Кандидаттардың орташа жасы 47 жас, ал ең жасы – 39 жаста, ең үлкені – 60 жаста. Үміткерлердің ішінде әйел азаматшалар жоқ. Кандидаттардың 4-уі мемлекеттік қызметкер, 2-уі қазіргі әкімдер және 1-уі бюджеттік сала қызметкері. Мамандығы бойынша 5-і – экономист, 1-і – заңгер және 1-і – құрылысшы. Ұсынылған 7 кандидаттың 6-ы тіркеліп, 1-уі өз өтініші негізінде кандидаттықтан алынып тасталды.

Билік, басшылық үшін талас, дұрысы қызығушылық қай пенденің болмасын бойында бар деуге негіз бар. Әсілінде, көшбасшылық, ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілет қарымына қарамастан, лайық не лайық еместігіне тереңірек мән берместен өзін жайлы креслоның иесі санайтын тұлғаларды да көзіміз шалады. Жасыратыны жоқ, бүгінде қай облыс не қала, аудан не ауыл әкімдігінің тұтқасын ұстап отырғандар арасында өз ісін жетік біліп жатқандары да, кей кезде әрекеттері «әттеген ай» дегізетіндері де кезігеді. Бұндағы сөз қозғауға себеп – кімнің әкім болғанында емес, сол сайланатын әкімнің халқына жақын болғанында.

Жыл сайын түрлі қызмет түрлері үшін сайлау жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жоспарда республикада 45 аудан әкімдері сайланады деп күтілуде. Жергілікті мәслихат шешімімен пилоттық негізде бастау алған сайлау облыс көлемінде Сырдария және Шиелі аудандарында жүргізілмек. Айта кетерлігі, республика бойынша облыстық маңызы бар қала әкімдері де сайланады деп күтілуде.

Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, аталған екі ауданға тиесілі сайлау жұмыстары реттілігімен орындалуда. Бүгінде аудандардағы аумақтық сайлау комиссиялары үміткерлер тарапынан ұсынылған құжаттардың дұрыс не бұрыстығына зер салып болған соң, тіркеу процесі жүргізілді. Ол үшін Сырдария ауданында 18, Шиелі ауданында 40 учаскелік комиссия жұмыс істеді. Кезек үгіт насихатқа да келіп жетті.

Айта кетер жәйт, осы сайлау жүйесіне қатысты қандай да бір сауал тұрғынды мазалған жағдайда 109 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға мүмкіндік қарастырылған. Одан өзге сайлау күні дауыс беруге негізделген қосымша ақпараттарды «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» сервисі арқылы біле алады. Аталған жүйе арқылы өз учаскесін, мекен-жайын, комиссия құрамын анықтай алады. Маңызды шарада белсенділік танытуға ниетті тұрғындар саны Шиелі ауданында көш бастап тұрғанын да айтпай кетуге болмас. Айталық, өткен айдың қорытындысына сәйкес, Сырдария ауданында – 22101, Шиелі ауданында – 50402 сайлаушы тіркелген.

Осы орайда, жұртты толғандырған сауалдың негізгісі – «қос ауданға әкім болуға кімдер ниетті?»

Сырдария ауданы әкіміне кандидаттар:

1.Бакиров Ерлан Амирханович – 1984 жылы туған, ұлты қазақ. Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысының орынбасары. Қазақ гуманитарлық заң университеті мен Болашақ университетін заңгер, экономист мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2004-2005 жылдары «Раим» ЖШС-де заңгер болып бастаған. 2005-2006 жылдар аралығында Қызылорда облысының табиғи монополиялардың қызметін реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің жетекші маманы.

2006-2016 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің жетекші маманы, бас инспекторы, кадр жұмысы бөлімінің басшысы.

2016-2020 жылдары Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары, 2020 жылғы маусым айынан бастап осы кезге дейін Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Қызылорда қаласында тұрады. Өзін-өзі ұсынған.

2. Қарсақбаев Бауыржан Бақытбекұлы – 1978 жылы туған, ұлты қазақ. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті РММ басшысы, Қызылорда облысының мемлекеттік бақылау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы.

Қызылорда облысында дүниеге келген. Білімі жоғары. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік және «Болашақ» университеттерін бітірген. Еңбек жолын 2001 жылы «С.Сейфуллин» ЖШС-де механик болып бастаған.

2002-2004 жылдары Қызылорда облыстық медицина орталығында инженер оператор болып қызмет атқарған.

2004-2008 жылдар аралығында Қызылорда қаласы әкімі аппаратында маман, жетекші маман, бас маман, қалалық кәсіпкерлік бөлімінде бас маман, Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалалардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының әкімшілік бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған.

2008-2011 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратында бас инспектор, облыс әкімі орынбасарының көмекшісі, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының экономика және қала инфрақұрылымын дамыту бөлімінің бастығы, энергетика және коммуналдық шаруашылықты дамыту бөлімінің бастығы, қала әкімі орынбасарының көмекшісі-бас инспекторы болып қызмет атқарған.

 2011-2013 жылдары «Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі»ММ-ің бастығы,Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының орынбасары болып жұмыс атқарған.

 2013-2020 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Жұмылдыру жұмыстары және дағдарыс жағдайындағы шұғыл талдау орталығы» КММ басшысының орынбасары, басшысы, Сырдарияауданы әкімі аппаратының басшысы лауазымдарын атқарған.

2020 жылдың 8 қазанынан бастап Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы-Қызылорда облысының мемлекеттік бақылау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқаруда.

Қызылорда қаласында тұрады. Өзін-өзі ұсынған.

3. Сарменбаев Берик Абдугаппарович – 1963 жылы туған, ұлты қазақ. Сырдария ауданының әкімі. Алматы архитектура-құрылыс институтын «өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1985 жылы «Казторгстрой» тресінің тас қалаушысы болып бастаған. Әр жылдары мемлекеттік және жеке секторда қарапайым маманнан басшылық лауазымға дейінгі қызметтер атқарды. 2005-2010 жылдары Қызылорда қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы және Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болды.

2010-2011 жылдары «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі, 2011-2019 жылдары Қызылорда қаласы мен Қармақшы, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастары салаларында жауапты лауазымдар атқарды.

2021-2022 жылдары Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, 2022 жылдың мамыр айынан бастап осы кезге дейін Сырдария ауданы әкімінің орынбасары болды.

Тереңөзек кентінде тұрады, «AMANAT» партиясы қоғамдық бірлестігінен ұсынған.

Шиелі ауданы әкіміне кандидаттар:

  1. Ахатов Нуржан Сабитович – 1978 жылы туған, ұлты қазақ. Шиелі ауданының әкімі.

Шиелі ауданында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Бухгалтерлік есеп және аудит», Қазақ гуманитарлық заң университетін «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын Қызылорда облысының статистика жөніндегі есептеу орталығында бастаған. Кейін Шиелі ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің бас маманы, аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімінің орынбасары қызметтерінде болды. Қызылорда облысы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, Қызылорда облысының кәсіпкерлік бас қармасы бастығының орынбасары, Шиелі ауданы әкімі аппаратының жетекшісі, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының жетекшісі, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары ретінде жауапты қызметтер атқарған.

«Қызылорда» автобус паркі» ЖШС директоры лауазымында қызмет етіп, өндіріс саласында мол тәжірибе жинақтады. Қызылорда қалалық мәслихаты депутаты ретінде де қаланың әлеуметтік экономикалық дамуына зор үлесін қосты. Қазіргі қызметіне дейін «Байқоңыр» ӘКК мекемесін басқарды.

Шиелі кентінде тұрады. «AMANAT» партиясы қоғамдық бірлестігінен ұсынған.

2. Есмаханов Алмасбек Абилкасимович – 1982 жылы туған, ұлты қазақ. Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы.

2005 жылы Қызылорда гуманитарлық университетінің қаржы және несие, 2009 жылы Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетінің заңтану мамандықтары бойынша бітірген.

2013 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі және АҚШ-тың Каролина штатының ДЮК университетінің «Саясаттану» мамандығы бойынша әлеуметтік білім магистрі академиялық дәрежесі берілген.

Еңбек жолын 2006 қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің маманы болып бастаған. 2007 – 2008 жылдары облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің жетекші, бас мамандары, 2008 – 2012 жылдары қала әкімі аппаратының ұйымдастыру – инспекторлық бөлімінің бас маманы, бас инспекторы, Тасбөгет кенті әкімінің орынбасары, бөлім басшысы, 2012 – 2014 жылдары Қарауыл төбе ауылдық округінің әкімі, 2014 – 2015 жылдары облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы, бөлім басшысы, 2015-2018 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, 2018-2019 жылдары Қызылорда қаласы әкімдігінің аппарат басшысы, 2019-2020 жылдары қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы лауазымдарында қызмет атқарған. Шиелі ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Қызылорда қаласында тұрады. Өзін-өзі ұсынған.

3. Қордабай Нұрғали Рахымшаұлы – 1976 жылы туған, ұлты қазақ. Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі.

Қызылорда политехникалық институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит», Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Құқық» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы «Дәнекер» АҚ бухгалтері ретінде бастаған. 1999 2015 жылдары Қызылорда облысының салық органдарында жауапты басшылық қызметтер атқарған. 2015-2016 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің кеңесшісі, 2016-2018 жылдары облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап экономика және қаржы басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Қызылорда қаласында тұрады. Өзін-өзі ұсынған.

Тізімдегі 6 үміткер де қаражаяу емес . Басым көпшілігі өзін-өзі ұсынғандарымен, мемлекеттік қызметте төбе көрсетіп жүргендер. Шамаларының жеткендерінше бағындырған белестері де жоқ емес. Әйткенмен, әрқайсысына қоғам тарапынан түрлі пікірдің бары да болатыны да ақиқат. Қайсысының бабы мен бағы қатар шабатыны қарашаның басында белгілі болады. Оған дейін тізімдегілер үшін үгіт жұмыстарында белсенділік таныту міндеті тұр.

Ол үшін ауданда қызмет атқарып, тірлігін түтетіп, мекенін гүлдетуге ниеттілер сайлаушылармен кездесіп, сайлауалды бағдарламаларын насихаттайды. Сондай-ақ, сайлаушылар тарапынан тосыннан қойылған сауалдарға тапжылмай жауап беруге әзір болып, сайланса сол уәдесінде қос қолдап тұруы тиіс. Насихат жұмыстарына телеарна, радио, мерзімді баспасөз басылымы да кірістіріледі. Ол үшін сайлаушылармен кездесетін тіпті насихат жұмыстарын орналастыратын орындар да белгіленді.

Айта кетерлігі, үміткерлер үгіт жұмыстары үшін қалталарынан қаржы шығармайды. Жоғарыда атап өткендей бұқаралық ақпарат құралдарынан өз реңдерін көрсету арқылы бағдарламаларын жеткізуге және осы сайлаушылармен кездесуге бағытталған жүріс үшін тиісті көлік шығынына әр үміткерге 420-мың теңге белгіленді. Жоспарға сәйкес, бұл жұмыстар келер айдың 4-не дейін ұласып, 4-қараша тыныштық күні болуы тиіс. Сәтін салса, сайлау қорытындысы 5-і қарашада белгілі болмақ. Қайсысына әкімнің тағы бұйырса да, елі үшін сол ауданның тіршілігі үшін аянбай, шынайы қызмет жасаса болғаны…

А.ӘЛИАРЫСТАН

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған