Облыс әкімі Н.Нәлібаевтың аймақ басшылығына келгеннен кейінгі тағайындаған төл әкімдерінің бірі Жандос Еркінбектің Қармақшыға әкім болып барғанына тура бір жыл толып отыр екен.
Негізі Жандос Еркінбек “үндемейтін әкім”. Ел оның көсіліп сөйлеп, шешіліп әңгіме айтып жатқанын жиі көре бермейді.
Жиырма жастан асқанда еліміздің Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Әскери институтының “бөлімшелердің қызметтік-жауынгерлік іс-қимылын басқару” мамандығын оқып, еңбек жолын әскери қызметтен бастаған. Тоғыз жылдан астам уақытын әскери қызметке арнаған ол 2013-2018-ші жылдары бірқатар компанияларда түрлі деңгейдегі жауапты басшылық қызметтерде болған.
2019-шы жылдан бастап Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының бөлім басшысы, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының бөлім басшысы, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары, Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарған. Демек, ол Қармақшы ауданы әкімі болып төтеннен келген жоқ. Үлкен дайындықтан өтті, тәжірибе жинақтады.
Содан да болар өңірлік коммуникация алаңында былтырғы жылға есеп беріп, биылғы жылға жоспарын айтқан Жандос Еркінбек басқаратын аудан бюджеті бір жылда 22,5%-ға өсіпті. Аудан үшін жақсы көрсеткіш. Үндемегенмен үйдей іс тындырыпты…
Өткен аптаның жұмасы күні Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек жыл бойы атқарылған жұмыстармен алдағы міндеттерге тоқталды. Аудан халқының әл-ауқатын арттыру мен аудан экономикасын нығайту бағытында атқарған жұмыстарын баяндаған ол аудан экономикасының көптеген салаларында макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуіне қол жеткізгенін атап өтті.
– 2024 жылға аудан бюджеті 13 млрд. 925 млн. теңге болып бекітілді. Өткен жылмен салыстырғанда 22,5 пайызға немесе 2 млрд. 556 млн. теңгеге ұлғайтылды. Оның ішінде ауданның өз кірістеріміз ағымдағы жылға 2 млрд. 111 млн. теңге болса, 2023 жылдың бекітілген кірістер жоспарымен салыстырғанда 191 млн. теңгеге немесе 10 пайызға артты,-деді.
Аудан әкімі елді мекендерді көркейту және абаттандыруға 437 млн теңге қаржы қаралып, биыл бұл көрсеткіш екі есе өскенін айтты.
– Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік саласының қарқыны жақсы. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде 214 жоба несиелендірілді . Оның ішінде, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 45 жоба қаржыландырылды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 194 азамат грант жеңімпазы атанып, кәсібін бастауда. Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» фабрикасы толығымен іске қосылды. Кәсіпорында 100 жаңа жұмыс орны ашылып, тәулігіне орта есеппен 8-10 тонна өнім өндірілуде,-деді Жандос Еркінбек.
Жосалы кенті тұрғындары үшін жақсы жаңалықтың бірі аудан орталығы көгілдір отынға қосылуы. Аудан басшысының айтуынша, Төретам және Ақай елді мекендері газдандырылып, Дүр Оңғар ауылына да газ желісін тарту биыл басталмақ.
– Ауданда халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік нысандар салу, ауызсу және газбен қамтамасыз ету, электр желілерін қайта жаңғырту мәселелері шешімін тауып келеді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына Ұлттық қордан бөлінген қаржыға 51 тұрғын үй сатып алынып, аймақ басшысының қатысуымен пайдалануға берілді. Көмекбаев, Қармақшы, Алдашбай ахун ауылдарында құны 697 млн. теңге болатын су қабылдайтын құрылғы іске қосылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында кент орталығында дене шынықтыру және спорт кешені пайдалануға берілді. Иіркөл, Төребай би, Ақай, Ақжар ауылдық округтерінде балалар және спорт ойын алаңдары салынды,-деді аудан әкімі.
Аудан әкімінің айтуынша, құрылыс жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Өндіріс және өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында Жосалы кентінде «АНК-Дәулет» серіктестігі газоблок өндіретін шағын зауыттың құрылыс бастады. III Интернационал ауылдық округінде жеке кәсіпкер құны 300 млн. теңге болатын мал бордақылау алағын және мал сою цехын салмақ. Жоба іске асырылғаннан кейін ет өңдеу цехын ашу көзделуде.
Күзде күріштің әр гектарынан орта есеппен 60 центнерден өнім жиналды. «Жаңажол» ЖШС бес гектар жерге тамшылатып суару әдісімен алма бағын егу жұмысын жандандыруда. Қажырлы еңбектің арқасында «Алтын күз» мерекесінде «Жаңажол» серіктестігі облыстағы үздік шаруашылық атанып, «Үлгілі елді мекен» байқауында II орын иеленіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
– Инфрақұрылымды дамыту бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, «Самара-Шымкент-Ақжар-Көмекбаев» аралығындағы автомобиль жолында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл Марал ишан кесенесіне апаратын автомобиль жолы салынбақ. Бес елді мекеннің 21 көшесі жөндеуден өтіп, аудандық бюджет есебінен Жосалы кентінің 3 көшесі жарықтандырылды. Аудандық аурухана жанынан компьютерлік томография кабинеті ашылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жосалы кенті, III Интернационал ауылында жаңа мектеп құрылысы басталмақ,-деді Жандос Еркінбек.
P.S. Аудан әкімі болғаннан “Қорқыт баба” басына елді жинап, қармақшылық ел ағалары мен ақсақалдарының батасын алды. Сол батамен Жандос Еркінбектің бағы жанып жүр ме екен?!. Үндемегенмен үйдей іс тындырыпты…
Мұхаммедшах Каюп