Үкіметтің кезекті отырысында Экология және Табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биыл жаз қатты ыстық болады, содан да өрт қаупі зор деді.
Ресми ақпарат бойынша өткен жылы Министрліктің табиғат қорғау ұйымдары үшін шамамен 9,0 млрд теңге сомаға 25 өрт сөндіру автокөлігі, 51 шағын өрт сөндіру кешені, 154 трактор, 73 патрульдік автокөлігі және 655 бірлік өртке қарсы жабдықтар сатып алынған. Әкімдіктер жалпы сомасы 6,6 млрд теңгеге 20 өрт сөндіру автокөлік, 127 трактор және 76 патрульдік автокөлік сатып алған.
Негізі бұған дейін орман шаруашылығын материалдық-техникалық жарақтандыруға мұндай қаржы көлемі бөлінбеген.
Биыл Кешенді жоспар аясында материалдық-техникалық жарақтандыру жұмыстары жалғасып келеді. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттен 3,8 млрд теңге, министрліктің табиғатты қорғау мекемелері үшін 15,4 млрд теңге бөлінген.
– Сонымен қатар өкінішке қарай, өз шешімін таппай отырған бірқатар түйткілді мәселелер бар. Пайда болған орман өрттеріне шара қолданудың жеделдігі олардың уақтылы анықталуына байланысты. Еліміздің орман мекемелерінің кейбірінде өрт бақылау мұнараларының саны нормативтерге сәйкес келмейді. Ең нашар жағдай Павлодар, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген. Осыған байланысты облыс әкімдіктеріне өрт бақылау мұнараларын орнату және жөндеу шараларын қабылдау қажет», — деді министр осы жиында.
Оның айтуынша өртке қарсы дайындық жағдайының төмен болуының негізгі себептері орман өрт сөндіру стансаларының болмауы; өрт сөндіру автокөліктерімен, тракторлармен, радиостансалармен және құрал-саймандармен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі.
Орман күзетінің жеке құрамы санының жетіспеушілігі де өзекті мәселе. Орман орналастыру материалдарына сәйкес орман күзетінің жеке құрамдарының саны Ақмола облысында 504 бірлікке және Шығыс Қазақстан облысында 833 бірлікке тапшы. Бұл жағдай ормандарды өрттен қорғауға да кері әсерін тигізетіні сөзсіз.
Өрттерді сөндіру үшін орман шаруашылықтарының балансында 275 өрт сөндіру автокөлігі бар, бұл қолданыстағы тиісті норманың шамамен 111%-ын құрайды. Алайда оның 198 өрт сөндіру автокөлігі немесе 72%-ы есептен шығарылатын техника санатына жатады. Тексеру қорытындылары бойынша елімізде 158 бірлік жүрмейтін техника бары анықталды. Бүгінгі таңда орман иеленушілер 121 бірлік техниканы жөндеп қатарға қосты, қалғандары жөнделіп жатыр.
Бүгінде орман қорғау мекемелері қызметкерлерінің жалақысын көтеру – маңызды мәселелердің бірі. Өткен жылы мемлекеттік орман күзеті қызметкерлеріне үстемеақы төлеу туралы шешім қабылданды, бұл міндеттемелерді орындау үшін қосымша 3,8 млрд теңге мәселесі Қаржы министрлігімен пысықталуда екен.
Қазгидрометтің ақпараты бойынша биылғы жаз әдеттен тыс ыстық болады деп болжам жасалуда. Осыған байланысты облыстар әкімдіктері ормандарда өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша барлық шараларды қабылдауы қажет.