Сот жүйесі мемлекеттік биліктің маңызды тармағы ретінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғай отырып, заман талабына сай реформаларды жүргізіп, қызметін үнемі жетілдіріп келеді.
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында сот жүйесі әділдікті барынша объективті, ашық және жария түрде жүзеге асырады. Сондықтан, сот жүйесіндегі іргелі жобалар мен жаңашылдықтар жүзеге асырылып отырады.
Сондай жаңашылдықтардың бірі ретінде «сот демалыстары» жобасын атап өтуге болады. Бұл 2019 жылдан бастап сот ісін жүргізуге біртіндеп енгізіліп келе жатқан Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының іргелі жобаларының бірегейі. Аталған жобаны алғашқылардың бірі болып Қостанай облысының соттары жүзеге асырды. Тәжірибе көрсеткендей, жоба жазғы демалыс кезінде соттың жұмысын ұйымдастыруға өте ұтымды болып отыр.
Жоспарға сай, аталған жоба биыл еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі соттарда жүзеге асырылады.
Жобаның қолданылу қағидатына сәйкес, судьялар мен сот қызметкерлері белгілі бір мерзімде бір уақытта демалысқа шығады. Олар болмаған кезде талап қоюларды қабылдау және бөлу, шұғыл іс жүргізу әрекеттерін қабылдау, талап қоюларды қайтарумен кезекші судьялар айналысатын болады. Сонымен қатар, олар сот орындаушыларының әрекеттеріне санкция беріп, жаңадан келіп түскен талаптарды бөледі. Демалыстан оралғаннан кейін судьялар мен сот қызметкерлері істерді әдеттегідей қарауды жалғастырады.
Мұндай жұмыс жүйесі азаматтарға өте ыңғайлы болып табылады. Себебі, олар сот демалысының мерзімін алдын ала біле отырып, жазғы уақытта сотқа жүгіну мерзімін жоспарлай алады.
Республиканың әрбір азаматына мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды және өзге де адамдардың Конституцияда және елдің заңында көзделген құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін немесе шектейтін кез келген заңсыз шешімдері мен әрекеттерінен сот арқылы қорғалуына кепілдік беріледі.
Сондықтан, сот жүйесіндегі мұндай іргелі жобалар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Бұл пилоттық жоба Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасында, Қызылорда қалалық және мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарында 2024 жылғы 15 шілде және 23 тамыз аралығында жүргізіледі.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.