндеуден өтті, жаңа құрал-жабдықтар алынды. Жалпы бүгінгі күні қаптаған жеке клиникаларменен мемлекеттік емханаларды салыстыра келе жеке меншік емдеу орындарына инвестиция салып жатқанда, мемлекет мемлекеттік емханаларға неге қаржы салмайды дейтін сұрақтын тұратыны рас.
Ресми ақпарат бойынша биылғы жыл басында елімізде 872 аурухана тіркелген. Бұл былтырғы жылдан 6,6%-ға артық.
Аурухананың көптігі жағынан Шымкент бірінші орында. 101 ауруханасы бар өңірдің аурухана бойынша жылдық өсімі 14,8 % болып отыр. Екінші орында 88 ауруханасы бар Алматы. Одан кейін әрқайсысында 56 ауруханасы бар Жамбыл мен Түркістан.
Ал, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан ауруханалары аз болып, көш соңында.
Ал, енді керуерт санына келетін болсақ, өткен жылмен салыстырғанда 1,1%-ға ғана көбейген.
Алматыда бір жыл ішінде керуерт саны 7,6%-ға өсіп, керуерт бойынша ел алдында. Астана, Ұлытау облысы керуерт саны ең аздар қатарында.
Шығыс Қазақстан облысында да керуерттер көп қосылмаған.
Ресми ақпарат көздерінің тағы бір мәліметі бойынша соңғы бес жылда 400-ге тарта емдеу орындары ашылған. Медициналық құрал-жабдықтар алуға 261 млрд. тенгеден астам қаржы жұмсалған. Соған қарамастан дәрігерлік орындар инфрақұрылымының жартысы тозған. Әрі қызмет етіп тұрған нысандардың жартысының пайдалану мерзімі 40 жылдан асып кеткен.
Медициналық құрал-жабдықтармен қамтылу деңгейі 80% дан астам болғанымен дәрігерлік қызмет көрсету сапасы техникалардың тозуына орай өте төмен.
Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында денсаулық сақтау қызметіне 719,8 млрд. тенге жаратылған, яғни алдыңғы жылдан 4,6%-ға артық. Оның ішінде бюджет есебінен 266,4 млрд. тенгеге, тұрғындар есебінен 31,3 млрд. тенгеге, кәсіпорындар есебінен 66,8 млрд. тенгеге қызмет көрсетілген.
Денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражаттың жартысы, яғни 364,5 млрд. тенге ауруханаларға бағытталған. Бұл өткен жылдан 3%-ға артық.
P.S. Ауруханалар саны көбейгенімен керуерт саны көбеймей отыр. Денсаулық саласына бөлінетін қаржы көбейгенімен, көрсетілетін қызмет сапасы көтерілмей тұр. Дәрігерлік құрал-жабдықтарға бөлінетін қаржы көбейгенімен құрал-жабдықтардың жартыдан астамы тозып тұр.