Біздің қазақ тауықты «малым бар» деп білмеген ғой. Біреудің қанша қойы, қанша жылқысы барын білсе білген шығар. Бірақ «қанша тауығың бар» деп сұрау екі жаққа да қорлық саналған. Тауықтың қазаққа етене болмағанынан шығар, бұл мақұлыққа тіркелетін сүйкімсіз сөздер де аз емес. «Тауықсыз да таң атқан» дейді. «Мезгілсіз шақырған тауықты жұлмақ керек» дейді. «Тарысы піскен үйдің тауығы» дейді. «Соқыр тауыққа бәрі бидай» дейді. Ақылы аздау адамға «тауықтың миындай миы жоқ» деп жатады… Толып жатыр…
Бұл сөздерді қазақ қашан, қалай айтты дейсіз ғой? Қазақтың қорада қойы, өрісте жылқысы симай жатқан кезде айтылған сөздер ғой – мұның бәрі. Қазір төрт түлік малдан айрылған, үрерге иті жоқ қазақ басқаша сайрайды. Өйткені тауықтың еті мен жұмыртқасы дастарқан көркіне айналғалы қашан. Ресторандарда қуырылған балапан мен тауықтың қанаты – таптырмайтын асқа жатады. Науқастарға тауық сорпасы бірден-бір ем болып жүр… Бұл – қаладағы байлардың тіршілігі ғой. Ал, ауылда тауық дегеніңіз бес түліктің біріне айналды. Басқаларды білмеймін, біздің ауылдағы Зағипа кемпір өз күнкөрісін осы тауықтан айырып жүр. Зейнетақысы да бар ғой, әрине. Бірақ бұрын кеңседе үй сыпырушы болған әйелдің пенсиясы қанша дейсің. Ал, табиғатынан ептеген мен-мендігі бар, тәкаббар әйел ұзатылған қызына алақан жайғысы келмейді.
Зағипа да бірден тауыққа қарап калмаған. Аузын аққа тигізіп отырған бұлақтай сүтті сиыры бар еді. Өткен күзде тайыншасымен қоса ұры алып кетті. Өрістен емес, түнде қорада байлап қойған жерінен… Қорада үретін ит те жоқ қой қазір, таңғы ұйқыда сезбей қалыпты. «Қонақ таңдап қонады, ұры басынып ұрлайды» деген сөз бар. Қорғанышы жоқ, жалғыз басты әйелді басынбайды. Ауданға барып, полицияға мәлімдеген. Бірақ олардан қайыр болмады. Соңғы бір барғанында құқық қорғаушылар:
– Қазір соғымның кезі. Сиырыңыз әлдеқашан қазанға түсіп кетті ғой. Ал, тайыншаның еті – телятина бұл күнде таптырмайтын деликатес! – деп өзін келеке қылды. Бейне, мұның сиырын ұрылармен бірге ұрласып, бірге жескен адамдар секілді.
Сонымен, Зағипа төрт түлік малмен біржола қоштасқан. Бір есептен, сол да дұрыс болды ма дейді. Өйткені, бұл елде қазір мал да жоқ, мал жаятын өріс те жоқ. Сұмдық қой, ауыл маңындағы өрісті де, шабындық жерді де біреулер сатып алған дейді. Баяғыдай құдайдың жері емес, жеке меншік. Айнала қару асынған күзет. Ауылдың табынға қосқан малына бір түп шөбін жұлғызбайды. Амал жоқ, азын-аулақ мал ұстайтындар базарға апарып, арзанға сатып жатыр.
Содан, не керек, қазір төрт түлік малдан гөрі ауладан ұзамайтын тауық қайырлы. Мұны білгенде, Зағипа тауықтың санын көбейтер еді ғой. Қас қылғанда, қазір үш-ақ тауығы бар. Ақ тауық, қара тауық, сонан соң қызыл қораз… Кереметі, ақ тауық та, қара тауық та аппақ жұмыртқа табады. Бірақ, екі тауық деген не,тәйірі. Жұмыртқасы жұмырына жұқ та болмайды. Зағипаның шалқып жүргені – қызыл қораздың арқасы.
