«Сабалақ» тұрғындарының көгілдір отын мәселесін айтып келе жатқанына көп жыл болды. Қала әкімі Серік Қожаниязов «Сабалаққа» газ барады деп уәде бергеніне 6 айдан астам уақыт өтті. Бірақ та «Сабалақтағыларға» бұл жарты жыл бірнеше жыл өткен сияқты болды. 6 ай аралығында саяжай тұрғындары әкімшілікке арыз жазып, талай мәрте шу шығарған болатын. Тойғаннан емес, тоңғаннан секірген. Бұл әрекеттері әлеуметтік желіге талай мәрте жарияланды. Әрине, олар «көгілдір отынды» көксеп, газдандырy мәселесінің жедел шешімін тапқанын тілейді. Қалаға қарасты «Сабалақтағы» сан түрлі мәселені көтеріп жүрген тұрғындар бұл күнге де жетті. Ендігі кезекте газ құбырларын тартып, газды қосудың қызу жұмыстары басталды. Ал біз қуаныш пен бастаманың куәгері болдық. Өткен сенбіде аймақ басшысының тапсырмасымен қала әкімі Серік Қожаниязов саяжай тұрғындарымен кездесіп, жүйелі жобаның жай-жапсарын жеткізді. «AЭS and Limited» ЖШС демеушілігімен 100 млн теңгеге «көгілдір отын» жеткізу жұмыстарының жоба сметалық құжаттары әзірленген. Жоба 3 кезеңнен тұрады және оның құны 3 млрд теңгені құрайды.
– Жоба үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қала маңындағы Ж.Махамбетов кентінен жоғары қысымды газ құбыры төселетін болады. Содан кейін квартал ішіндегі сызықтар орнатылады. Тендер аяқталды, екі кезеңге мердігер анықталды. Жоба бойынша жұмыстар мердігердің өз қаражаты есебінен басталды. Үшінші кезең үшін мердігерлік ұйымның атауы 25 шілдеде жарияланады. Жергілікті бюджеттен қаражат тамыз айында бөлінеді. Тендер аяқталғаннан кейін барлық үш жоба қатар орындалады. Бұл ауқымды жобаны «Сырэнергогазстрой» ЖШС атқарады. Қазір осы аумаққа арнайы техникалар мен мамандар орналастырылуда. Газдандыру келесі жылы толығымен аяқталады деп жоспарлануда, – деді қала әкімі С.Салауатұлы.
Бұрын саяжайға қатысты жиі дау болса, бүгінде даму динамикасының ілгері екенін айта кеткен жөн. 4500-нан астам тұрғыны бар. Еңбекке епті, іске икемді жандар салада бағын сынап жүр. Мәселен, 50-ге жуық кәсіпкер бары көңіл қуантты. Нәтиже де жаман емес. Соның негізінде 2 жеке балабақша, мектеп, дәріхана, көлік жөндеу шеберханасы, автокөлік жуу, 10 азық-түлік дүкені, 2 жанармай құю бекеті, 2 демалыс орны, 2 монша жұмыс істеуде. Сонымен қатар, «Бегім-ай» өнер орталығы, №4 қалалық емхананың филиалы, жобалық құны 962 млн теңге болатын 150 орындық қосымша білім беру орталығы іске қосылған.
Әлбетте, халық үшін инфрақұрылым игілігі маңызды. Қазір «Сабалақта» бұл мәселелер де кезең-кезеңімен реттеліп, серпіліс бары байқалады. Биыл қала бюджетінен бөлінген 21 млн. теңгеге ұзындығы 9,8 шақырымды құрайтын 15 көшеге 303 жарық шамы орнатылды. Мұның өзі қуанышты еселейді. Әйтпесе, жарықтың жоқтығы жүйкені жұқартатыны жасырын емес. Жаңа қоғамдық көліктер де жолаушыларға жайлы.
– «Сабалақ» саяжайында 2006 жылдан бері тұрып келе жатырмын. Содан бері көптеген өзгеріс болды. Жол салынып жатыр, жарық орнатылды, автобустар да уақытылы келеді. Ал, бүгінгі үлкен қуаныш саяжайымыз «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілмек. Шаңырағымыздың оты жанайын деп тұр. Жұмыстың қарқын алуы соған негіз. Осы ретте, Президенттен бастап облыс, қала және кент әкімдеріне, құрылыс басшылығына алғысымды білдіремін. Халыққа берген уәде орындалып, ақ түйенің қарны жарылып, тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Бұрын көмірді сатып алатынбыз. Ол оңайлықпен жанбайтын. Тіпті жартысы қоқысқа кетеді. Уланып, ауруханаға түскен күндер де болды. Енді мұның бәрі артта қалмақ, – дейді тұрғын Гүлсәнім Әукенова.
Иә, қаyзалған тақырыптың түйіні тарқамай, тұрғындардың тұнжыраyына себеп болған еді. Отын бұтап, көмір тасып жүрy де оңай емес. Қолдан қалақты тастамай, күл шығарып, қара күйе болатын машақатты сөз етпегенде, көмірдің аспандаған бағасы көңілді тағы түсіріп, газ баллонның жайы да басты қатыратын. «Көгілдір отынның» да тұтыну бағасы да арзан емес. Бірақ, отын мен көмір, баллонның құнындай қырyар қаржыны құрамайды. Бастысы, әлсін әлсін от жағып, боранды күні сөніп қалмас па екен деп секемденy болмайды.
– «Сабалақ» саяжайына табан тірегелі төрт жыл болыпты. Осы уақытқа дейін газ мәселесін көтеріп, бүгін құбыр жүргізу жұмысына қол жеткізіп отырмыз. Осыған атсалысқан барлық басшыға алғыс айтамын. Құбырын тартқанға қуанып отырмыз, енді газ үйге жетсе нұр үстіне нұр. Келген жылы 9 тонна, ал былтыр 10 тонна көмір жақтым. Оны 19 500 теңгеден аламыз, әрі көлікпен алып келетініміз бар, бәрі қаржыға кеп тірелетін. «Көгілдір отын» келетіні туралы жаңалық қуантқаны рас, – дейді Рая Ержанова.
Көпшіліктің бұған дейін «көгілдір отын» деп күңіренгені орынды-ақ. Қолқаға тұрған иіс пен түтінге тұншығу кімге жақсын?! Уақыт – бәріне таразы. Енді тағатсыздана тосқан табиғи газдары жылдамдап үйге кірсе құба-құп. Сонда сүйінші хабарға сүйсінген жұрт арқасын кеңге салар.
Мұхаммедшах КАЮП