Жаңақорғанда «Қамқорлық» орталығы ашылады
Өткен аптада ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келдi. Іс-сапар барысында алдымен Ақмарал Шәрiпбайқызы облыс әкімінiң орынбасары Данияр Жаналинов және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаковпен бiрге Жаңақорған ауданында ашылатын «Қамқорлық» оңалту орталығының алдағы уақыттағы атқарылатын жұмыс барысымен танысты.
Одан соң Жаңақорған аудандық көпбейінді орталық ауруханасының патронаждық қызмет көрсету жүйесін көрді. Аудандық аурухана бас дәрігері ана мен бала денсаулығын қорғау ісі жөніндегі орынбасары Ғалия Туребаева патронаждық қызметтің жетістіктері мен кедергілері, алдағы қойылған мақсаттары бойынша баяндады. Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әрі қарай патронаждық қызметті, сәби өлімінің алдын алу бойынша жұмыстарды одан әрі жақсартуды тапсырып, аудандағы денсаулық сақтау саласының жұмысына оң бағасын бердi.
Сапар барысында Ақмарал Шәрiпбайқызы аудандық емханаға келуші тұрғындармен кездесіп, халық денсаулығын қорғау мақсатында министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтты. Өз ретінде ауыл тұрғындары Денсаулық сақтау министрі мен медицина қызметкерлерiне ризашылықтарын білдірді.
245 төсек орынға арналған Жаңақорған аудандық көп бейінді орталық ауруханасы цифрлы рентген, флюорография, маммография, ультрадыбыстық зерттеу, бронхоскоп, эндоскопиялық жүйе, уретроскоп, цистоуретроскоп, аудиологиялық қондырғы, электрокардиограф аппараттары және видеоэндоскопия, стоматологиялық рентгендік жүйесімен қамтылған.
Алдағы уақытта Жаңақорған ауданында «Қамқорлық» оңалту орталығы церебральды сал ауруы және тірек-қимыл аппараты аурулары кезінде омыртқа мен буындардың жүру және қозғалу дағдыларын қалпына келтіруге, неврологиялық, нейрохирургиялық және кардиохирургиялық науқас балаларға оңалту ем-шаралары жүргізетiн болады.
«Қамқорлық» оңалту орталығы әр баланың ауру ерекшеліктерін ескере отырып, қозғалыс дағдыларын дамытудың заманауи технологияларын қолданатын болады, яғни оңалтудың арнайы техникалық құралдары, тренажерлер, аппараттар мен аппараттық-бағдарламалық кешендер қолданылады. Сонымен қатар 50 төсекорын болып ашылатын «Қамқорлық» оңалту орталығында дефектолог, логопед, психолог, физиотерапевт, эрготерапевт, механотерапия, бальнеотерапия, емдік-профилактикалық, шунгитті, тұзды, сенсорлы және интерактивті бөлме қызмет көрсетеді.
Бірден-бір аудан..
Мұнан кейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың Қызылорда облысына жұмыс сапары Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында жалғасты.
Ақмарал Шәріпбайқызы аудандық аурухана қабылдау бөлімінде сала мамандарымен кездесті. Одан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков жалпы баяндама жасады. Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі басқарма басшысының баяндамасына оң баға бердi.
Сапар одан әрі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша салынған «Бала би» ауылдық дәрігерлік амбулаториясында жалғасты. Онда жақында пайдалануға берілген жаңа ғимаратты аралап, аймақ дәрігерлерінiң амбулатория жөніндегі анықтамалары тыңдалып, тиісті мамандарға министр тарапынан педиатрия саласын әрi қарай дамыту, әр аймақта патронаж мейірбикелерінің болуын қадағалау тапсырылды.
Аудандағы сапар соңында Бала би ауылының тұрғындары Денсаулық сақтау министріне ауыл iшiнен барлық медициналық сапалы қызмет көрсету жағдайы жасалған жаңа ғимараттың пайдалануға берілгеніне, сонымен қатар медицина қызметкерліне өз ризашылықтарын жеткiздi. 294 төсекорынға арналған Шиелі аудандық көп бейінді орталық ауруханасы медициналық құрал жабдықтармен толық қамтамасыз етiлген.
Ауруханада қабылдау, жансақтау, хирургия, травматология, терапия, неврология, кардиология, перзентхана, жүктілік, босандыру, жаңа туылғандар патологиясы, гинекология, реабилитация, жұқпалы аурулар, инсульттік, паллиативтік көмек және психиатриялық бөлiмшелерi жұмыс жасайды.
Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасы халыққа медициналық қызмет көрсету жұмысы жолға қойылған бiрден бiр аудан болып табылады.
А.Әлназарова: Халықтан келетін арызшағымның басым көпшілігі емханалардың қызметіне қатысты болып отыр
Мұнан кейін Ақмарал Әлназарова Сыр еліне жұмыс сапары туралы Өңірлік Коммуникациялар қызметінің алаңында БАҚ өкілдеріне брифинг берді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ауылдық елді мекендердегі бастапқы медициналық-санитариялық көмектің сапасын арттыру жобасы қолға алынған болатын. Бұдан бөлек медицина саласында көрсетілетін қызметтер мен МӘМС жүйесін жүйелендіру аясында жүзеге асырылуда. Осыған байланысты біздің министрлік облыстардағы медицина саласының әлеуетін арттыруды және Ұлттық бағдарламалардың тиімділігін жүзеге асыруды оңтайландыруда. Біздің саладағы ең өзекті мәселелердің бірі – медицина саласының мамандарының жетіспеушілігі. Қазіргі таңда Қызылорда облысының өзінде 150-ден астам дәрігер маман жетіспейді. Осыған сәйкес, медициналық оқу орындарының ректорларымен бірлесіп, облыс әкімдігі және облыстық денсаулық сақтау басқармаларының қолдауы арқасында білім алып жатқан студенттердің өңірлерге келіп жұмыс істеуіне мол мүмкіндік сыйлауда. Тағы бір өзекті мәселе елімізде жүрек-қан тамырлары ауруымен ауыратын азаматтардың көбеюі. Сондықтан да аталған аурудың алдын алу және азаматтарымыздың денсаулығын жақсарту бағытындағы тиісті жұмыстар қолға алынды. Бүгінгі жұмыс сапарының негізгі мақсаты – өңірдегі денсаулық сақтау саласының жұмысымен танысу және осындағы халықпен кездесу. Жалпы соңғы үш жылда денсаулық сақтау саласына қатысты халықтан келіп түсетін арыз-шағымдар еселеп артқан. Осы себепті осы арыз-шағымдарға тиісті сараптама жасалып, себептері анықталды. Нәтижесінде, халықтан келетін арыз-шағымның басым көпшілігі емханалардың қызметіне қатысты болып отыр. Бұдан бөлек жолдама алудағы қиындықтар, медициналық көмекпен қамтылудағы тексерістердің ұзақтағы тағы бар. Осы аталған мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге жұмыс жасаудамыз. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласындағы бірқатар заңдарға өзгеріс енгізу басталып кетті, – деді Ақмарал Әлназарова.
Медицина қызметкерлерімен кездесті
Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Әлназарова Ақмарал Шәрiпбайқызы көпбейінді облыстық аурухана мәжіліс залында аймақ дәрігерлерiмен кездесті.
Министрді медицина саласының үздігі, құрметтi ардагер Тұрғанбай Маханов күтіп алып, көпбейінді облыстық аурухананың алдағы мақсаттарымен де таныстырып өтті.
Мәжіліс залында дәрігерлермен болған кездесуге облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков және барша медицина қызметкерлері қатысты.
Жиында әр медицина салалары бойынша баяндамалар жасалды. Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі медициналық қызмет жетістіктеріне ризашылығын білдіріп, мамандардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Жиын соңында Ақмарал Шәрiпбайқызы сала мамандарына сапалы медициналық қызмет көрсетуді одан әрі арттыруды және профилактикалық егу жұмысын жүйелi жүргiзудi тапсырды.
Тұрғындарды жеке қабылдаған министр…
Денсаулық сақтау министрінің Сыр өңіріне жұмыс сапары «Достық үйінде» тұрғындармен кездесуден аяқталды. Онда медицина саласының жұмыс барасымен алдағы жоспары және тұрғындардың мәселесі тыңдалды. Алдымен облыс әкімінің орынбасары Данияр Жаналинов сөз сөйлеп, денсаулық сақтау мининстрі Ақмарал Әлназароваға алдағы жұмысына сәттілік тілеп, сөз кезегін берді.
– Министрлік халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту мақсатында халықтың ұсыныс-пікірлерiне талдау жүргізiп, ұдайы жұмыс жасап келедi. Мәселен, біз қолданыстағы анықтамалардың 27 түрін 2 есеге, яғни 10-12 анықтамаға дейін қысқарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Пациенттерге ыңғайлы болу үшін жоспарлы емдеуге жатқызуға арналған талдаулардың тізбесі жалпы жиынтықта 42 зерттеуге қысқартылады және олардың қолданылу мерзімі 6 айға дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ тегін амбулаториялық дәрі-дәрмектердің тізімдері және оларды алу тетіктері қайта қаралуда, – деді Ақмарал Әлназарова.
Бүгінгі күні еліміздің 7 өңірінде яғни Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды облыстары бойынша жаңа пилоттық жоба іске асуда. Бұл «Бір күндік клиника» жобасы жүкті әйелдерге пренаталдық диагностиканың инновациялық әдістерін жүргізуге және патологиясы бар баланың туу қаупін уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Қызылорда облысының тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін 19,7 млрд. теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен жылмен салыстырғанда 9%-ға өскен. Ал тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша биыл 17,6 млрд.теңге бөлінген. Оның 9,6 млрд теңгесі стационарлық деңгейге арналса, қалған 8 млрд теңгесі амбулаториялық деңгейге бөлінген.
Денсаулық сақтау минстрінің айтуынша, Қызылорда облысына медициналық техника сатып алуға 8,6 млрд.теңге қаражат бөлінген. Себебі осы арқылы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде
Сонымен қатар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында өңірдегі 27 ауылға медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу жоспарланған. Нақтырақ айтатын болсақ ауылдарға медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар салынбақ
– Ұлттық жобада Шиелі, Қазалы, Жаңақорған және Арал аудандық ауруханаларына күрделі жөндеу жүргізу және медициналық жабдықтармен жарақтандыру арқылы жаңғырту жұмыстары көзделіп отыр. Алдағы уақытта медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар белгілі бір уақыт пен ресурстарды талап етеді. Деседе біз медицина қызметін халыққа сапалы әрі қол жетімді болуы үшін тиісті жұмыстар атқарамыз, – дедi Ақмарал Әлназарова.
Мұнан соң сөз кезегі аймақтың бас дәрігері Олжас Ысқақовқа берілді. Ол өңiрдегi медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Бүгінгі күні облыс халқына 25 стационарлық, 26 амбулаториялық емхана және 100 дәрігерлік амбулатория, 25 фельдшерлік-акушерлік бекет пен 97 медициналық бекет қызмет көрсетіп келеді. Жалпы облысымызда 3000-ға жуық дәрігер мен 12 мыңға жуық орта мамандар қызмет еуде. Республика бойынша дәрігерлермен қамтамасыз ету бойынша 7-ші орында болсақ, орта буын мамандарымен қамтамасыз ету бойынша бірінші орындамыз. Десе де тәжірибелі дәрігерлер жетіспеушілігі тек қана қалада орын алып отыр. Осы дәрігерлердің тапшылығын азайту мақсатында, мамандардың тікелей өзімен сөйлесіп, 2 жылдық немесе соңғы оқу жылы болса да өзімізге шақырамыз. Одан бөлек өңірдегі қызметкерлеріміздің біліктілігін арттыру үшін 144,9 млн теңге бөлінген болатын. Олар Түркі елінде 2 апта білімін жетілдіріп, мамырдың басында 10 реаниматолог пен 5 кардиолог мамандарымыз келді. Биыл мамандардың арнайы шетелде біліктілігін арттыруға бөлек 55 млн қаражат бөлінді, – деді Олжас Искаков.
Сондай-ақ аймақтың бас дәрігері облыстағы медицина саласы бойынша жүргізілген құрылыс нысандарын айтып өтті. Сонан соң тұрғындар медициналық кеңес пен медициналық көмектің қолжетімділігі, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық кадрларды даярлау туралы және тағы да басқа өзек мәселелер бойынша сұрақтарына жауап алды.Уақыттың тапшылығына байланысты тұрғындар Ақмарал Әлназарованың жеке қабылдауына жазылып, сұрақтарына жауапты сол жерден аламыз деп шешті.
Жиын соңында медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханұлы Денсаулық сақтау министрінің жаңа қызметiне сәттiлiк тiлеп, ақ батасын бердi.
Шара аяқталған соң министр тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Мұхаммедшах Маратұлы