Қалайша дейсіз ғой? Ендігі әңгіме, міне осы жайында. Қораз жұмыртқа тумайды, әрине, бірақ тудырады. Не керек, қызыл қораз –Зағипаның қолына қонған «бақыт құсы» болды ғой. Қораз десе – қораз еді-ау өзі де. Екі тауық пен осы қоразды шіби кезінде қаладағы құс фабрикасында істейтін қызы әкеліп берген. «Асыл тұқымды тауықтар» деп мақтап еді, сонысы рас болып шықты. Үшеуі де басқа тауықтарға қарағанда мелжемді, сирақты боп өсті. Әсіресе, қызыл қораз. Шіркіннің күн көзінде өрттей лаулап шалынатын қызыл-күрең қауырсыны қандай! Үнемі қызыл шоқтай жанып тұратын басындағы айдарын айтсайшы. Сәл жасыл рең араласқан, бір шоқ гүлдей күлтелене төгілген құйрық қандай! Тірі жанды көзге ілмей тәкаббарлана маң-маң басқан жүрсін көрсең ғой! Ал, дауысы… «Ку-ке-ре-ку» деп айғайға басып шақырғанда, ауылдың бас-аяғына түгел жететін. Және орынсыз, уақсыз шақыру деген жоқ, бейне кремль куранты дерсің. Қызыл қораздың уақыттан жаңылмайтынытыны сонша, ол барда Зағипа сағатқа қарауды қойып, уақыт мөлшерін қораздың шақыруына қарап, біліп отыратын.
Әрі-беріден соң, бұл да ештеңе емес, қызыл қораздың даңқын шығарған – үйдегі екі тауыққа қанағаттанбай, осы көшедегі мекиендерді үйіріне қосып алатын шақарлығы еді. Әрине, қызыл қораздай тектіге екі тауық аужал бола ма, бауырындағы ақ тауық пен қара тауықты місе тұтпайды. Кейде бір үйір аңсап, өзгеше бір дауыспен шақыратыны болушы еді. Сол дауыс құлақтарына шалынысымен, осы көшенің мекиендері жанұшырып жетеді ғой. Ақ тауық, қара тауық шұбар тауық, жағал тауық. Қаптап кетеді, санаған ешкім жоқ, кейде он бес, жиырмаға дейін баратын шығар. Қайсысы қай қорадан келгенін кім біліпті, Зағипаның білетіні, әйтеуір, бәрі осы аулаға кеп туады. Қорасының қуыс-қуысынан күн сайын бір етек жұмыртқа жинап алады. Еруліге-қарулы, күніне бір уақыт қыдырмашы тауықтарға жем шашып қоятыны бар. Зағипаның ойынша өзі кеп туған қорадағы жұмыртқаны алу ұрлыққа жатпайды. Тауық өзгенікі болғанымен, қораз өзінікі. Ол немелер жұмыртқаны күлге аунап тауып па? Бұл да – қызыл қораздың еңбегі.
Ал “еңбегі” демекші, қызыл қораздың қайратында қапы жоқ. Өз қорасында қораздары бар ма, жоқ па, әйтеуір тауықтар осы қызыл қораз үшін келеді ғой. Ол байғұстар да аңсап, сусап келетін болар, қызыл қоразды көрген бетте мекиендер қанаттарын қомдап, жалпайып жата кетеді. Осыдан кейін жұмыртқа тумай көр! Жұмыртқа тауар кезде мекиендердің «жырлайтыны» бар. Зағипа соны аңдып отырады да, жаңағы “жыршы” тауықты бұрыш-бұрышына сабан төселген бұрынғы сиыр қораға енгізе қояды… Қазір жұмыртқа қымбаттады. Несін айтасың, қызыл қораздың үйірі осы үйдің керек-жарағын қамдап тұр.
Соңғы бірер жылда Зағипаның шаруасы өрге басып, осылай жүріп жатқан. Қыдырмашы тауықтарға іздеуші, сұраушы болмаған соң, «мына жұмыртқаны туған кімнің тауығы» деп Зағипа да жар сала қойған жоқ. Шүкір, көршілерінің бәрі бақуат, жақсы тұрады. Тауыққа күні қарап тұрғандары некен-саяқ. Бәрі де осы қалпында кете берер ме еді, қайтер еді, көрші қорадағы Ұрқия кемпір шырықты бұзып, шу шығармағанда. Ұрқияның ежелден-ақ Зағипаға қаны қас, жұлдызы қарсы. Көптен жиналған іштегі зілі болса керек, осы жолы талағы тарс айрылып, бомбадай жарылды. Әйел заты қырық жылғы кегін ұмытпайды екен ғой. Бүгінгі тауықтың дауына баяғы байының дауы қосылып, ескі жараны қайта қоздырғаны.
– Сен қатын біреудің дүниесін қымқырғанды қашан қоясың? Баяғыда еркектің жұмыртқасына құмартып байымызды қас пен көздің арасында қақтап сауып ала қоюшы едің. Енді қартайғанда тауықтың жұмыртқасына ауыз салдың ба? – деп қақпадан шаптыға кірді Ұрқия.
– Оттама, қайдағы жұмыртқа тантып тұрғаның? Тауығыңның артын маған күзеттіріп қойып па едің? – деп, мына жақтан Зағипа да өре түрегелген. – Сенің қораңа аттап баспағалы қай заман. «Өзі жарымағанның сарқытын ішпе» деп, керек еді маған сенің жұмыртқаң!
– Өзің барып алмасаң, қораңда қызыл көз қораз ұстап отырсың. Сол жинап алады тауық біткенді. Менің тауықтарым кейінгі кезде үйде жұмыртқалауды қойды. Осы қораға келеді де, жұмыртқасын ылғи да саған тастап кетеді…
Осыны айтып, бет-аузын әжім айғыздаған, шүйкедей қара кемпір екі бүйірін таянған күйі, өзінен әлдеқайда биік, әлі де өңі таймаған, толықша келген Зағипаға төне жақындады. Мына қалыптарында шаштан алысып, бет жыртысуға бар еді.
– Ендеше, өз тауықтарыңа ие болмай неғып жүрсің? – деді Зағипа мазақтағандай, Ұрқияның бетіне күле қарап.
– Өздерің дені дұрыс қораз ұстамаған сон, байға жарымаған «жәлептерің» құшырын қандыру үшін осында келсе келіп жүрген де… Одан да, көп оттамай қоразымның еңбегін төлеңдер! Өзің сияқты қақпыш кәрілерге жұмыртқа тудыру оңай дейсің бе?!
– Жұмыртқаны қымқырғаның аздай, енді бұзақы қоразыңа ақы алмақ екенсің ғой? – деді күйіп кеткен Ұрқия одан ары жақындай түсіп.
– Ақы алса несі бар екен? Сиырларыңды қашырғаны үшін жеке меншік бұқаға да ақы төлейсіңдер ғой. Қораз одан кем бе екен?
– Сен өйтіп сөзді басқаға бұрма, – деді Ұрқия ызадан аузына жөнді сөз түспей.
– Қатындар айтады ғой: сені апта сайын дүкенге қырық-елу жұмыртқа өткізетін көрінесің. Соның бәрін екі тауығың қалай туып жүр?
– Онда жұмысың болмасын! – деді Зағипа да өршеленіп. – Осы сендер апта сайын қой сойып жатасыңдар, қораларыңа мая-мая шөп үйіп, қырманнан машина толы астық түсіріп жатасыңдар. Соларды «қайдан алдың, кімнен қымқырдың» деп сұрамаймыз ғой. Бүгін келіп, менің қоразыма көзің түсе қалыпты…
Зағипаның нені меңзеп тұрғанын Ұрқия да түсінді. Оның ұлдары шетінен саудагер, ауқатты, берсе қолынан, бермесе жолынан алатын пысықтар болатын. «Бизнесмен» дейді екен ғой ондайларды… Өзінің осал жерінен шәп бергенде, Ұрқияның аузына сөз түспей қалды
– Сен қатынды ма… Бәлем тұра тұр! Сенімен ертең учасковиді ертіп келіп, бір-ақ сөйлесемін. Не мен тұрармын, не қызыл қораз тұрар бұл ауылда! – деп тұлан тұтып, бұрқыраған күйі есіктен шыға жөнелді.
«Е, мейлі, учасковий келсе шауып алар деймісің» деп сабыр сақтаған Зағипа бір уақ баяғы жастық кезін еске алды. Оған түрткі болған – жаңағы Ұрқияның «байымды қақтап сауып алушы едің» деген сөзі. Иә, Ұрқияның айтып тұрғаны жобаға келеді. Күйеуі Сәдуақастың осы Ұрқияны менсінбей, бұлғақтап жүрген кезі. Совхоздың бас зоотехнигі қызметін атқаратын сол жігіттің ептеген серілігі де бар еді… Онда күйеуінен ерте жесір қалған Зағипаның жап-жас кезі. Күйеуі Төлеген милицияда істейтінді. Ұрыларды ұстаймын деп жүргенде, пышақтап кетті ғой марқұмды. Ал, Зағипа екі жасар қызын құшақтап қала берген.
Жас жесір Зағипаның екінші рет тұрмысқа шығуы да мүмкін еді. Сөз салып, құда түсушілер болмады емес, болды. Оған бөгет болған – манағы Ұрқияның байы Сәдуақас қой. Сәдуақас өле ғашық Зағипаға. Осы маңайдағы жігіттің бәрінен қызғанады. Кейде жайлаудан түнделетіп келіп, өз үйіне бармай, Зағипаға түсетін. Екі торсық қымыз бен бағланның етін ала келіп, екі-үш күн жатады осында. Обалы нешік, еркектік қуаты мықты еді… Зағипа оны «қақтап сауып алайын» деп пе, Сәдуақастың өзі ғой – желімдей жабысып алатын… Осы қатынастары он жылға дейін үзілген жоқ. Кейін ол басқа совхозға ауысқанда да, ара-тұра келіп тұратын. Жақсы азамат еді, Зағипаға тұрмыстық жақтан көмектесіп тұрды. Опасыз жалған деген осы, бес-алты жылдың алдында сол Сәдуақас та өтіп кетті дүниеден. Қазақта «жан қимақ болса да, жар қимақ жоқ» деген сөз бар. Баяғыда бастан өткен жастық кешуін ұмытпай, құлғанадай қуып жүргені сол ғой Ұрқияның. Күйеуінің аруағын сыйласа, ескі жараны жаңғыртпай-ақ қоймай ма.
Ертеңінде Ұрқия шынында да, учасковиді ертіп келді. Ол да – осы ауылдың баласы. Жеті жылдықтан соң ары қарай оқымай, көшеде доп қуып жүрген көп «боқмұрынның» бірі еді. Әскерден келген соң қалада бір-екі жыл оқып, иығына «лейтенант» деген пагон жапсырып қайтты. Ол да Зағипаны жақсы біледі. Қызмет бабында құрбан болған милиционердің жесірі деп, мейрам күндері хал сұрап тұратыны бар
Бұл жолы Ұрқия жалғыз емес, қасына тағы да төрт-бес қатын ертіп келіпті. Бәрі жан-жақтан шуылдап, Зағипаны түтіп жеп қоя жаздады. Әрқайсысы жеті атасынан тауық өсіріп келгендей, азын-аулақ тауықтың жұмыртқасы болмаса өлетіндей өршеленіп, көкбеттеніп алыпты.
– Бәріміздің қарап отырғанымыз – бес-алты тауықтың жұмыртқасы. Бізге енді соны да бұйыртпайын дедің бе?
– Көршінің тауығын қорасына қамап тудырды деген не сұмдық?!
– Осы қатында тауықтардың басын айналдырып алатын бір Донжуан қораз бар дейді. Соны әкелсінші көрейік…
– Көршінің тауығына қырындайтын, моралдық жақтан ұстамсыз, ондай бұзақы қораздың басын шабу керек қой! – десіп, Зағипаның кішкентай ауласын бастарына көтерді.
Зағипа мана сәскеде әлдеқандай заман болады деп, екі тауық пен қоразды үйшігіне қамап тастаған. Сонысы дұрыс болыпты, әйтпесе, мына қатындардың көзіне түссе, қызыл қоразды тірідей жұлып жейтін түрлері бар…
– Осында жыртық-тесіктен жылтыңдап кіріп алатын тауық көп. Солардың қайсысына қарауыл болам? – деді Зағипа есесін жібермей. – Сендердің қаңғырған тауықтарыңның күйітін басам деп, жалғыз қоразым жүдеп барады… Кеше мына Ұрқияға айтқам: сиырларыңды қашырғаны үшін жеке меншік бұқаға ақы төлейтіндерің сияқты, менің қоразымның да еңбегіне ақы төлеңдер!
Ақыры, кімнің сөзін жөнге шығарарын білмей, учаскелік полицейдің басы қатты. Былайша, заңды әжептәуір білгенімен, өмірдегі көп келеңсіздіктер біздің заңдарымызда қарастырылмаған ғой. Мекиенді заңсыз меншіктеп алған қоразды қойып, жеңіл жүрісті жезөкшелер де «қылмыс кодексіне» кірмей қалыпты. Себебі, ондайлар бұрын бізде болмаған ғой. Ал, мына жағдайда кімді кіналау керек? Осы қораға шарбақтың жыртық-тесігінен кіріп алатын тауықтарды ма, әлде бөтен біреудің тауығына «жігітшілік» жасаған қоразды ма? Айтпақшы, ол тауықтарды Зағипа зорлап әкелген жоқ қой. Қораз да өзгенің қорасына басып кірген емес. Мекиендер жүрек қалауымен, әлдебір зәрулікпен өздері келіп тұр. Тауықтардың шағлысуы «қорлау-зорлау» деген статьяға жатпайды. Ал, жұмыртқа… Оны да Зағипа біреуден ұрлап алған жоқ. Қорасына келіп туып кеткен жұмыртқаны кім теріп алмайды.
Сонымен, қойшы әйтеуір, учаскови ары ойлап, бері ойлап көріп, ешкімді де кіналы деп таппай, «жұмыртқа дауы осымен бітсін, бұдан кейін әркім өз тауығына ие болсын» деген қаулы шығарды.
Осы қаулыдан кейін дау-дамай басылып, ауыл іші біраз тыншығандай болған. Зағипаның ауласына қаптап кіріп алатын тауықтар да сирей бастады. Сірә, зәтте болған көршілер тауықтарын үйшікке қамап, сыртқа шығармай отырса керек. Бірақ бұл тыныштық та ұзаққа бармады. Тауық байқұсты қашанғы тар үйшікке қамап отырады? Төрт-бес күн өткен соң оларды аулаға шығарған. Ауылда кім қорасын айнала қамал соғып қойды дейсің. Сол баяғы салабасы шыққан жыртық-тесік қоршау… Учасковыйдың қаулысынан хабарсыз мекиендер қызыл қоразды әлі ұмыта алмаса керек. Аңсатқан таныс дауыс естілісімен Зағипаның ауласына қарай зытты ғой бишаралар. Үйірі қайта толған қызыл қораз өз миссиясын ақаусыз атқарып жүр. Өзі бұрынғыдан да айдынданып, құлпыра түскен. Зағипаның да базары жүріп тұр. Күн сайын етек-етек жұмыртқа…
Зағипа бір күні әдеттегідей ауыл дүкеніне жұмыртқа өткізіп тұрған-ды. Ойда жоқта Ұрқия кемпір ұшырасып қалды. Өңінен жертезек болып жеңілгендік, шарасыздық байқалады. Қайтсын байқұс, ол тағы да қызыл қоразсыз тұра алмайтын тауықтардың дауын көтеріп, учасковиге барған екен. Жұмыстан қажып отырған ол:
– Қойыңызшы, шешей!.. Сіздің тауықтың жұмыртқасын аңдымақ түгіл, мен қазір ту биені түгімен, камаздарды жүгімен жұтатын тажалдарды ұстай алмай, басым қатып жүр. Бұдан кейін маған жұмыртқа жайында, тауықтардың ашынасы – қызыл қораз туралы ауыз ашушы болмаңдар! – деп Ұрқияны қуып шығыпты. Мұны кеңсеге бірге барған қатындардың бірі Зағипаға сол күні жеткізген.
Алайда Ұрқия әлі де сыр берер емес. Араларында ештеңе болмағандай, Зағипаға жайраңдай жақындады.
– Әй, қатын, құдай біледі, андағы жұмыртқаның қақ жартысын біздің тауықтар туған шығар-ау! – деді күле тіл қатып. – Тым құрса «мал сілекейі» деп түскен пайдадан маған да бірдеңе ұсынбайсың ба?!
– Осы сен қатынның да дауы бітпейдІ екен! – деді Зағипа да сәл жұмсарған үнмен. – Баяғыда байыңның ізін аңдып, шу шығарушы едің. Енді тауықтың к…ін аңдитын болғансың ба?
– Дегенмен, шындықты айтшы, андағы жұмыртқаның бәрін өз тауығың тумаған шығар, ә?
– Қайт дейсің, бұл да – құдайдың маған берген несібесі,- деді Зиғипа жеңген адамның әдетімен пейілін кеңге салып. – «Құдайдың өз жанынан берері жоқ, біреудікін біреуге аударып береді» дейді ғой.
Бұл кезде Зағипа сатушыдан әжептәуір ақша алып жатқан. Ішінен екі жүз теңгелігін бөлек алды да:
– Мә, сен де құр қалмашы, сұғың өтіп жүрер, – деп Ұрқияға ұсынды. Бұл – ауылда он жұмыртқаның құны еді.
Бергенді кім жек көрсін, Ұрқия шырайланып қалды.
– Қыз-ау! – деді бұрынғыдан ары жақындай түсіп. «Әй, қатынды» қойып, баяғы жас кездерін еске салып тұр. – Тауығы да, жұмыртқасы да құрысын. Әйтеуір, қу дүниені қимай айтамыз да… Сен одан да мынаны айтшы…
– Иә, нені сұрайын деп едің? – деді Зағипа аңтарылып.
– Сен жас кезіңде келбетті болдың ғой. Салт басты, жесір әйел дегендей… Енді жасырмай айтшы, менің байым өзі келді ме саған, әлде сен ыңғай таныттың ба?
– Оны қайтейін деп едің?
– Зағипа оған ажырая қарады.
– Баяғыда марқұм боп кеткен байыңды, сен қатын, әлі қызғанасың ба?
– Жоға, жәй, біле жүрейін дегенім де, – деді Ұрқия қипақтап.
– Маған Сәдуақасқа сен жабысып алғандай көрінетінсің.
– Жабысып алған – мен емес, байыңның өзі! – деді Зағипа өзін осы арада тағы да үстем сезініп.
– Сәдуақастың сырын білесің ғой – қадалған жерінен қан алатын. Саған «жайлауға, не отгонға кеттім» дейтін де біздің үйден шықпай жатып алатын. Не керек, тәуір-ақ сайрандадық қой Сәкең екеуіміз…
Осы сөздің ауыздан шығуы мұң екен, кенет Ұрқияның әжім айғыздаған өңі бұзылып, шырайында бір тамшы қан қалмай, сұрланып кетті:
– Иә, білем… Осы сен қатынның-ақ ұпайы түгел, қашанда ұтыста жүресің? – деді көгіс тартқан ерні дір-дір етіп. – Жұрттың байы да – сенікі, тауығы мен жұмыртқасы да – сенікі… Қызыл қоразың анау -мекиендерге маза бермейтін…
Соны айтты да, дүкеннің есігін тарс жауып шықты да кетті. Зағипа не істерін білмей аңырды да қалды. Жаңағы қатынның адамша сөйлесіп тұрып, аяқастынан бұзылғаны несі? Бәрі кейін мәлім болды ғой, сөйтсе, Зағипаға жылы ұшырап, жақындасып жүргені – Ұрқияның тағы бір қыры екен. Бұған деген қырық жылғы кегін ұмытпапты. Ішіндегі шор боп қатқан мәңгілік мұз ерімепті. Ертеңінде-ақ Ұрқия: «Зағипа ұрлығын мойындады. Дүкенде ұрлығының үстінен түсіп едім, сасқанынан жарты ақшасын маған берді» деп бүкіл ауылға жайыпты.
Зағипа «мейлі, айта берсін» деп қойған-ды. Алайда, кек қайтарып, өш алу мұнымен де бітпеген екен. Сұмдығын соңына сақтапты. Арада тағы бір апта өткенде, қызыл қораз аяқ астынан ғайып болды. Мекиендерге ілесіп, көрші қоралардың біріне кірді ме деп, Зағипа әркімдерден сұрастырып еді, «көрдім-білдім» деген бір жан шықпады. Қызыл қораздың да өткен жылғы қасқа сиырдың кебін кигені анық. Бұл қастықтың Ұрқиядан келгенінде күмән жоқ. Бұл заманда айғақ-дәлелмен мойнына қоймасаң, ұрыны ұстау мүмкін емес екен ғой. Учаскелік полицейге арызданып еді, ол да Ұрқияға ештеме істей алмады.
Бұрын кім білген, қоразсыз қораның сәні болмайды екен. Зағипаның ауласы құлаққа ұрған таңадай жым-жырт, қаңырады да қалды. Қызыл қораздың уақ-уақ ауланы басына көтеріп, шақырғаны қандай еді! Енді соның дауысына зар болды.
Ал, бұл кезде осы көшенің қатындары Ұрқия кемпірдің үйіне жиналып, өз жеңістерін тойлап жатыр еді. Алдарында әртүрлі шарап, қызыл қораздың етінен сарымсақтап, бұрыштап әзірлеген ащы қуырдақ… Бұлардың қызыл қоразға өшіккені сонша, етін түк қалдырмай жеп, жіліктері мен қанатына дейін шөпектеп мұжып қойды. Сол күні өздерінен бір елі артықты көре алмайтын қызғаншақ, күншіл әйелдердің көңілдері орнына бір түсті-ау! Ал, Ұрқияның көптен бері тұяқ серіппей, алаңсыз ұйықтағаны осы шығар.
Бұл күндері талай құқайды көрген Зағипа да қамсыз емес-ті. Қызыл қораздың әлдеқашан өңештен өтіп кеткеніне көзі жеткен соң, көп бөгелмей облыс орталығындағы құс фабрикасына аттанған. Сәті түссе, дәл қызыл қораздан айнымайтын, асыл тұқымды қораз сатып әкелмек.