БАҚ-та, әлеуметтік желілерде де халық арасында үлкен дау тудыратын мәселелердің бірі қоғамдық көліктер мәселесі, яғни, автобустар жайы. Қоғамдық көліктердің қызметі қала тұрғындарының көңілінен шығуы қиын. Топырлатып адам тиеп алу, жылдамдықты арттыру, кешігіп келу, тағы басқа себептері көп. Қай кезде де жолаушының айтқаны дұрыс. Жүру ақысын төлегеннен кейін қызмет те соған сай болуы тиіс.

Қазір қоғамдық көліктердің көбіне QR код қойылып, жолаушылар жүру ақысын телефон арқылы төлейді. Оның құны автобустарда 85 теңге. Егер төлем онлайн болмаған жағдайда, қолма-қол 130 теңге. Бұл да тұрғындардың наразылығын тудырып, біраз айқай-шуға ұласып барып басылған еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің үлкенді-кішілі қалаларында қоғамдық көліктің жәй-күйін жақсартып, бұл бағыттағы қызметтің сапалық деңгейін одан әрі көтеру қажеттігін атап көрсетті. Бұл жергілікті атқарушы органдарға жаңа міндеттер жүктеді.

Нұрлыбек Нәлібаев облыс әкімі болып билік тізгіні қолына тигелі қоғамдық көлікті тәртіпке келтіру бағытында талай жиындар өткізгені белгілі. Одан қалды «Қызылорда автобус паркіне» барып, ондағы жағдаймен танысты да. Нәтижесінде, қоғамдық көліктегі қордаланған мәселелер шешімін тауып келеді. Оны «Қызылорда автобус паркі» директоры, қалалық мәслихат депутаты Мақсат Жүсіптің бізге берген сұхбатынан да байқадық.

– Өткен жыл «Автобус паркі» үшін ауыз толтырып айтарлықтай қандай жаңалықтармен толықты?

– 2022 жылмен салыстырғанда өткен жылы бағыттар саны 20-ға көтерілді. Біз бағыттар бойынша жұмыс жасадық. Яғни 2022 жылы 5 бағыт болса, өткен жылы 4 есеге көбейді деген сөз. Одан бөлек қаламызға қарасты шет аймақтардағы 4 елді мекенге арнайы автобустар жүреді. Қала тұрғындары «2gis», «YandexGo» қосымшалары арқылы автобустардың бағыттарын көре алады. Бұл біз үшін жаңашылдық болды. Тағы бір тұрғындар үшін қуанышты жаңалық болғаны шет аймақтарға, ауылды елді мекендерге үлкен сыйымдылықтағы автобустар жүреді. Өткен жылы «Автобус паркіміз» 200 жаңа автобуспен толықты. Осы жылы тағы 100 автобус келеді. Содан кейін үлкен сыйымдылығы бар 300 автобус қызылордалықтарға қызмет көрсететін болады.

– Қала тұрғындарынан келіп түсетін арыз-шағымдардың басым бөлігі қандай мәселеге негіз болуда?

– Бізге қала тұрғындарынан жүргізушінің әдебіне байланысты көп сұрақтар келіп түседі. Ол бойынша арнайы бөлім бар. Нақтырақ айтқанда тұрғындардан келіп түскен шағымдарды жүргізушілердің әдебіне, киіміне жауап беретін бөлім мамандарына жібереміз. Осы жылдың басынан бері жүргізушілерге байланысты арыз-шағымдар азайды десек те болады. Көпшілік шағым тағы да автобустардың жол сызбаларына байланысты. Шыны керек жол сызбалары бізге қиындық туғызып тұр. Біз «қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімімен бірлесіп жол сызбаларын дайындаймыз. Алдағы уақытта тағы да 100 автобус келгенде бөлім басшыларымен ақылдасып, тұрғындар барар жеріне уақытылы баратындай жол сызбаларын дайындайтын боламыз.

– Сөзіңізге қоса кетейін, әлеуметтік желі арқылы тұрғындар жүргізушілердің кейбір аялдамаларға тоқтамай өтетіндігін айтып, шағымданады. Қарапайым ғана олқылықтар орын алмас үшін «Автобус паркі» тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?

– Аялдамаларға байланысты атап өтетін жайт бар. Біз өткен жылдан бастап, тұрғындарға арнайылап айтып келе жатырмыз. Автобустар арнайы аялдамалар белгісі қойылған жерге тоқтай алады деп. Себебі үлкен сыйымдылықты автобус болғаннан кейін, басқа көліктерге кедергі келтіреді. Немесе көлік апаты болуы мүмкін.

– Бүгінде қолма-қол жолақысы 130 теңгені құрайды. Тұрғындар бұл бағаға үйренді ме? Қай төлем аудару жүйесі жиі?

 – Былтырғы қыркүйек айында, алғаш енгізген кезде қиындықтар болды. Қазіргі таңда тұрғындардың 90 пайызы QRарқылы төлейді. Бірақ арасында қолма-қол төлейтін жолаушылар да бар. Сонымен қатар «AlemPay» арқылы картамен де төлем жасауда. Электронды төлем 85 теңге, ал қолма-қол төлем 130 теңге болғандықтан тұрғындарға электронды арқылы төлеу ыңғайлы.

– Қаламыздың шет аймақтары қоғамдық көліктердің бағытымен қашан толық қамтылмақ?

– Атап өткендей бүгінде біз 4 елді мекен саяжайлар бойынша қызмет жасаудамыз. Алдағы уақытта қосымша бағыттарға «қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімі үлкен сыймдылығы бар автобустың қажеттілігі болып тұр деген сұраныс береді. Себебі бізден бөлек 4 жеке тасымалдаушы қызмет көрсетуде. Олардың да тиісті бөліммен келісімшарттары бар. Нақты дөп басып айта алмаймыз. Қажеттілікке, келісімшартқа байланысты шешілетін мәселе.

– «Автобус паркіне» тиесілі қоғамдық көліктердің саны осы жылы артады ма?

 – Қазіргі таңда біз 20 бағыт бойынша қызмет көрсетудеміз. Қалаішілік 34 бағыт болса, 14 бағыт жеке тасымалдаушыға тиесілі. Алдағы уақытта қажеттілікке байланысты қосымша бағыттар қосылатын болады.

– Сұхбатыңызға рақмет!

P.S.Қоғамдық көліктегі мәселелер бүгін пайда болған жоқ. Күні ертең шешіле қоймасы да анық. Оларды шешуге қадам жасау, жол мәдениетін сақтау сіз бен бізге байланысты.

Мұхаммедшах Маратұлы

#Қызылорда #Автобуспарк

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған