Заңның тілін, соттың тілін екінің бірі түсіне бермейтіні анық. Ал, сот баспасөзі және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қиыннан қиыстырылып, ресми стильде, құрмалас сөйлемдермен, құқық терминдерімен жазылған заңның талаптарын қарапайым сөздермен оқуға жеңіл, көңілге қонымды етіп қайта жазып, халықтың жүрегіне жеткізіп келеді.
Еліміздің сот жүйесі бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан құрылымдардың біріне жатады. Республикалық, облыстық, аудандық газет-журналдар, телеарналар мен радиолар арқылы сот саласындағы соңғы жаңалықтар мен заңдарға енгізілген өзгерістер тұрақты түрде жарияланып отырады.
Әсіресе, қазақ тіліндегі заң түсіндірмелерінің маңызы зор. Себебі, жыл озған сайын мемлекеттік тілде ақпарат алуға ниетті оқырмандардың саны артып келеді.
Қазақтың көрнекті ғалымы, Алаш қайраткері, қазақ тілі білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» – деп бұқаралық ақпарат құралдарының халық үшін қаншалықты маңызды екендігін осылайша бағалаған.
Газет-журналдар, телеарна, радиолар және тағы басқа ақпарат жеткізу түрлері елдегі және шет елдегі соңғы жаңалықтарды оқырман назарына жеткізеді. Осы арқылы халықтың көз ашық, көкірегі ояу, білімді, ұрпағымыз сауатты бола түседі. Сол үшін де бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі қоғамда қашан да маңызды рөлге ие. Сондықтан да, еліміздің сот жүйесінде ақпараттандыру бағытына ерекше ден қойылған.
Сот десе, адамдардың көз алдына бірден ауыр картиналар келеді. Түрі сұсты судья, жанұшыра айғайлаған дауыстар, жанардан ытқыған жас, темір тор… Иә, еліміздің соттары осындай ауыр сәттерді бастан өткере отырып, заңның сақталуын қамтамасыз етеді.
Қазір – ақпараттың дәуірі. Ақпарат ағымының толассыздығы соншалық, тіс қаққан мамандардың өзі оған ілесе алмайтындай күнге жетті. Бірақ, өкініштісі, сол ақпараттардың арасында дұрысы да, бұрысы да өріп жүр. Қайсысына сеніп, қайсысына бет бұрарыңды білмей қаласың.
Әсіресе, қазіргідей алаяқтақтардың қаптаған заманында дұрыс ақпарат алудың маңызы өте зор. Ең бастысы, азаматтарымыз адаспайтындай, сан соғып қалмайтындай болуы керек. Сондықтан, тұрғындардың басым көпшілігіне түсінікті тілмен ақпарат жеткізе білу өткір тұрған мәселелердің бірі.
Атап өткеніміздей, сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану ерекше рөлге ие. Қазақ тілінде ақпарат алатын тұрғындардың саны артқан. Бұл мәселеде сот баспасөзі де маңызды қызмет атқарады. Себебі, соттарда қаралған істер бойынша халықты баспасөз қызметі ақпараттандырады. Заңдарды түсіндіріп, жауапкершілікті жеткізеді. Сол арқылы алдау-арбауға түсудің алдын алып, жаңа қылмыстардың болуына жол бермейді.
Өздеріңізге белгілі, ақпараттандыру жұмысы асқан шеберлікті талап етеді. Бір сөз дұрыс қолданылмаса, болмашы қателіктен заң талабы басқа мағынада сипат алып кетуі мүмкін. Ал, бұл түптеп келгенде, азаматтарымыздың дұрыс ақпарат алмай, адасуына әкеп соғады.
Соттарда қаралған істердің тәжірибесін, заң нормаларын қазақы дүниетанымымызға сай қарапайым сөздермен халық назарына жеткізу – бүгінгі күні сот жүйесінің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Менің түсінігімде, бұл – жауапкершілік жүгі ауыр қызмет. Былай айтқанда, халық пен заң арасында алтын көпір болу деген сөз.
Қате айтылған бір сөз – қоғамды адастырады. Қоғам адасса, заң сақталмайды. Заң сақталмаса, хаос болады. Сондықтан, заң нормаларын түсіндіруде алғырлық, аңғарымпаздық, білім мен сауаттылық, жан-жақтылық талап етіледі.
Айта кетерлігі, заман алға жылжыған сайын, халыққа ақпарат жеткізудің жаңа түрлері пайда бола бастады. Ақпараттық технологиялар кеңінен дамып келе жатыр. Ақпарат таратушы ретінде әлеуметтік желілер жаңа күшке ие болып, маңыздылығы арта түсуде.
Бұл ретте сот жүйесі де заманның талабына лайықталып, ақпарат жеткізудің жаңа түрлеріне көшіп келе жатқаны белгілі. Әлеуметтік желілер арқылы заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен саладағы жаңашылдықтар халықтың назарына жеткізіле бастады.
Әлеуметтік желілерді қолдану – ақпарат жеткізудің ыңғайлы түрі болып есептеледі. Әр адамның қолында жеке ұялы телефон бар. Смартфон арқылы әлеуметтік желілерге тіркеліп, сот саласына қатысты қажетті ақпараттарды кез-келген адам көріп, оқып, мәлімет ала алады.
Республика соттарында, оның ішінде Қызылорда облысының соттарында әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы сот жүйесінің ақпараттарымен бөлісу тәжірибесі қалыптасып, күнделікті жаңалықтар жарияланып, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытындағы жұмыстар жүзеге асырылып отыр. Әсіресе, түсіндірме жұмыстары тиімді жүргізіліп келеді. Мысалы, көп адам біле бермейтін талап қою арыздарын беру, алимент өндіру тәртібі туралы көлемді әрі маңызды түсіндірмелер жиі жасалады.
Сонымен қатар, қазіргі таңда соттардың парақшаларынан қазақ тіліндегі анимациялық, мультипликациялық бейнероликтерді жиі көретін болдық. Сол арқылы заң нормалары түсіндіріліп, онлайн сұхбаттар ұйымдастырылып, татуластыру тетіктерін дәріптеуге арналған деректі материалдар жасалып, оқырмандарға ұсынылып отыр.
Бұдан шығатын қорытынды, заман алға жылжыған сайын, уақыт талабына ілесіп, ана тілімізде ақпарат жеткізудің жаңа түрлерін қолдана отырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізе берген жөн. Себебі, сот саласының басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау болып табылады. Ал, оның заң шеңберіндегі тәртібін түсіндіруге ақпарат жеткізудің ыңғайлы түрлерінің барлығын қолдануға тиіспіз.
Бірақ, әлеуметтік желілердің дамуы газет-журналдар, телеарналар мен радиоларды мүлдем ысырып тастау дегенді білдірмейді. Газет-журналдардағы көлемді мақалалар, телеарналар мен радиолардағы мазмұнды сұхбаттар қашан да қоғам үшін өзекті болып қала береді. Тек ақпарат жеткізудің барлық бағытын тең ұстап, заман талабына лайықтала бергеніміз жөн.
Бұл ретте халыққа түсінікті, қарапайым тілмен ақпарат жеткізу сот жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді.
Нұргүл Нұрбайқызы,
Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша
Департаментінің бас маманы