Денсаулық – қай кезде де қымбат. Ал оны сақтау, аман жүру, өзге дүниелерден қызғыштай қорғаудың өзі арзан тұрмайды. Тіпті, сырқат сапына іліксеңіз де, емделудің өзі қаншама шығын. Мәселен, қысымыңыз көтерілді делік, оны түсіру үшін дәрі де ақылы қызметке жүгінесіз. Не болмаса, арнайы құрылғыларды өзіңіз сатып алып, өлшеуіңізге тура келеді.  Қысымды өлшеу құралы да қымбат. Өйткені, нарықта, емделу мен денсаулықты күту, иммунитетті жақсарту қымбат дәрілермен , дәрумендермен өлшенеді.

Жалпы, адам болған соң, ауру да, аурудың асқынуы да болады. Мұндай жағдайда емделуші тек дәріге ғана емес, денсаулығын сақтау, өмірін ұзарту мақсатында түрлі медициналық аппараттарға да тәуелді болып жатады. Сонымен, бұл мақалада қант диабетімен ауыратын науқастардың денсаулықты жақсартуға қажет аппараттары мен дәрі-дәрмегінің қанша тұратынын қарастырып көрейік.

Ел арасында қант диабеті атауымен танылған сусамыр дерті жас пен кәріге қатарынан жабысатын ауруға айналды. Бұл ауруға шалдыққаныма 3 жылдан асты. Осы уақыт аралығында инсулиннің 2 түрін қабылдадым. Әлі де инсулин қабылдаймын. Әр тамақ қабылдау уақытында жылдам әрекет ететін «НовоРапид» , ал түнгі уақытта күніне 1 мәрте ұзақ әрекет ететін «Лантус» инсулинін қабылдаймын.  Екеуінің қызметі екі түрлі. Күнделікті қолданыста жүретін инсулин қалам тәріздес келгендіктен қолдануға ыңғайлы. Аурудың негізгі терапиясы – инсулин. Бірақ  ағзаға қосымша көмек ретінде дәрігерлердің тағайындауымен дәрумендер қабылдаймын. Инсулинге қайта оралсам, өз мекен жайым бойынша тіркелген емханадан 2-3айда тегін емдік заттарды аламын. Оның ішіне ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді инсулин, сынақ жолағы, ине кіреді. Жыл басы мен жылдың соңында қолжетімсіз болатыны рас. Бұл заттар дәріханаларда да сатылады. Бағасы әртүрлі. Шамамен 18 мың теңгеден басталады. Ал дәрумендердің қабылдауда кезеңіндегі шығынның мөлшері өте көп. Шприц-қаламсаптағы инсулин қабылдау күніне 5-7 мәрте екпе жасау қажет етіледі. 3 жыл ішінде 1,5 жыл уақыт аралығында арнайы құрылғымен жүрдім. Инсулинді үздіксіз жеткізуге арналған инсулиндік сорғы құрылғысы пайдалануға жеңіл, – деді Әлия Тәжібай.Ол қант диабетімен күресіп жүргендердің бірі. Қазірде ол өзі қолданатын аппараттары жайлы айтып өтті.

  • Инсулин сорғы инсулинмен толтырылған резервуары бар камерадан тұрады. Инсулин тері астына орналастырылған шағын икемді түтік арқылы тері астына енгізіледі. Ең тиімдігілігі шприц-қаламсаптағы инсулин секілді күніне 4-7 рет емес, 3 күнде бір рет ауыстырып отырамын. Алайда помпа құрылғысына қажетті заттар 18 жасқа дейінгі қолданушыларға ғана тегін беріледі. Құрылғының бағасы 600 мың теңгеден басталады, ал ай сайынғы қажеттіліктеріне 50-70мың аралығында кетеді. 

2023 жылдың 9 қараша күні Астана қаласында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің, эндокринолог-дәрігерлер мен пациенттік ұйымдардың қатысуымен Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күніне өткен баспасөз брифингінде жүкті әйелдер мен студенттер инсулин помпасына арналған материалдарды, ине, картридж бен сенсорларды тегін алады деген өзгерістерді айтқан еді. Қолданысқа енсе жақсы болар еді, – деді ол.

Иә, құрылғылардың арзан тұрмайтыны белгілі. Десе де, адам өмірінен ештеңе артық емес. Мұны облыс әкімі Н.Нәлібаевтың сөзінен де байқауға болады. Желіде желдей тараған видеода аймақ басшысы «Біз үшін тұрғындардың денсаулығы маңызды. Құрылғыларға, аппараттарға қанша керек, сонша ақша бюджеттен қарастырып, оларды алу керек. Адам өмірі бәрінен қымбат» деген еді. Расында, біздің мемлекетке медициналық жақтан серпін керек. Алайда оған жету үшін мықты мамандар да қажет. Медицина тек скальпел мен қаннан ғана тұрмайды. Дәрігерлердің жылы сөзі де науқасқа шипа. Жоғарыда кейіпкердің айтуынша, дәрі-дәрмек қымбат және тапшы. Оны шешпесек, адам өмірі де саудаға салынғалы тұр. Жаман айтпай, жақсы жоқ дейді ғой, тек жақсыны айтқаннан заман өзгермес, артымызды қалай көргеніміз секілді, алдымызды да болжаған артық етпейді. Құрылғы құны адам денсаулығынан қымбат болмай тұрғанда, денсаулығыңызды күтіңіз, қадірлі оқырман!

Данагүл НҰРБЕКҚЫЗЫ

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған