Тіршіліктің тұтқасы – анада. Үй мен түздің тірлігін түтетіп, қай істің де берекесі мен қай ортаның сәнін кіргізетін Аналарға қандай құрмет көрсетіп, қалай тағзым жасалса да жарасымды. Облыстағы аналардың құрметіне «Анаға тағзым» атауымен ғимаратта бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Бұл орталықты ашудағы мақсат та, негізгі жоспар да ауқымды. Кезекті іс-шаралар өткізіліп ғана қоймай, ұмыт бола бастаған ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыз кеңінен дәріптелмек. Ұяға қонар ұл мен қияға қонар қыздың тәрбиелеріндегі кінәраттарға зер салып, ұлттық болмысымызды жоғалтпауға да басымдық берілмек.
Қуантарлығы, жаңа ғимараттың табалдырығы жас талғамайды. Бұнда жас ұрпақ пен үлкен буынды да кезіктіруге болады. Жастың қуанышы мен үлкеннің ақ батасына ие болып, аталған нысанды салуға мұрындық болған кәсіпкер туралы осы тұрғыдан сөз етпей кету әбестік болар. Кәсіпкер Марат Дүйсенбаевқа облыс басшысы мен нысанның әр кірпішінің қалануына үлес қосқан құрылыс қызметкерлеріне арнайы құрмет те көрсетілді.
Еңбек ардагерлерінің ақ баталарымен және жиылған жұртшылықтың ізгі лебіздерімен бастау алған шарада аймақ басшысы ананың өмірдегі рөліне де тоқталды.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:
– Ана – тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Ана – бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді деп құрметтейміз. Кезінде Социалистік Еңбек Ері атанған 12 ақ жаулықты аналарымыз шыққан біздің киелі өңірде қажырлы еңбегімен ел ықыласына бөленіп жүрген олардың ізбасарлары да жетерлік. Алдағы уақытта осы ғимаратта өткенге құрмет көрсетіліп, ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүрлеріміз насихатталады.
Орталықта келушілер үшін отызға жуық маман қызмет көрсетеді. «Анаға тағзым» нысанында Әжелер клубы, «Ұлт жақұты» музей залы, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Сырғалым» сырласу клубы, «Жас отау» жас отбасылар мектебі, «Ана тілі» дебат клубы өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, мұндағы әр құрылғы заман талабына сай жабдықталғанын ғимарат басшысы атап өтті.
Орталық директоры Алтынай Молжанова:
– Сыр өңірінде атадан балаға мирас қолөнерді дәріптеп жүрген елуге тарта ісмер әйелдер бар. Олардың бірқатары халықаралық көрмелерге де өз қолдарынан шыққан бұйымдарын ұсынып келе жатыр. Біз орталықтың бір бағытын осы креативті индустрияға бейімдеп отырмыз. Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселеге қатты маңыз берді. Алдағы уақытта осында қолөнер шеберлері, ісмер әйелдер өздерінің қолдарыннан шыққан өнімдерін сатуға мүмкіндік алады.
Ауқымды бағытты қамтыған әлеуметтік нысанның ашылуына қуанған жұртшылық аз емес. Олар өз кезегінде алдағы сәтте орындалатын түрлі жобалар мен жоспарлардың сәтті жүзеге асуына тілектестіктерін де білдірді.
А.ӘЛИАРЫСТАН