Аймағымызда соңғы кездері көптеген спорт клубтары, спорттық жаттығу-ойын кешендері, стадиондар ашылып, спортқа жақын жұрттың мәртебесі бір көтеріліп қалды. Спорт деген де халықтың қажеттілігі, сұранысы. Соған орай облыста осы салаға қатысты соңғы жылдардағы игі шараларды, жақсы жаңалықтар туралы облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Жанмұрат Сейіловпен әңгіме-сұхбат жасадық.
– Спорт жүйелі жұмысты қажет ететіні сөзсіз.
– Аймақ көрсеткішінде жыл сайын оң динамика байқалады. Мысалы биыл салаға бөлінген қаржы көлемі 17 096,1 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 19,4 пайызға артты. Аталған қаржы мемлекеттік спорттық тапсырысқа, кәсіпқой спорт клубтарға, спортшылардың іс-сапар шығындарына, мемлекеттік-жекешелік әріптестікке және бұқаралық спортқа қаралды.
– Спортқа салынған инвестицияның жалпы қаржыландырудағы үлесі қандай?
– Аймақ басшысының қолдауымен түрлі салада инвестиция тарту қарқынды жүруде. Осы ретте спорт саласында да демеушілер есебінен шамамен 500,0 мың және 900,0 мың теңге болатын 2 спорт кешенінің құрылысы жоспарлануда.
– Бұқаралық спорт түрімен айналысушылар қаншалықты көбейді?
– Өткен жылы облыста жүйелі дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар үлесі 39 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылда 2,7 пайызға артқан. Алдағы уақытта әлі де жүйелі жұмыс жалғасын таппақ.
Сондай-ақ көзделген нысаналы индикаторларды кезең-кезеңімен орындау мақсатында 2030 жылға қарай тұрғындардың мекен-жайлары бойынша балалар жасөспірімдер клубымен дене шынықтыру клубтарының санын арттыру көзделуде.
– Соңғы екі жылда қанша нысан салынды? Жөнделді?
– 2023 жылы Қызылорда қаласы мен аудандардан 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы пайдалануға берілсе, 2024-2025 жылдары жоба құны 20,9 млрд теңге болатын заманауи стадион, 6,1 млрд. теңгеге 50 метрлік жүзу бассейіні бар көпбейінді дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 2,7 млрд теңгеге үстел теннисі орталығы салынуда. Оған қоса ауылдық елді мекендерде 4,7 млрд. теңге болатын 12 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы салынуда.
– Спорт мақтаныштары туралы…
– Сыр спортының саңлақтары облысымыздың мерейін республикалық жарыстарда ғана емес, халықаралық ареналарда да асқақтатып келгені белгілі. Сыр спортын әлемдік деңгейде дәріптеген тұңғыштардың қатарын велоспорттан әлем чемпионы Марат Сатыбалдиев бастаса чемпиондар мен жүлдегерлер шеруін Жамал Бозова, Ермек Көкетов, Илья Ильин, Жанар Жанзунова, Ұлан Рысқұл, Сыбай Рүстем, Лептиков Виктор, Әбдірахманов Ғалымжан, Алмас Өтешов, Александр Зайчиков, Жауынтаев Бауыржан, Шамшадин Мағжан, Диас Бахрадин, Оразалыұлы Олжас, Қоңқабаев Қамшыбек, Ниязбеков Дәулет, Өсербаев Ғалымжан, Елеусінов Хакимжан, Далиева Әсел, Серікбай Әсел, Элизабет Тұрсынбаева, Жаңбырбай Мөлдір сынды спортшыларымыз облыс абыройын жоғары көтеріп келеді.
– Футбол туралы…
– Аймағымызда 55 мыңнан астам адам әлем жанкүйерлер бірінші спорт түрі деп танитын футболға ынталы. Бұл көрсеткіштiң кәсіби жетістікке ғана емес, бұқаралық спортты дамытуға да көмегі зор.
Өңіріміздің «Қайсар» футбол клубының жанынан орталықта 600-ден астам жастар аталған спорт түрінің қыр сырын кәсіби тұрғыда меңгеруде. Жасөспірімдерге УЕФА-ның талабына сәйкес А,В,С категориялы 26 бапкер қызмет көрсетеді. 2014 жылдан бастап қызмет атқарып келе жатқан орталық «Қайсардың» құрамына бірнеше футболшыны даярлап шығарды. Алдағы кезеңдерде де футболды дамыту үшін «Қайсар» футбол орталығының жұмысын одан әрі академияға ұластырып, балалар фуболының дамуына оң динамика жасау қажет. Бүгінде «Қайсар» футбол клубы Академия құруға байланысты алғашқы жұмыстарын бастап кетті.
Атап айтқанда балалар футболын дамыту мақсатында биылдан бастап «Қайсар» футбол орталығына әлемдегі ең мықты клубтар саналатын «Барселона», «Милан», «Ливерпуль», «Рома», «Андрелехт» секілді командаларда тәжірибе жинақтаған білікті мамандар Игорь Шпанера мен Дмитрий Васильевті шақырттық. Олар бапкерлер мен футболшылардың деңгейі мен шеберлігін шыңдауда. Футбол орталығындағы тәрбиленушілерді жігерлендіру мақсатында үздік ойын көрсеткен футболшыларға шәкіртақы тағайындауды жоспарлаудамыз.
– Ең бастысы жергілікті биліктің қаржылық, рухани қолдауы спортшыларды жеңіске жетелейді. Тіпті, ойын алдында әкімнің төбе көрсетуі ойыншыларды жігерлендіріп жатады. Билік басындағылар стадион, ойын алаңдарына жиі барады ма?
– Әрине, Сыр өңірі қашанда байрақты бәсекелер өткізуге қолайлы өңір саналады. Сондықтан облыста жыл сайын түрлі дәрежедегі спорт сайыстары үздіксіз ұйымдастырылуда. Аймақ басшысы да айтулы шараларға көрермен, жанкүйер ретінде қатысып, спортсүйер қауымға сәттілік тілейді. Бұл жастарға спортпен айналысуға шабыт сыйлап, мемлекет тарапынан жүйелі қолдау барын байқатады.
– Жанкүйерлерді жіктесек: жастар, ересектер, үлкендер арасында қайсысы көп?
– Атап өткенімдей, жыл сайын спортқа қызығушылық танытатындар саны артып келеді. Әсіресе, жастардың ынтасы жоғары. Мысалы, додаларда жергілікті командаларды қолдауға барған жанкүйерлерге көз салсаңыз, арасында жастардың үлесі басым екенін аңдайсыз. Бұл спортпен айналысуға, спортқа қызығушылық танытуға мүмкіндік жасаған ауқымды жобалардың нәтижесі екені анық.
– Бұрынғыдан бөлек жаңа спорт түрлері қалай дамуда? Мәселен, дария жағасында тұрғанымызбен жүзу білмейміз.
– Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің жағасында орналасқанымен спорттың жүзу түрі айтарлықтай дамыды дей алмаймыз. Бұған бірден бір себеп әлемдік стандартқа сай жүзу бассейні мен білікті жаттықтырушының тапшылығы. Облыс бойынша талапқа сай 50 метрлік жүзу бассейні тек Байқоңыр қаласында. Аталған мәселені шешу мақсатында Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа заманауи жүзу бассейіні бар көпбейінді дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы салынуда. Қазіргі таңда қаламыздағы спорт мектебінде 3 жаттықтырушы 127 спортшыға жүзуден оқу-жаттығу процесін өткізуде.
– Әңгімеңізге рахмет.