Иппотерапия халықтық медицинаның тиімді әдісі саналады. Бүгінде жылқыға мініп жаттығу арқылы емделу мүмкіндігін дәрігерлердің өздері де мойындай бастады. Емнің бұл түрі тірек қимыл жүйесі, аутизм, церебальді салдану, сөйлеу және тіл дамуының бұзылысы мен Даун синдромы секілді балалар ауруына таптырмас дауа болатыны дәлелденген.

Негізінен иппотерапия грек тілінде «hippo» – «ат» деген мағынаға ие. Түпкі мағынасында «атқа мініп жүру арқылы емдеу» дегенді білдіреді. Бұл әдіс әлемдік деңгейде кеңінен қолданылады.

Медицина саласының мамандары бүгінгі таңда иппотерапия кешенді реабилитациялық көмектің құрамдас бөлігі екенін айтып жүр. Өйткені бұл тәсіл тірек-қимыл, жүйке жүйесі бұзылысы бар ем алушыларда әрдайым оң нәтижесін көрсетіп келеді. Әсіресе, баланың 12 мүшесін қозғап, қан айналымын жақсартады екен.

Сыр өңірінде де иппотерапия тәсілімен емдейтін арнайы орын жұмыс жасайды. Облыс орталығындағы «Ұлттық балаларды оңалту орталығы» Қызылорда филиалында жылқыға мініп серуендеу арқылы көптеген балалардың бойынан оң өзгерістер байқала бастағаны жиі айтылады. Соған орай аталмыш орталықтың жай-күйіне қанықтық.

– «Орталығымызда иппотерапияны жүргізудің өзіндік тәсілдері бар. Бұл тәсілдер ем алушы баланың негізгі патологиясына қарай таңдалады. Мысалы, қыздыру әдісі жылқының дене температурасы адам ағзасынан жоғары болған соң, атты терлетіп әкеліп баланы мінгізгенде, балада бұлшық ет спастикасын босатуға септігін тигізеді. Соңғы уақытта жиі кездесіп жатқан ЗПРР (психосөйлеу дамуының кешігуі) бұзылысы бар балаларда, психомоторлы даму бұзылысы (еңбектеу, тұру, жүру, сөйлеу қалыпты жасынан кеш дамыған жағдай) және невроз тәрізді бұзылысы бар балалар атқа мінгенде бойынан оң өзгерістерді сезініп жүр. Соның әсерінен көңіл-күйі көтеріліп, қызығушылығы да арта түседі. Ең бастысы, ат үстінде отырған баланың тепе-теңдігі жақсарып, өзіне деген сенімділігі артады», – деді бізге орталықтың бөлім меңгерушісі, дәрігер-невролог Амандық Әскербеков.

Негізінен бұл орталық Қазақстандағы медициналық оңалтуды, психологиялық – педагогикалық түзетуді және пациенттердің әлеуметтік бейімделуін қамтитын орын. Онда инновациялық технологияларды қолдана отырып, оңалтудың толыққанды интеграцияланған моделі қолданылады. Филиал 2013 жылы ашылған.

Филиалдың негізгі бағыты 1 – 18 жас аралығындағы жүйке жүйесінің мүгедектікке шалдықтыратын дерт түріне душар болған балалармен жұмыс жасау болып табылады. Бұл жерде баланы қоғамда толыққанды өмір сүруге бейімдеуге бағытталған кешенді мамандандырылған, медициналық, психологиялық педагогикалық, әлеуметтік салада оңалту көмегі көрсетіледі.

Орталық жүйке жүйесі мен тірек қимыл жүйесінде патологиясы бар балаларға және жасөспірімдерге оңалту көмегін көрсетуге арналған 60 төсек-орынмен жабдықталған. Оған жылына 900-ге жуық бала Қызылорда, Түркістан облысынан келіп ем алады екен.

Осы орталықтан кешенді ем алып, дертіне шипа тапқан жанның бірі – бес жастағы Ұлан Әділхан есімді балақай. Ұланның анасы Гүлназ Медетьярованың айтуынша, целебральды сал ауруы, спастикалық диплегиясы бар баласы иппотерапиядан кейін өзін жеңіл сезіне бастағаны байқалыпты.

– «Аттың үстінде ұлым өзін өте еркін ұстайды. Алғашқы күннен-ақ бойынан жақсы нәтиже байқалды. Бұған дейін баланың екі аяғы сал болып, жүре алмайтын күйде келген едік. Осы емді қабылдағаннан бастап жағдайы жақсара түсті. Осы орайда МӘМС аясында тиісті ем-шарасы тегін жүргізілгенін айта кеткім келеді. Жалпы иппотерапияның игілігін сезіндік», – деп қуанышымен бөлісті анасы.

Сол сияқты церебральды салдану, спастикалық диплегияның ауыр дәрежелі түріне шалдыққан 15 жастағы Рамазан Әбліштің де қазіргі жағдайы көңілге қуаныш сыйлайды. Рамазанның әжесі Күлайша Тулеуова немересіне иппотерапияның шарапаты тигенін айтып, алғысын білдірді.

МӘМС демекші, жыл басынан бері «Ұлттық балаларды оңалту орталығы» филиалына емделушілерді қалпына келтіру мақсатында әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 77 млн. теңгеден астам қаражат бөлініпті.

– «Жалпы орталықта кешенді оңалту шарасы 3 бағыт бойынша жүргізіледі. Филиалда атқа мініп жүру арқылы емдеу шарасынан бөлек, механотренажерлер, тірек рама (вертикализатор), батут, «Атлант» костюмі, позиционерлермен жабдықталған ЕДШ (Емдік дене шынықтыру) залы жұмыс жасайды. Сондай ақ, компьютерлі технология негізінде жұмыс жасайтын МОТОмед тренажеры да бар», – дейді Амандық Мирамбекұлы.

Мамандардың пікіріне сәйкес, атпен баяу серуендеу адамдардың барлық дене мүшесіне әсер ететін көрінеді. Соның ішінде бұл әдіс тірек қимыл жүйесінің дамуын арттырып, бұлшық еттерді босаңсытады екен. Сондай-ақ, жылқыға міну адамның жүйке жүйесінің жұмысын жақсартуға мол септігін тигізеді.

Иппотерапияның игілігін көрген жандардың қай-қайсысы да орталықтың жұмысына оң бағасын беріп, ризашылықтарын білдіріп жатыр.

Ербақыт жАЛҒАСБАЕВ

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған