Полиция департаменті тұрғын үй комиссиясының шешімімен полиция қызметкері К. тұрғын үй төлемдеріне мұқтаж емес деп танылған. Мұндай шешім оның келіншегінің атына тұрғын үй тіркелуіне байланысты қабылданған.
Полиция қызметкері бұл шешіммен келіспей, әкімшілік талаппен сотқа жүгінген. Ол талабында кәмелетке толмаған 5 баласы бар екенін, өзінің атында жылжымайтын мүлік тіркелмегенін көрсетіп, тұрғын үйге мұқтаж деп танып, тұрғын үй төлемін тағайындауды міндеттеуді сұраған.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен полиция қызметкерінің талабы қанағаттандырылған.
Полиция департаменті бірінші саты сотының бұл шешімімен келіспей, облыстық соттың әкімшілік сот алқасына апелляциялық шағыммен жүгінген.
Сот алқасы істің мән-жайын толық зерттеді. Сонымен тұрғын үй комиссиясы келіншектің атына тіркелген тұрғын үйдің белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сай келетінін тексермеген.
Заң талаптарына сәйкес, азамат басқа тұрғын үй алғанның өзінде де тұрғын үйге мұқтаждықтың өлшемшарттары болған кезде, мемлекеттің қолдауына сенім артуға құқылы.
Мемлекет кепілдендірілген игіліктерге сәйкес, жеті адамнан тұратын отбасы үшін тұрғын үй алаңының ең аз мөлшері кемінде бір жүз бес шаршы метр болуы керек.
Бұл жағдайда тұрғын үй комиссиясы полиция қызметкерінің жұбайына тиесілі екі бөлмелі тұрғын үй жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтінін ескермеген.
Осыған байланысты, сот алқасы полиция қызметкерінің тұрғын үйге мұқтаж деп тану туралы өтінішін қарау барысында полиция департаментінің тұрғын үй комиссиясы тарапынан объективтілік, мөлшерлестік қағидаттары бұзылған деген тұжырымға келді.
Осылайша, әкімшілік сот алқасы бірінші саты сотының шешімін өзгеріссіз, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.
Шолпан Маликова, Қызылорда облыстық сотының судьясы