Байқоңыр қалалық соты К.-ге қатысты бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген мерзімін нақ сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы пробация қызметінің ұсынымын қарады.
Сотталушы К. сот үкімімен 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасыны сотты болған.
Қызылорда қаласының №2 сотының заңды күшіне енген қаулысы негізінде өтелмеген 2 жыл 2 ай 25 күні бас бостандығын шектеу жазасымен ауыстырылып, бас бостандығын шектеудің барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленген.
Сотталған К. пробация қызметі бөліміне есепке алынып, оған бас бостандығын шектеу жазасын өтеу шарттары, міндеттері, құқықтары түсіндіріліп, жүктелген міндеттерді орындамай және пробациялық бақылау тәртібін бұзып, жазаны өтеуден жалтарған жағдайда, бас бостандығын шектеудің өтелмеген мерзімі бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылатыны ескертіліп, бақылауға алынған.
Сот отырысында пробация қызметінің өкілі ұсынымды қолдап, сотталған К. сот үкімінде көрсетілген міндеттерді және пробация қызметі бөлімі қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамай, жаза өтеу тәртібі мен шарттарын бірнеше рет бұзғанын, екі мәрте пробация қызметіне тіркеліп, тәрбие жұмысын жүргізу үшін дәлелсіз себептермен келмеген, бір мәрте қоғамдық тәртіп пен имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын көрсетті. Сондықтан, сотталған К. түзелу жолына түспегенін ескере отырып, бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген мерзімін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруды сұрады.
Сот отырысында сотталған К. пробация қызметіне бармау себебін ауырғанымен түсіндірсе де, ауырғанын растайтын тиісті медициналық құжаттарды пробация қызметіне, не сотқа табыстамаған.
Сот қаулысымен сотталған К.-ге бас бостандығын шектеудің өтелмеген 1 жыл 7 ай 21 күн мерзімі нақ сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Байқоңыр қалалық соты