Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ақмарал Әлназарова мен Руслан Рүстемов, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев, партияның облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов Арал ауданына жұмыс сапарымен барып, аумақтың экономикалық дамуы және партияның Сайлауалды бағдарламасының Жол картасына енгізілген біршама нысандардың жұмысымен танысты.

Халық қалаулылары алдымен М-32 «Самара- Шымкент» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 1248-1555 шақырымындағы орташа жөндеу жұмыстарын көрді. Ұзындығы 11 километрден астам автожолды «Қыран» ЖШС қалпына келтіруде. Жөндеу жұмыстары биыл қазан айында аяқталады. Мұнан соң «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында сатып алынатын 84 пәтерлік 42 үйдің құрылысына барды. Баспана қараша айында пайдалануға берілмек.Сондай-ақ аудан орталығындағы А. Сатаев және Төле би көшелерін жөндеу жұмыстарымен де танысты. Мердігер мекеме – «Арал құрылысы» ЖШС көшелердің астыңғы қабатын көтеріп, жарықтандыру жұмыстарын жүргізуде. Әрі қарай Арал қаласындағы теміржол арқылы өтетін автожол көпірінің құрылыс алаңына барып, жұмыс барысын көрді. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталды, нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі. Қазір қажетті заттар және техникалар тасымалданып, нысан басы тегістелді, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде аудан орталығындағы көліктер бір ғана теміржол өткелі арқылы қатынайды. Өткел жабылғанда 2-2,5 шақырымға дейін автокөлік кептелісі пайда болып, жедел жәрдем, өрт сөндіру, құқық қорғау органдары сияқты кезек күттірмейтін қызметтермен қоса, тұрғындарға да кедергі келтіреді. Көпір пайдалануға берілген соң осы мәселе түпкілікті шешімін табады деп күтілуде.

#AMANAT

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған