Соттың міндеті – жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғау, жария-құқықтық қаты­настарда жеке және қоғамдық мүд­делердің теңгеріміне қол жеткізу, мемлекеттік басқарудың тиімді және ашық болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жария-құқықтық саладағы заң үстемдігін қамтамасыз ету болып табылады. Бұған дейін жария – құқықтық даулар азаматтыық – процестік кодекстің талаптары бойынша қаралып келді.

Президент Жолдауында: «Азаматтарымыз жария – құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет» деген болатын.

Әкімшілік әділет институтын қолданысқа енгізу арқылы  Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің маңызын түсіндіріп, әкімшілік соттардың жұмысын арттыруда ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылды. Әкімшілік соттарда сот орындаушылардың әрекеттері мен әрекетсіздігіне қатысты даулардың басым көпшілігі – жеке сот орындаушылардың әрекетіне көңілі толмаса, алимент бойынша берешекті дұрыс анықтамау, борышкердің жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне, банктердегi ақшалары мен бағалы қағаздарына негізсіз тыйым салу, борышкерден қарызды өндіруге қатысты уақытылы шара қолданбау және тағы басқашағымдарды құрайды.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылдың 1-ші жартыжылдығында сот орындаушылардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы 159 әкімшілік іс түсіп, оның 84-і талап қоюшылардың өз арыздарына сәйкес және тағы да басқа негіздер бойынша кері қайтарылса, 42 іс шешім қабылдау арқылы қаралған. Шешім қабылдау арқылы аяқталған істердің 5-уі бойынша талап толық қанағаттандырылса, 26-сыбойынша ішінара қанағаттандырылып, 11-і бойынша талап қоюлар қанағаттандырудан бас тартылған. Сонымен қатар, 12 әкімшілік іс бойынша тараптар медиациялық келісімге, 2 іс бойынша бітімгершілік келісімгеқол жеткізіп, татуласқан.

Ал, 2023 жылдың 6 айында барлығы 154 іс түсіп, оның ішінде 70-і кері қайтарылып, 38 іс шешім қабылдау арқылы аяқталған. Шешім қабылдаумен аяқталған істердің 31-і бойынша талап арыз толық, 5 іс бойынша ішінара қанағаттандырылса, 2 іс бойынша талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған. 1 іс соттылығы бойынша басқа сотқа жолданса, 15 іспен тараптар медиация тәртібімен келісімге келіп, 2 іс бойынша тараптар бітімгершілік шартын жасасты. Бұл  соттардың тараптарды татуластыруда, дауды бітімгершілікпен бітіруде оң тәжірибе қалыптастырғанын көрсетеді.

Сот орындаушылардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану туралы әкімшілік талап қою кезінде талап қоюшылар талапты әртүрлі мағынада мәлімдейді. ӘРПКнің 132-бабына сәйкес, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіде талап қоюшының құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, ол әкімшілік актінің толық немесе оның қандай да бір бөлігінің күшін жою талабымен дау айту туралы талап қою беруге құқылы.

Сот орындаушысы шығарған қаулымен келіспеген жағдайда, талаптар осы қаулыны заңсыз деп тану жайлы мәлімделеді. Әрекеттерді заңсыз деп тану туралы бір мезгілде талап қою талап етілмейді. ӘРПК-нің 84-бабының 2-бөлігіне сәйкес, заңсыз әкімшілік актінің толық немесе бір бөлігінде күші жойылуы мүмкін. Қаулы заңсыз деп танылған жағдайда сот аталған қаулының күшін жояды.

Сот орындаушылар әдетте қабылданған шаралардың мөлшерлес еместігі, шаралар қабылдау мерзімдерін бұзу, қабылданған шараларды уақытылы емес немесе заңсыз бұзу секілді қателіктерге жол береді.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның 127-бабына сәйкес, өндіріп алушы немесе борышкер сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындау жөніндегі шешіміне және әрекетіне (әркетсіздігіне) немесе осылай әрекеттер жасаудан бас тартуына сотқа шағым жасауы мүмкін. Шағым сотқа еліміздің әкімшілік ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен беріледі.

Көрсетілген нормаға сай сот орындаушысының әрекеттерінеатқарушылық іс жүргізу тараптары ғана сотқа шағымберуге құқылы.

Дегенмен, сот тәжірибесінде іс жүргізудің тараптары болып табылмайтын адамдардың сот орындаушылармен дауласуы жиі кездеседі. ӘРПК-нің 9-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немес заңды мүдделерін қорғау үшін осы кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы. Аталған норма мүдделер болған жағдайда сот тәртібімен қорғау құқығын көздейді. Атқарушылық іс жүргізудің тараптары болып табылмайтын адамдарданталап қою арыздары келіп түскен кезде соттар даулы құқықты қорғаудың және қалпына келтірудің өзге тәсілінің бар-жоғын және талап қоюшы үшін жасалған әрекеттерден тікелей құқықтық салдарлар туындағанын тексеруге тиіс.

Атқарушылық іс жүргізу туралы заң нормаларын әртүрлі түсіндіру болмау үшін Қазақстан РеспубликасыЖоғарғы Сотының «Соттардың атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» нормативтік қаулысында мүдделі тұлғаның сот орындаушылардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) сот тәртібімен шағымдануға құқығы болатын жағдайларды нақтылау қажет деп көрсетілген. Ал, талап қоюшы сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану кезінде өзінің материалдық немесе құқықтық мүдделігін дәлелдеуге міндетті. Алайда, нақты құқықтық мүдделілік болмаған және қорғаудың басқа тәсілі болған кезде мұндай адамдардың талап қоюлары қайтарылуға тиіс.

ӘРПК-нің 136-бабының 4-бөлігінде сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа берілетіні көзделген.

Мұндай мерзімді белгілеу атқарушылық іс жүргізудің үздіксіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты және оны сот арқылы қорғау құқығын бұзу ретінде қарауға болмайды.

Тәжірибеде борышкерлер іс жүргізу мерзімін ұзарту мақсатында тараптың атқарушылық іс жүргізу материалдарымен уақытылы таныспағаны туралы дәлелдер келтіре отырып, сот орындаушылардың әрекеттеріне шағым жасайтын істер кездеседі. Осыған байланысты талап қою сотқа жүгіну мерзімдерін бұза отырып беріледі.

Даулардың осы санатын қарау кезінде атқарушылық іс жүргізу материалдарын зерделеуге және атқарушылық іс жүргізу тараптарын жасалған әрекеттер туралы хабардар ету тәсілдері мен күндерін анықтауға ерекше назар аудару қажет.

ӘРПК-тің 136-бабы 7-бөлігіне сәйкес, дәлелді себептермен өткізіп алған талап қою мерзімін сот АПК-нің қағидалары бойынша қалыпқа келтіре алады. Сотқа талап қою мерзімдерін өткізіп алу себептерін және әкімшілік істі дұрыс шешу үшін мәнін сот алдын ала тыңдауда анықтайды.

Азаматтық процестік кодекстің 126-бабы 2-тармағына сәйкес, егер белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлел деп тапса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.

Соттар мерзімді өткізіп алу себептері объективті болмаған және талап қоюшының сотқа уақытылы жүгінуіне қандай да бір фактілердің бар екендігін куәландырмаған кезде талап қоюды қайтарады.

Осы санаттағы істердің тағы бір ерекшелігі – ӘРПК-нің 168-бабы 4-бөліміне сәйкес сот орындаушылардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты шешім шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде берілуі мүмкін. Сот актісі жарияланған күн шешім шығарылған күн болып есептеледі.

Осы орайда, тараптар сотқа апелляциялық шағым түсіру мерзімдерін де ескеруі қажет.

Сондай-ақ, сот орындаушының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану туралы талап қою бойынша талап қоюшылар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 616-бабы 15-тармақшасына сәйкес сотқа талап қою берген кезде мемлекеттік баж төлеуден босатылған.

ӘРПК-нің 122-бабының 1-бөлігіне сай, сот шығыстарын бөлу жөніндегі мәселелер АПК-ның қағидалары бойынша қаралады.

АПК-ның 117-бабының 1-бөлігіне байланысты талап қоюшы төлеуден босатылған мемлекеттік баж, сондай-ақ, іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар төлеуден босатылмаған жауапкерден толық немесе талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігіне пропорционалды өндіріп алынады.

Талап қою қанағаттандырылған кезде жергілікті бюджеттің кірісіне мемлекеттік баж сот орындаушысынан талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігіне сәйкес өндіріп алынады.

Мемлекеттік баждың мөлшерлемесі «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің 610-бабы 1-тармағының 8-тармақшасына (0,5 АЕК) қағидалары бойынша есептеледі.

Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті- жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру. Осы мақсатқа жету үшін әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу маңызды. Сонымен бірге, ӘРПК-нің 7-бабында көзделген заңдылық қағидаты бойынша әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдай туғызуға міндетті. Егер заңда дау тараптарының келісімімен тиісті мәселелерді соттың шешетіні көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алып шешуге міндетті.

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 62-бабының 1-тармағында сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында борышкердің мүлкіне, оның ішінде заңда көзделген жағдайларда прокурордың санкциясымен тыйым салуға міндетті. Бұл ретте сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету үшін өндіріліп алынатын сомаға мөлшерлес, борышкерге тиесілі бүкіл мүлікке бір мезгілде тыйым салуға құқылы екені көзделген. Ал осы заңның 63-бабы1-тармағына сәйкес, мүлiкке тыйым салу кезiнде сот орындаушысы оның борышкерге тиесiлi екендiгiн және ондағы ауыртпалықты, тыйым салу сомасының мөлшерін анықтайды.

Мысалы, Н. есімді азаматтан мекемеге 16780 теңге өндіру туралы атқарушылық жазбаға заңда белгіленген мерзім ішінде қарсылық түспеуіне орай, нотариуспен атқарушылық жазба өндіріп алушыға берілген.Борышкер аталған соманың 12 730 теңгесі өтелгенін және түбіртектіжолдағанын, алайда осы күнге дейін арызына жауап берілмегенін, керісінше, банктік есеп-шоттарына, барлық жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне тыйым салу туралы қаулы қабылданғанда мөлшерлестік қағидаты бұзылғанын көрсетіп, сотқа жүгінген.

ӘРПК-нің 10-бабына және 11-бабының 2-бөлігіне сай әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді.Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.
Егер әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеу нәтижесінде алынған қоғамдық игілік осы шектеулер келтірген зияннан көп болса, әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) пропорциялы деп есептеледі.Әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік актіні қабылдау және әкімшілік әрекетті жасау (әрекетсіздік таныту) осы өкілеттіктің мақсаттарына сәйкес келуге тиіс.
Іс құжаттарын зерделеу барысында анықталғандай, атқарушылық жазба бойынша борышкерден өндірілетін 16 780 теңгенің 12 730 теңгесін соңғысы өз еркімен төлеген. Бұл жөнінде жеке сот орындаушыға белгілі болғанына қарамастан, қалдық 4050 теңгеніөндіру үшін даулы қаулыларымен талап қоюшының барлық жылжымайтын мүліктері мен көлік құралдарына тыйым салынған. Яғни бұл қаулыларды қабылдау барысында жауапкермен мөлшерлістік қағидаты бұзылып, өкілеттіктің мақсаттарына сәйкес келмейтін әкімшілік қалау жүзеге асырылған.
Атап айтқанда, мүлікке тыйым салу туралы қаулыларда орындалу бойынша шығындарын төлеуді есепке ала отырып, атқарушылық құжатты орындау үшін қажетті сома көлемінде тыйым салыну қажеттілігі ескерілмеген.
Сонымен қатар, ӘРПК-нің 155-бабының 3-бөлігіне сай әкімшілік актіні немесе оның бір бөлігін заңсыз деп тану, егер соттың шешімінде өзгеше көрсетілмесе, оның күшін жоюға, сондай-ақ одан не оның бір бөлігінен туындайтын барлық заңды салдарлардың күшін жоюға алып келеді. Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде және атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулы заңсыз деп танылды.

Заңдылықты бұзушылықтардыңорын алмауы мақсатында соттар кемшілікке жол берген жеке сот орындаушыларға қатысты жекеше ұйғарым қабылдап, ақшалай өндіріп алу процестік мәжбүрлеу шарасы қолданылады.

Соттардың ден қою шараларына тоқталып өтсек, АПК-нің 270-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы. Ал, бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады. Жеке ұйғарымды басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді. Олар өз тарапынан қолданған шаралар туралы бір ай мерзімде хабарлауға міндетті.

Сонымен қатар, соттар мемлекеттік және жеке сот орындаушыларға қатысты жекеше ұйғарымдарды тиісті ден қою шараларын қабылдау үшін республикалық сот орындаушыларпалатасына, жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасына, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне жолданады.

Әкімшілік істі қарау барысында анықталған бұзушылықтарға ден қою шарасы ретінде жекеше ұйғарым сот шешімінде анықталған бұзушылықтарды қайталамауға тиіс. Сот орындаушыларға жекеше ұйғарым шығару кезінде төмендегі факторлар ескеріледі.

Бірінші, бір атқарушылық іс жүргізу шеңберінде сот орындаушының заңнама нормаларын жүйелі түрде бұзуы. Екіншіден, атқарушылық іс жүргізу тараптары үшін бұзушылық салдарынан туындаған елеулі құқықтық салдарлар. Үшіншіден, атқарушылық әрекеттерді жасау кезінде азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуы.

Соттармен істі қарау кезінде процестік заңнама нормаларының бұзылуы анықталған жағдайда ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылады. Егер, ӘРПК-нің 127-бабына сәйкес, сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе міндеттерді орындамайтын тұлғадан, оның ішінде сотпен белгіленген мерзімді дәлелсіз бұза отырып, дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайда, бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін 10АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алуға құқылы.   

Соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны, әкімшілік іске қатысушы адамның сотқа келмегені, сотқа мерзімінде хабарламағаны, кері қайтарып алуды уақытылы бермегені, сотта белгіленген қағидаларды бұзғаны  үшін сот 20 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолданады.

Сот орындаушылардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану туралы дауларды санаты бойынша көбіне жауапкерлерге ақшалай өндіріп алу мынадайсебептері бойынша қолданылады: пікірді уақытылы ұсынбау, атқарушылық іс жүргізу материалдарын уақытылы ұсынбау, атқарушылық материалдарын толық бермеу, дәлелді себепсіз сот отырысына келмеуі (не онлайн форматта қосылмауы).

Қазіргі таңда жеке сот орындаушылардың қызметін жетілдіріп, өзекті проблемалық мәселелерді шешуде жеке сот орындаушылар палатасымен бірлесіп дөңгелек үстел, семинар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, сот орындаушылардың жауапкершілігін күшейту, өкілеттілігін асыра пайдаланбау секілді мәселелерде реттеліп, оң нәтижесін беруде.

Сот билігінің Ата заңымызбен белгіленген негізгі мақсаты – сот төрелігін жүзеге асыру. Бұл бағытта жаңашылдықтар мен сот жүйесіне сенімділік жаңа серпін беретіні анық.

Тогизбаева Меруерт Кожабековна

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған