Бір құрбымның ғұмырымен бірге бір дәуір көшкендей хәлде отырмын. Алмагүл-ғұмыр таусылып, оның мәңгі аңыз-ғұмыры басталды. Ой, жалған-ай! Кеше ғана еді ғой телефон шалып мені қасына шақырып алғаны…”Қатира, бүгін түсте үйге кел, ешқандай сылтау айтушы болма, қалайда келетін бол!” деді. Бардым. Кешке дейін әдемі әңгіме-дүкен құрысып отырдық, өткенді де, бүгінгіні де қалдырған жоқпыз. Алға қойған біраз жоспарлары бар екен, өмір сүруге деген құлшыныс айырықша байқалып тұрды. Көңіл-күйі де әдеттегіден жоғары еді, саңқылдаған дауысымен мені де өзімен ілестіре едәуір көтеріп тастады. Алты айға жуық ауыр науқаспен арпалысқан Алекең ешкімді мазаламай, арыстан-мінезімен өтті өмірден. Кешегі екеуара сырласуымыз оның соңғы бой жазуы екенін қайдан білейін? Бақұл болыңыз, сырдың жолбарыс жүректі қайсар қызы! Алдыңыз жарық, топырағыңыз мамық болсын!!!
Қатира ЖӘЛЕНОВА
Сыр халқы бүгін ауыр қазаға душар болды. «Парасат», «Құрмет» ордендерінің, «Ерен еңбегі үшін» және бірнеше медальдардың иегері, Қазақстан Республикасы Мәслихаттарының Құрметті депутаты, Қызылорда облысының, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанова қайтпас сапарға аттанды.
Алмагүл Божанова 1946 жылы 14 наурызда Тереңөзек ауданы Қызылөзек ауылында дүниеге келген. Елді мекеніндегі №132 орталау мектебінде білім алып, М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесін және Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. 1964-1972 жылдары Тереңөзек ауданындағы Шаған ауылында балабақшаның меңгерушісі, Бесөзек ауылындағы мектепте мұғалім болып істеді. 1972-1977 жылдары аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1977-1983 жылдары А.Тоқмағанбетов ауылында мектеп директоры болды. 1983-1992 жылдары аудандық партия комитетінің хатшысы, халық депутаттары Тереңөзек ауданы Кеңесі атқару комитетінің орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарды. 1992-1999 жылдары Тереңөзек ауданының әкімі болып, аудан дамуына еңбек сіңірді. 1999 және 2003 жылы облыстық Мәслихаттың депутаты, хатшысы болып сайланды.
Тағылымды тағдыр иесі өңірдегі бекем бірлік пен тату тірлікті қамтамасыз ету, аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, жастарға дұрыс тәлім-тәрбие мен бағыт-бағдар беру бағытындағы жұмыстардың барлығының басы-қасынан табылып, жергілікті атқарушы билікке көп қолдау көрсетті. Өмірлік мол тәжірибесі, ақыл[1]кеңесі жергілікті биліктің жұмысының алға жылжуына тікелей әсер етті. Ардақты жан өзінің ақыл-парасатымен, білімімен, қайраткерлік қарым-қабілетімен абырой биігіне көтерілді.
Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі ретінде көптеген мақалалары республикалық, облыстық, аудандық басылым беттерінде жарияланды. «Ердің бағын жандырған Ер Балдырған», «Сыр елім – Жерұйығым», «Сенім жүгі», «Аңыз, абыз адам», «Құдірет пен қасиет», «Көпір», «Сырым мен шыным», «Ғасыр үні», «Ел ардақтылары» атты кітаптары жарық көрді.
Өмірінің соңына дейін қоғамдық іс-шаралардың ортасында жүріп, Қызылорда облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің жұмысын жүргізді. Аймақта тағылымды, тәрбиелі іс-шараларды ұйымдастырып, сол арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше еңбек сіңірді.
Артына өшпес із қалдырған Алмагүл Божанованың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Ағайын-туыстарының орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Сырдария ауданының әкімдігі, аудандық мәслихат, «AMANAT» партиясының аудандық филиалы, аудандық ардагерлер кеңесі, аудандық қоғамдық кеңес