Заң нормаларын көп адамдардың бірден түсіне бермесі анық. Бүгінгідей үздіксіз ақпарат заманында азаматтарымыздың шынайы мәліметтерге қол жеткізуі өте маңызды. Сондықтан, қазіргі таңда сот жүйесінде мемлекеттік тілде іс жүргізу және түсіндірме жасау бағытына ерекше мән беріліп отыр.

    Жыл озған сайын сот жүйесінде мемлекеттік тілде қаралатын істердің саны артып отыр. Бұл сотқа жүгінетін азаматтардың басым бөлігі қазақ тілінде арыз-шағым береді деген сөз. Мемлекеттік тілге қажеттілік пен сұраныстың артуы қазақ тіліндегі сот актілерінің, хат-хабарламалар мен түсіндірмелердің сауатты жазылуына деген талапты күшейтіп отыр.

     Сауатты әрі түсінікті жазылған сот актілері мен заң түсіндірмелері халқымыздың құқықтық сауатын арттырып, алаяқтардың арбауына түсіп қалудан сақтайды.

     Қызылорда облыстық соты да өз кезегінде сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге ерекше мән беріп отыр. Осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекеттік тілде қаралатын істер бойынша сот актілерінің сауатты жазылуы баса назарға алынған. Қазақ тілінде қаралатын істерді көбейту, жас судьялардың шеберліктерін шыңдау мақсатында көптеген іс-шаралар өткізіледі.

     Сондай іс-шаралардың бірі өткен аптада Қызылорда облыстық сотында өткізілді. Оған филолог маман, университет оқытушысы Б.Әбдірасылова арнайы келді. Ол ресми мәтіндерді, іс қағаздарын жазу барысында сөздер мен синтаксистік құрылымдарды дұрыс қолдану туралы баяндап берді.

     Сонымен қатар, қазақтың тілінің көркемдігін, әсемдігін, ауқымдылығын анық көрсете білген ұлы ақынымыз Абайдың қара сөздерінен диктант жазу шарасы өткізілді. Сергіту сәті ретінде өткізілген шараға ізімізді жалғап келе жатқан жас судьяларымыз бен мамандарымыз қатысты.

    Абайдың дәуіріне, көркем әдебиетімізге терең бойлау үшін диктант жазу шарасына біз де белсене қатысып, ана тіліміздің шексіз әдемілігіне, сұлулығына, шұрайлылығына тағы бір мәрте тәнті болдық. 

    Қазақ тілінің көңілге қонымды, ойға орамды, ең бай әрі әсерлі, бейнелі тіл екенін әлемнің көптеген ұлы ғалымдары мойындаған. Осыдан-ақ ана тіліміздің қаншалықты бағалы, құнды екенін білеміз.

    Біз бабамыздан асыл мұра болып келе жатқан ана тіліміздің тазалығын сақтауымыз қажет. Әлем елдері қызығып отырған тіліміздің құндылығын жоғалтпай, сауатты қолдана білуіміз керек. Бұл мақсат тек сот жүйесіне ғана емес, жалпы қоғамға ортақ міндет болып қала береді.

 

Шолпан Маликова, Қызылорда облыстық сотының судьясы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған