Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың, мәдени-шығармашылық байқаулардың жеңімпаздарымен кездесті.

Аймақ басшысы дарынды жастарды жарқын жетістіктерімен құттықтап, оларға арман-мақсаттарына жетуіне тілектестік білдірді.

– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы білім сапасы табысты ұлт болудың маңызды шарты екенін, әрбір оқушының сапалы білім, тағылымды тәрбие алуы, жан-жақты дамуы үшін елімізде барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен өңіріміздің білім саласында ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда.

Дарынды оқушылардың олимпиадалық резерв мектебін қалыптастыру мақсатында жыл бойы «Сыр дарыны» оқу-жаттығу жиыны өтеді. Бұл жобаға облыстық бюджеттен 75 млн. теңге қаржы қаралды. Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданында өткен жылы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар жұмысын бастады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қорқыт Ата университеті базасында Корея Республикасы Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі құрылды. Бұл Қызылорда облысының ғана емес, еліміздің білім саласындағы айтулы жетістік болды. Биылдан бастап өңірдің барлық елді мекеніндегі мәдениет үйлерінен жастарды отаншылдық және мемлекетшілдікке, патриоттыққа тәрбиелейтін түрлі бағыттағы үйірмелері бар «Адал адам» орталықтары құрылып, жұмыс жасауда. Бұл бастамалардың барлығы балаларымыздың лайықты білім алуына, өмірлік маңызды дағдыларды үйренуіне жол ашады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыс әкімі өз сөзінде талапты, ұшқыр ойлы жастарды тәрбиелеген ұлағатты ұстаздарға да алғыс білдірді.

Еркін пікір алмасу барысында оқушылар аймақ басшысынан бала күнгі армандарын, өздері секілді озық ойлы жастарға айтар ақыл-кеңесін сұрады. Сырдария ауданы, №210 орта мектебінің 11 «А» сынып оқушысы Асылжан Абдуллаев өз тәжірибесін бөлісіп, қатарластарына лебізін білдірді. Асылжан Astana Hub IT паркінің ұйымдастыруымен өткен «Digital Almaty-2023» халықаралық цифрлық форумында жасанды интеллектті алғаш рет қазақша сөйлетіп, Astana Hub Battle 2023 «Best Media project» «QazaqGPT» бағдарламасы бойынша үздік деп танылды.

Кездесу соңында оқушылар мен олардың ұстаздарына облыс әкімінің Алғыс хаты және планшет табысталды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған