Арал ауданының Полиция бөлімінде егіздер қызмет жасайды. Егіздер жұптары жазылмай бір саланы таңдаған, полиция майоры Сағиев Байқазақ Аралбайұлы және сыңары полиция капитаны Аралбаев Әліби Аралбайұлы да осы бөлімнің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы лауазымында қызмет атқарып келеді.
Полиция капитаны Аралбаев Әліби Аралбайұлы қолы қалт еткенде шығармашылық пен айналысып, өнер жағынан өзінің шығарған жүрекжарды жыр шумақтарымен бөлімнің қоғамдық жұмыстарына қатысып белсенділік танытса, ал полиция майоры Сағиев Байқазақ Аралбайұлы бос уақытында түрлі музыкалық аспаптарда ойнағанды жақсы көреді.
Полиция майоры Б.Сағиев нәтижелі жұмыстарының арқасында мақтаулы маман атанды. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінде өткен үздік учаскелік полиция инспекторларының слетіне қатысып, грамота мен «Үздік учаскелік инспекторы» төсбелгісімен марапатталды.
Адамға көмектесу- оның өмірлік ұстанымы мен басты борышы. Егіздер аудандағы қоғамдық тәртіпті сақтау мен қамтамасыз етуге қызмет етіп жүрген жауапты мамандар. 31 жастағы жігіттердің қатарласып бір салада жұмыс істеп жүргендеріне біріне 7 жыл, екіншісіне 10 жыл болды.
Екеуі де қызметтерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге ие болғаны үшін бірнеше рет Қызылорда ОПД-нің, бөлім бастығының, аудан әкімінің Грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталған.
«Екеуміз де форма киген полиция қызметкерлеріне қызығатын едік, екеуміз біруақытта шаңырақ көтеріп, ата-анамызды қуанттық. Әкеміз Сағиев Аралбай Сағиұлы және анамыз Абдуллаева Қазына Абдуллақызы медицина саласында дәрігер қызметін атқарып, абыройлы зейнетке шықты. Қатарымыздан кем қылмай өсіріп, оқытты. Ата-анамызға деген алғысымыз шексіз» – дейді полиция майоры Байқазақ Аралбайұлы.
Егіздер бұл саланы таңдағандарына ешқашан өкінген емес. Әріптестері де оларды адал қызметкер ретінде құрмет тұтады.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі