Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі мәліметінше жыл басынан бері негізгі даму индикаторлары бойынша Қызылорда облысы жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Биылғы жылдың 9 айының қорытындысымен де үздіктер қатарына тұрақтады. Қаңтар қыркүйек айларында өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуында өсім қалыптасты. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі 15,8 пайызға (227 млрд.теңге), ауыл шаруашылығы 1,6 пайызға (157 млрд.теңге), құрылыс жұмыстарының көлемі 26,4 пайызға (117 млрд.теңге), тұрғын үй көлемі 18,9 пайызға (618 мың шаршы метр), сауда көлемі 4,1 пайызға (531 млрд.теңге), көлік және қоймалау көлемі 7,2 пайызға (210 млрд. теңге), негізгі капиталға тартылған инвестиция 25,6 пайызға (319 млрд.теңге) артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 34,6 пайызға (231 млрд.теңге) өсті. Осылайша Қызылорда облысы 9 айдың қорытындысымен республика өңірлері арасында алғашқы үштіктен орын алды. 9 ай қорытындысына арналған Үкіметтің отырысында аймақтың даму қарқыны туралы ерекше атап өтілді.
Облыс бюджетінің көлемі 2022 жылы 387 млрд. теңге болса, қазір 609 млрд. теңгеге жетті. Бюджеттің 61 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған.
Мұнай қорының сарқылуына байланысты өнеркәсіп өндірісінің көлемі көп жылдан бері орындалмай келген еді. Биыл осы көрсеткіштің өсімі басқа өнеркәсіп өндірісін дамыту арқылы қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2021 жылы 309 млрд. теңгені құраса, 2022 жылы 413 млрд. теңгеге өсіп, биыл 472 млрд. теңгеге жеткізілмек. Оның 72 пайызы, немесе 231 млрд. теңгесі – жеке инвестициялар.
Әлеуметтік сала нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Үш жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салынады. Жоба құны – 98 млрд.теңге.
Облыстың дарынды балаларына арналған 300 орындық жатақханасы бар физикаматематика бағытындағы мектеп интернат құрылысы басталды. Жергілікті бюджет есебінен 5 мектептің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек облыс орталығындағы 4 мектепке бастауыш сыныптар оқитын қосымша ғимараттар салынды. Бастауыш мектептер біріншіден, балалардың қатынауына жақын әрі ыңғайлы. Екіншіден бюджет қаражатын бірнеше есе үнемдеуге мүмкіндік берді.
Өңірде құны 36,4 млрд. теңгені құрайтын 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана салынуда. Оған қоса 2,7 млрд.теңгеге Қан орталығының құрылысы басталып, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 27 нысан құрылысы жүруде.
Бірқатар спорт және әлеуметтік мәдени нысандар бой көтереді. Жақын күндері құны 18 млрд.теңге болатын 7 мың орынға арналған Орталық стадион құрылысы басталмақ. Жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру сауықтыру кешенін салуда жоспарланған. Ал, аудандарда 2,6 млрд.теңгеге 11 дене шынықтыру кешені салынады.
Құрылысына 3,7 млрд.теңге қаржы қаралған Өнер орталығы жыл аяғына дейін ел игілігіне пайдалануға берілетін болса, Отбасы орталығы өз қызметін бастады.
Мемлекет басшысының «Туған жерді бірге түлетейік» үндеуін қолдаған демеушілер аймақты дамытуға 37 млрд. теңге қаржы бөлді. Бұл қаражатқа әуежайдың жаңа терминалы, бірнеше әлеуметтік нысан, демалыс саябақтары, спорт-ойын алаңдары салынып, көпқабатты үйлердің қасбеттері жаңартылып, аулалар абаттандырылды.
Алдағы уақытта да аталған жұмыстар жалғасын табады.