Биыл Сыр спортшылары әлемдік ареналарда өнер көрсетіп, облыс қоржынына 54 медаль салса, республикалық чемпионаттар мен кубоктардан 245 жүлде иеленді. Басты жетістік Қамшыбек Қоңқабаев бокстан, Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен Париж олимпиадасына, отырып ойнау волейболынан қос бірдей спортшы Эрик Қасқабаев пен Шыңғыс Медеуов паралимпиадаға жолдама алды. Дзюдо, парадзюдодан да үміткерлер бар.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы Жалаңтөс баһадүр көшесінің бойында орналасқан «Шұғыла» спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Аймақ басшысы тұрғындарды құттықтап, өңірдің спорт саласындағы жетістіктеріне тоқталды.
– «Өткен жылы аймаққа арнайы сапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жас спортшылармен кездесуінде «Спортпен шұғылдану керек. Әсіресе, өздеріңіз сияқты жастарымыздың дені сау, мықты азамат болып өсуі қажет. Жастардың дені сау болса, мемлекет те қуатты болады» деген еді. Спорт елдің мерейін тасытып, жеңімпаздық рух сыйлайды, жастарды табандылыққа, тәртіпке баулиды.
Президентіміздің, Үкіметтің қолдауының арқасында өңірлер арасында көшбасшылар қатарынан көрініп келеміз. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 300 орынға арналған 21 мектеп салынуда. Былтыр 10 мектептің құрылысы басталса, биыл тағы 11 мектептің құрылысы жүргізіледі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өткен жылы елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталды.
Спорттық нысандар құрылысы да қарқын алды. Қызылорда қаласында құны 2 млрд. 700 млн. теңге болатын үстел теннисі орталығының құрылысы жүруде. Сырдарияның сол жағалауынан халықаралық стандарттарға сай, жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды, 10 мың орындық жаңа стадионның іргетасы қаланды. Былтыр 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне табысталды, биыл аудандарда 15 кешенді қолданысқа береміз», – деді аймақ басшысы.
Рәсімде жаңа спорт кешенін ашып, жастар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосқан «Нұрай» ЖШС директоры Сейітқали Алшынбаев облыстың ең жоғары марапаты “Құрмет Грамотасымен” марапатталды.
Іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы сөз сөйлеп, қызылордалықтарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
Спорт кешені 350 орындық, 1,7 млрд теңгеге салынған, жалпы ауданы 2700 шаршы метр. Онда таэквондо, хореография, үстел теннисі, футбол, волейбол, баскетбол, қазақша күрес, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелері болады. Аумағында шағын футбол алаңы және автотұрақ бар.