Күллі мұсылман қауымы асыға күтетін ұлық мейрамның басталуына санаулы күн қалды. Ораза айттан кейін 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылатын бұл мейрамда миллиондаған отбасы құрбандық шалып, мол сауап жинауға асығады. Осыған орай діни еңбектер негізінде Құрбан айт мерекесінің ислам дініндегі маңызына тоқталып, құрбандыққа шалынатын малға қатысты Қызылорда орталық «Нұр» мешітің бас имамы Сүлейменов Берікпен сұхбаттасып көрдік.

– Берік Мәдиұлы, алдымен айт күнінің артықшылығы туралы айтып берсеңіз?

Құрбан айт – барша мұсылман әлемінің қадір тұтқан мейрамы. Биыл арапа 15-і маусымға, ал құрбан айт 16-ы маусымға сай келеді.  Аталмыш мереке сол күні айт намазын оқумен басталады. Жалпы, «Құрбан» сөзінің өзі «жақындау», «жақын болу» деген мағына береді. Діни термин ретінде бұл белгілі бір уақытта Алла Тағалаға ғибадат жасау ниетімен малды құрбанға шалу дегенді білдіреді. Сондықтан бұл мейрамда мұсылмандар жуынып, таза киімін киіп, мешітке айт намазына келеді. Айт намазын оқып болғаннан кейін бір-бірін құшақтап, өкпе-реніші болса кешіреді. Алланың разылығы үшін ізгі жандар құрбандық малдарын сойып, оның етін тұрмысы төмен, көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылатын отбасыларға, т.б. мұқтаж жандарға таратып береді.

⁠Құрбандық малын шалудың шариғаттағы үкімі қандай?

Ханафи мазһабына сәйкес, құрбандық шалу шамасы жеткен мұсылманға, яғни 85 гр алтынның құнындай байлығы бар мұсылманға уәжіп (міндет) болып табылады. Оған «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» деген Құран аятын, сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын» деген хадисін дәлел ретінде айтуға болады. Құрбан шалу міндет болу үшін ең алдымен ол адам мұсылман болуы керек. Жұмысқа қабілетті, кәмелеттік жасқа толған әрі зекет төлейтіндей негізгі қажеттерден тыс дүние-мүлікке (жоғарыда айтылғандай, 85 гр алтынның құнына тең немесе одан көп) ие болуы қажет. Жалпы, құрбандық шалудың шариғи шарттарын біреу білсе, біреу білмейді. Мал союдың да өзіндік мәдениеті бар. Ең алдымен, құрбандық малы сол жағымен құбылаға қаратып жатқызылады. Содан соң қасапшы «Бисмилләһи, Аллааһу әкбар» дейді. Малды иегінің астынан өңешін, кеңірдегін және күре тамырларын кесе отырып бауыздайды. Малды бауыздап жатқанда «Бисмилләһ» сөзін әдейі айтпай қойса, ол малдың етін жеуге болмайды. Құрбандықты айт намазынан кейін шалу керек. Бірақ, қандай да бір себептермен бірінші күні құрбандық шала алмаған адам, екінші күні және де үшінші күні, күн батқанға дейін құрбан шалуына болады.

– ⁠Құрбандыққа мал соймай, орнына малдың құнын ақшалай садақа ретінде берсе бола ма?

Құрбандық шалу – бұл Аллаға құлшылық жасау әрекеті. Бұл рәсімнің тарихы сонау Ибраһим Пайғамбардың кезінен бастау алады. Алла Тағала Ибраһим Пайғамбарды (оған Алланың сәлемі болсын) сынау үшін және барлық мұсылмандарға Аллаға бағынудың үлгісін көрсету үшін оған ұлы Исмаилды құрбандыққа шалуға әмір етеді. Ибраһим Пайғамбар ұлын құрбандыққа шалуға дайын тұрғанда, Алла Тағала оның өзіне қалтқысыз бой ұсынуына риза болып, құрбандыққа шалуға жерге бір қошқарды түсіріп, Исмаилдың өмірін сақтап қалған. Мінеки, құрбан шалу ар­қылы адам Аллаға түгелдей бағынатынын және Пайғамбарлардың жолы­мен жүретінін көрсетеді. Сол себепті, құрбан шалу үрдісінің өзі маңызды. Малдың құнын ақшалай беруге болмайды.

Құрбанды қай уақытта шалу керек? Айттың алдында бір күн бұрын, немесе айт намазына дейін шалынған құрбандық қабыл ма?

Құрбан шалу рәсімінің қатаң белгіленген өз уақыты бар. Ол Құрбан айт күні  айт намазы мен айт құтпасы оқылып болған соң басталады. Құрбан шалуды айт намазына дейін немесе бір күн бұрын орындағанның құрбандығы жарамсыз болады. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алланың алдындағы ең ұлы күн Құрбан айт күні, ал содан соң одан кейін келетін күн»,- деп айтқан. Яғни, Құрбанды жылдың ең ұлы күні болған Құрбан айт күні шалған жақсырақ екеніне күмән жоқ. Құрбан шалу рәсімін айт намазы аяқталғаннан бастап, үшінші күннің асыр намазына дейін орындауға болады. Ілгергі мұсылмандар айт намазы оқылған күннен кейін тағы үш күн құрбандық етін кептіретін болған. Сол күндерді «ташриқ» деп атаған. Сондықтан құрбан шалу рәсімі осы «ташриқ» күндерінде орындалады.

Құрбандық малы қандай болу керек? Қандай мал құрбан шалуға жарамайды?

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құрбандық ретінде төрт түрлі малды шалуға болмайды: ақауы айқын бір көзді малды; ауруы айқын ауру малды; ақсақтығы айқын ақсақ малды; және әлсіздігі айқын арық малды»,-деген. Осы төрт кемістіктер туралы барлық ғалымдар бірауызды келісімде екендігін айта кеткен жөн. Ғалымдар: «егер бір көзді мал рұқсат етілмесе, онда соқыр мал тіпті рұқсат етілмейді. Әрі егер ақсақ мал рұқсат етілмесе, онда аяқсыз мал тіпті рұқсат етілмейді»,- дегенді айтады. Егер мал оны сатып алғаннан кейін зақым-кемістік алса, оны құрбандыққа шалса болады. Ханафи мазхабының ғалымдары осы мәселені нақтылап, Құрбандыққа  мынандай малдар «жарамсыз» деген:

– Бір көзі соқыр;

– Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде әлсіз;

– Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген;

– Тістерінің көбі түсіп қалған;

– Емшектерінің басы жұлынып қалған;

– Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған;

Жағдайы бар, Құрбан шалуы міндетті  болған кісінің құрбандық малында аталған кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал өзіне құрбан шалу міндетті болмаған (жағдайы келмейтін), бірақ сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Өйткені, кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл (міндетті болмаған) құрбандық. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.

Құрбандық малының етін қалайша дұрыс үйлестіру керек?

Аса Құдіретті Алла Тағала былай деген: «Сонда қашан олардың жамбастары жерге тисе жеңдер де, мұқтажға да, мұқтаж емеске де жегізіңдер». Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрбандық малына қатысты: «Жеңдер, жегізіңдер әрі қамданыңдар», – деген. Ал құрбандық малының етін бөлудің ең жақсы үлгісі – бұл Ибн Аббастан жеткізілетін мына хадис: (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Еттің үштен бір бөлігін өзіңе қалдыру керек, үштен бір бөлігін қонақтарға жегізу керек, ал тағы үштен бір бөлігін мұқтаждарға тарату керек».

– ⁠Соңғы сауал, әрбір адам құрбан айтты қалай өткізген жөн?

Құрбан айт бұл қайырымдылыққа үндейтін мейрам. Осы күндері  мерекелік ас пісіріп, туған-туысқандарыңызды, достарыңыз­ды шақырған абзал. Өз­де­­ріңіз де ағайындары­ңыз­дың үйлеріне қонаққа баруыңызға болады. Ең бас­­тысы, адамдар оның мейрам екендігін сезінуі тиіс. Алла Тағала  баршамыздың құрбандыққа шалған малдарымызды қабыл етіп, сауаптан болатын амал жасауды нәсіп етсін!

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Мұхаммедшах Маратұлы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған