2023 жылы 2634 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Есепті кезеңде 2158 жаңа жұмыс орны ашылып, жоспар 81,9 пайызға орындалды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындары 537,48 пайызды, уақытша жұмыс орындары 1621107 пайызды құрап отыр.
Қарымды Қазалыда жағымды жаңалық көп. Тамыры терең, тарихы кенен аудан бүгінде экономикалық һәм инфрақұрылымдық жағдайын жүйелеп алған. Алыс-жақын елді мекендердің жоғын түгендеп, аудан орталығын көркейтуде көп жұмыстар атқарылып жатыр. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданның бүгінгі ахуалы жайлы аудан әкімі Мұхтар Оразбаев өзі айтып берді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ағымдағы жылдың I жартыжылдығында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жайлы айтылды.
Аудан басшысы алдымен биыл Қазалы ауданы 95 жылдық мерейтойын тойлайтынын айтты. Жыл басынан бері мерейтойға арналған ауқымды шаралар өткізіліп келе жатқандығы айтылды. Алдағы уақытта мереке кең көлемде атап өтіледі.
Биылғы жылы ауданның бюджеті 11,5 млрд теңге болып бекітілсе, нақтыланған бюджеті 13,1 млрд теңгеге өзгерген. Оның 2,3 млрд теңгесі ауданның өз кірісі болса, қалған 10,8 млрд теңгесі субвенция мен трансферттер және несиелер арқылы кірген.
Қазалыда шағын және орта кәсіпкерлік саласында 6760 кәсіпкер тіркелген. Нақты жұмыс істеп тұрғаны 96,5 пайыз. Аудан кәсіпкерлері тарапынан 4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, биыл 8 кәсіпкерлік ғимарат бой көтерген. Оған 28 адам тұрақты жұмысқа тұрыпты. Саланы қолдау үшін 247 жоба бойынша түрлі қаржы ұйымдары тарапынан бизнес өкілдеріне 2,2 млрд теңге несие берілген.
– Жыл басынан бері Қазалы ауданынан Ресей, Беларусь, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай, Нидерланды елдеріне 3539 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылды. Атап айтсақ, 2421 тонна күріш, 557 тонна балық, 561 тонна қамыс экспортталды. Күріш демекші, елдегі диқан қауымы 17377 гектар жерге егін екті. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 6450 гектар. Ал бақша 1115, көкөніс 950, картоп 315 және малазықтық дақылдар 6876 гектарды құрайды. Сырдария өзенінің аяғында орналасқан Қазалының судан тапшылық көретіні рас. Соның алдын алу үшін биыл 3 су насосы сатып алынды. Одан бөлек шаруашылықтар мен ауылдық округ әкімшілік теңгеріміндегі 25 насос жұмыс істеп тұр, – деді аудан басшысы Мұхтар Оразбаев.
Аудан әкімінің айтуынша, биыл Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы арасында салынып жатқан 4 жолақты жол құрылысы аяқталады. Аудан орталығындағы 14 көше асфальтталып, 24 көшеге қиыршық тас төселуде. Екіншіден, іргелес жатқан Қазалы қаласының да 15 көшесі жөндеуден өтіп жатыр. Үшіншіден, ауыл арасындағы жолдарды жөндеу жалғаса береді. Осы жылы екі лот бойынша аудандық маңыздағы Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей, Ғ.Мұратбаев ауылына кіреберіс және Бекарыстан би-Қожабақы автожолдары жаңғыртылмақ. Бұл үшін бюджеттен 1,2 млрд теңге ақша қаралған. Сондай-ақ Әйтеке би кенті мен «Басықара» ауылы арасындағы көпір толық аяқталды. Ал ірі жобалардың бірі – Қарлаң көпірінің құрылысын жалғастыруға бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінген.
– Алдағы уақытта ауданда «Жайлы мектеп» жобасымен екі мектеп бой көтереді. Бірі – Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының ортасынан салынатын 600 орындық, екіншісі – Жанқожа батыр ауылында тұрғызылатын 300 орындық мектеп. Бұған қоса қазір аудан орталығынан 250 орындық білім ордасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ал Қ.Пірімов атындағы ауылда орналасқан №92 мектепті күрделі жөндеу жаңа оқу жылына дейін аяқталады,-деді аудан әкімі.
Брифинг барысында ауданда құрылыстың қарқын алып келе жатқандығы айтылды. Осы жылы 20423 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
-Жалпы құны 16,9 млрд теңгенің 23 инвестициялық жобасының құжаттары толық әзірленіп, облыстық басқармалар арқылы тиісті орталық атқарушы органдарға бюджеттік өтінімдер ұсынылды. Ұлттық қордан 1150,7 млн теңге бөлгізу арқылы Бозкөл, Кәукей, Абай ауылдарында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды. Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ауданда апатты жағдайда деп танылған 1 мектептің мәселесі шешіліп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық білім ошағының іргетасы қаланды. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қ.Пірімов аулындағы №92 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен 231,4 млн теңге бөлініп, қазір оның құрылысы жүріп жатыр, – деді аудан әкімі.
Бозкөл, Кәукей және Абай ауылында дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Кәукейдегі клуб пен кенттегі 600 орындық мәдениет үйін биыл бітіру жоспарланған. Сонымен қатар, Бірлік, Майдакөл, Шәкен елді мекендерінен 100 орындық клуб салу үшін тиісті құжаттар әзірленгенін атап өтті аудан басшысы.
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар