Осы жылы алғаш рет Астана қаласында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты және ЕҚЫҰ (Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) бағдарламалар кеңесінің ұйымдастыруымен «Әйел-судьялар: кәсіби тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастық» тақырыбында семинар өткізілді.
Оған Жоғарғы Соттың, Қазақстан және Қырғыз Конституциялық сотының судьялары, Республика соттарының қоғаммен байланыс жөніндегі үйлестіруші-судьялары қатысты.
Мен де аталған семинарға қатысып, әріптестермен жүздесіп, өзара пікір алмасып, сот жүйесіндегі өзекті тақырыптарды ортаға салдық. Бұл ынтымақтастық қарым-қатынасқа негізделген еркін форматтағы шара болды.
Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасы институтын нығайту мәселелері семинардың басты тақырыбына айналды.
Әйел-судьялар сот жүйесінде ерлермен қатар қызмет атқарып, қызметте қатал да әділетті, шыншыл мінезімен заңның үстемдігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеп жүрсе, үйде отбасының ұйытқысы болып, бала-шағасын тәрбиелеп, үй шаруашылығына үлгеріп жүрген нәзік жандылар қандай құрметке де лайықты.
Семинар барысында Жоғарғы Сот төрағасы А.Мерғалиев өз тарапынан әйел-судьялардың шыдамды, байсалды болып келетіні, дана шешімдер қабылдап, отбасылық, тұрмыстық даулардың неліктен туындалатынын түсініп, әрбір жанжалды татулықпен шешуге басымдық беретінін атап өтті. Мұның бәрі әйел-судьялардың үйде отбасының ынтымағын сақтап, даулардың азаюына, сотқа деген сенімді арттыруға ерекше көңіл бөлетінін көрсетеді.
Конституциялық сот төрағасы Э.Әзімова осы жиында әйелдердің сот жүйесінде ерлермен тең дәрежеде қызмет атқаруы шешім қабылдау кезінде мән-жайлар мен дәлелдемелердің толық зерттеуін қамтамасыз ету үшін маңызды екенін атап өтті.
Осы жиында сот төрелігі саласында Қазақстан судья-әйелдерінің қауымдастығын құру туралы бастама көтеріліп, осы бойынша түрлі пікірлер айтылды.
Жиында «Қырғыз әйел-судьяларының ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі өз тәжірибесімен бөлісті. Құрылғанына 10 жыл болған бұл бірлестіктің жетістіктері көңіл қуантарлықтай.
Әсіресе, бірлестіктің әйелдер мен балалардың, қарт кісілердің сот төрелігіне қол жетімділігін қамтамасыз ету, даулардың себеп-салдарын анықтау мақсатында көптеген талдаулар жасайтыны, бұл мақсатта сараптамалар жасауы қатты ұнады. Бұл елде зорлық-зомбылық экстремизмін болдырмау, мемлекеттік органдарда жыныстық тиісушілікке жол бермеу, ерте неке құру мәселелері, осы бойынша қаралған істердің сот тәжірибесін мұқият зерделеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, бұл бірлестік әйел-судьялардың әлеуметтік мәселелерін шешуге де көмектескен. Осы бойынша судья-әйелдерге жылдам және кезексіз медициналық көмек көрсету, мектеп жасына дейінгі балаларын балабалақшаға орналастыру мәселелері дұрыс жолға қойылғаны мақтанышпен айтылды. Еңбек демалысын ұйымдастыру, спортпен айналысу бағыттары да, зейнеткерлікке шыққан, доғарысқа кеткен апалардың тез бейімделу кезеңін ұйымдастыру мәселелері де шешімін тапқан.
Құрамында 115 әйел-судьядан тұратын бұл бірлестіктің Қырғыз елінің қоғамдық өмірінде маңызды рөл атқаратынын байқадық.
Әрине, сот істерін қарауда судьяларды ер азамат және әйел деп бөлуден аулақпыз. Дегенмен, әйел-судьялардың сезімталдығы, ептілігі, түйсігі мен танымы даулар бойынша дана шешім қабылдауға зор ықпалын тигізері сөзсіз. Сондықтан, бүгінгі күні отбасы мен қызметті қатар алып жүрген әйел-судьялардың жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөліну керек деп ойлаймын.
Бұл семинарда айтылған мәселелер әрбірімізге қатысты болғандықтан, семинарға қатысқан нәзік жандылардың жүрегін жылытты.
Шолпан Маликова, Қызылорда облыстық сотының судьясы