Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Досан ауылында медициналық бекет салтанатты түрде ашылды. Шаһар басшысы Серік Қожаниязов ауыл тұрғындарын жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтап, денсаулық сақтау саласындағы келелі істерге тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» – деп, елдің басты құндылығы – адам денсаулығын дамытуды алға қойды. Бүгінде қаламызда ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің қолдауымен, аймақ басшысының үйлестіруімен осы бағыттағы ауқымды жұмыстар жүйелі жүзеге асып келеді. Оның нақты дәлелі, жыл басында көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы құрылып, денсаулық сақтау саласына қажетті аса қымбат дәрі-дәрмектер алынды. Сонымен қатар құны 1 млрд. 100 млн. теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешен іске қосылды. Медициналық кешенде компьютерлі томограф, цифрлық рентген, ультрадыбыстық аппарат қаралған. Ең ауқымды жоба шаһарда 36 млрд. 400 млн. теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл ауруханадан бөлек, жақын күндері құны 2 млрд. 900 млн. теңгені құрайтын облыстық Қан орталығы пайдалануға беріледі. Осының барлығы халық денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмыстардың нәтижесі, – деді Серік Қожаниязов.
Жаңа нысан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында бой көтерді. Оның құрылысына 138 млн. теңге жұмсалды. Мердігер – «Интегрострой» ЖШС-гі. Медициналық бекетте 7 қызметкер жұмыс істейді. Іс-шарада медицина саласының үздігі, «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері Сағындық Шамшиев тұрғындарды құттықтап, игі тілегін білдірді. Сондай-ақ, мердігер мекеме өкілдері мен ауыл азаматтары марапатқа ие болды.
Осы іс-шарадан кейін қала әкімі Серік Қожаниязов «Қосшыңырау» ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Онда шаһар басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстардан хабардар етіп, ауыл азаматтарының өтініш-тілектерін тыңдады.
– Менің есімім Сәндігүл Досжанов. Осы ауылдық округтің тұрғынымын. Шылаушын өсіретін кәсібім бар. Биогомус жасаймыз. Өздеріңіз білетін шығарсыздар, біздің өңіріміздің жері шаршаған. Еккен талымыз шықпайды. 3 жылдан бері биогомуспен айналысамыз. Қалада автобуспен жүрген кезімде сол жағалауға барсаң «тыржалаңаш», ештеңе жоқ. Біздің биогомусымызды неге пайдаланбайды екен деген ой келеді. Біздің биогомусымызды пайдаланамыз десеңіздер дайын.
– Сіздің жеріміз шаршаған дегеніңізге келіспеймін. Басқа өңірлерге қарағанда бізде талдың шығуы қиын. Бірақ та көркейтіп-көгалдандыру жұмыстары жасалып жатыр. Биылдан бастап «Жасыл Қызылорда» мекемесі құрылды. Талдарды егу, көркейту-көгалдандыру сынды жұмыстарды атқаратын болады,-деді қала әкімі.
– Досан ауылында ашылған амбулаториямыз құтты болсын! Ауылымызда 1987 жылы пайдалануға берілген №138 мектеп бар. Мен сол мектепте 36 жыл жұмыс жасадым. Сол мектебімізге күрделі жөндеу жұмысы қажет. Тағы бір мәселе Досан ауылына талапқа сай электр желісін тартып берсеңіздер.
– Биыл ауылдық округті дамытуға барлық бюджет көздерінен 867 млн. 900 мың теңге қарастырылып отыр. Соған сай ауқымды жобаларымыз бар. Абай ауылына жабық спорт кешенінің құрылысына жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал, №138 мектепке күрделі жөндеу жүргізу орынды. Алдағы уақытта оның да түйіні шешілуі тиіс. Электр желісін тарту бойынша республикалық бюджеттен 50 млн. теңге бөлінді. Мердігер «Техсервис» ЖШС болып табылды, – деп шаһар басшысы заң шеңберінде шешілуі тиіс шаралар бойынша сала мамандарына тапсырма берді.
Жиын соңында ардагерлер шаһар басшысының ауылға жасаған әрбір қолдауына ризашылығын білдірді.
Мұхаммедшах Маратұлы