Жаз басталса, жыр болатын мәселе көп. Адам мен оның денсаулығы, өмірі алғашқы орында тұратын қоғамда суға түсу маусымымен қауіп-қатер де қатар жүреді. Осы жылы да әдеттегідей 1 маусым – балаларды қорғау күні мерекесінде суға түсу маусымы ресми түрде ашылып, аталған салаға қатысты қарқынды жұмыс басталды. Өңірде тыйым салынған жерлерге суға түсу, қауіпсіздік ережелерін сақтамау нәтижесінде жыл сайын суға батып, ажал құшқандар қатары көбеюде. Бұған басты себеп неде? Суға батып бара жатқан адамды көргенде алғашқы әрекет қандай болуы керек? Балалардың қауіпсіздігі үшін қандай шаралар қолға алынған? Осы сұрақтар төңірегінде Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының азаматтық қорғау капитаны Олжас Тұрсынбаевпен сұхбаттасып көрдік.

– Олжас Тұрсынбайұлы, бүгінде суға түсу маусымы қандай деңгейде жүргізілуде? Судың қауіпсіздігіне қатысты қандай шаралар қабылданды?

– Су айдындарында жасөспірімдердің қайғылы жағдайларға ұшырауын болдырмау мақсатында Басқарма қызметкерлері суға шомылуға тыйым салатын 18 қауіпті аймақта шомылу фактілерін анықтау бойынша күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Суға түсу маусымы басталғаннан бері Басқарма қызметкерлері мен құтқару бөлімшелерінің құтқарушылары су айдындарында 67 рейд өткізіп, 2350 азаматқа судағы қауіпсіздікті түсіндіріп үнпарақтар таратты. Қала аумағында адам көп шоғырланған орындарда (Арай сити молл ойын-сауық орталығы, Жаңа базар, Ескі базарларға және темір жол автовокзалдарға) дауыстық зорайтқыштар арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

– Суға түсу маусымында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау үшін халыққа қандай ақпараттық науқандар ұйымдастырылды?

– Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бұйрығына сәйкес, Жедел-құтқару жасағы, жергілікті атқарушы орган, ҰҰ №5547 әскери бөлімі, Қалалық полиция басқармасы қызметкерлері мен ерікті жастарды тарта отырып суға шомылуға тыйым салатын орындарда күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Қала аумағындағы халық көп шоғырланған орындарда (Арай сити молл ойын-сауық орталығы, Жаңа базар, Ескі базар, темір жол және автовокзалдар) судағы қауіпсіздік бойынша дауыс зорайтқыш құралдар арқылы 17 рет түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ қаламызда орналасқан «Аray city Mall» және «Жібек жолы» ойын-сауық орталығындағы кинотеатрлар мен лэд экрандарда «Белгіленбеген орындарда суға түспеңіз!» тақырыбында дайындалған арнайы бейне роликтер көрсетілуде. Әр жұма сайын Тасбөгет кентінде орналасқан Орталық мешітке жиналған халыққа бас имам су қауіпсіздігі бойынша ескертпе беруде.

– Суға батып кету оқиғаларының санын төмендету үшін жыл сайын қандай жаңа шаралар қабылдануда?

– Қала аумағында су айдындарында қауіпсіздік ережелері бойынша облыстық, қалалық телеарналарда «Су айдындарындағы қауіпсіздік!» және «Балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау!» тақырыптарында 4 рет сұхбат берілді. Сондай-ақ баспа басылымдарында «Судағы қауіпсіздік!» тақырыбында 2 мақала жарияланды. Департаменттің Instagram, Facebook, Telegram әлеуметтік желілерінде 10 бейнеролик пен 25 мақала жарияланды.

СУДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕСІ:

– Суға абайлап түсіңіз. Денеңіздің суға бейімделуіне мүмкіндік беріңіз;

– Өзіңізді қалтырауға дейін жеткізбей, 10-15 минутқа дейін ғана шомылыңыз;

-Аяқ-қолыңыз тартылған жағдайда – сасқалақтамаңыз, су бетінде қалуға тырысыңыз және көмек шақырыңыз;

– Жүзе білмесеңіз, белден жоғары тереңдікке бармаңыз;

– Суға жалғыз шомылмауға тырысыңыз;

– Мас күйде суға шомылуға болмайды;

-Ағысқа түсіп кеткен жағдайда ағысқа қарсы жүзбеңіздер, ағынды жағаға жақындауға тырысыңыздар;

– Егер өзіңізді нашар сезінсеңіз, суға шомылуды дереу тоқтатыңыз;

– Үлкен толқындар кезінде шомылмаңыздар және таныс емес орындарда суға секірмеңіздер. Қайықтан, айлақтан және басқа су құрылыстарынан сүңгімеңіздер!

– Суға түсу орындарында құтқарушылардың саны мен жабдықтары жеткілікті ме?

– Басқарма қызметкерлері суға шомылуға тыйым салатын 18 қауіпті аймақта шомылу фактілерін анықтау бойынша күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Күнделікті ұйымдастырылып жатқан рейідтік іс-шараға 30 қызметкер және 2 техника жұмылдырылады. Сонымен қатар Жедел құтқару жасағы РММ-нің қайықтары Сырдария бойында күнделікті бақылау жүргізуде.

– Суға түсу маусымы кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қандай арнайы шаралар қабылдануда?

– Қазіргі таңда қала аумағында тек Зерентай жазғы демалыс лагері жұмыс жасап тұр. Оқушылардың жазғы демалысы басталмастан бұрын Басқарма қызметкерлері қала аумағында орналасқан 17 колледждің 1870 студентіне, 56 мектептің 8650 оқушысына, сондай-ақ 560 ата-анаға «Су айдындарындағы қауіпсіздік» бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, «Судағы қауіпсіздік ережелері», «Суда зардап шегушілерді құтқару, алғашқы дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету тәсілдері» бойынша 48 интерактивтік сабақ өткізіліп, 56 мектептің басшылары мен мұғалімдеріне судағы қауіпсіздік ережелері жөнінде сабақ өткізілді.

– Суға түсу маусымы кезінде судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғандарға қандай айыппұлдар немесе жаза шаралары қолданылады?

– Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының бұзылғаны анықталған жағдайда Кодекстің 412-бабы «Су айдындарында қауiпсiздiк қағидаларын бұзу немесе орындамау» бойынша жеке тұлғаларға – жеті (25844 теңге), лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне он (36920 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма(73840 теңге), iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне алпыс(221520 теңге) айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Тілші түйіні: Иә, суға түсу, демалу бөлек те, суға түсу мәдениетін білу, ережелерді сақтау тіптен басқа дүние. «Сақтансаң, сақтаймын» деген ұстаным күнделікті тіршіліктен тыс жатқан жоқ. Ережеге бағыну да еріккеннің ісі емес. Жылдан жылға қауіпсіздік техникаларының түгелденіп, заманауиланып келе жатқаны қуантады. Алайда өзіміз өзімізге, айналамыздағы адамдарға, қоғамға жауапкершілік алып, бір адамның амандығына септігімізді тигізе алмасақ, не өзгермек? ол үшін ережелерді ұғындыру, жүзуді үйрену мен үйрету, тіпті, ақпараттық, физикалық қолдау көрсету де артық етпейді…

Мұхаммедшах МАРАТҰЛЫ

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған