Қызылорда облыстық сотында «Азаматтық сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Шараға Қызылорда облыстық сотының судьялары, қалалық соттың судьялары, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессорлары, облыс бойынша өңіраралық заң консультанттары палатасының, «Бітім» медиация орталығы қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелді Қызылорда облыстық сотының судьсы Е.Тұрбаев ашып, қатысушыларды күн тәртібіндегі мәселемен таныстырып, сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолданудың маңыздылығына тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында Қызылорда қалалық сотының судьясы А.Түбекбаева баяндама жасап, мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi екенін атап өтіп, сот істерін жүргізу барысында мемлекеттік тілді қолдану мәселесіне тоқталды.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты А.Абасилов ресми мәтін және іс қағаздарын жазу барысында жиі кездесетін кемшіліктерді, сөздер мен синтаксистік құрылымдарды, сонымен қатар, мемлекеттік тілге қатысты құқықтық актілер жайында баяндады.
Сонымен қатар, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі А.Мүйденова іс қағаздарын жүргізу кезінде мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мәселесі күн тәртібінен түспеуі керектігін атап өтті.
Шара соңында дөңгелек үстелге қатысушылар өзара пікір алмасты.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі