Қала орталығындағы «сұр» орталық алаң қайта түлеп, әсем де, көңілді алаңқайға айналғалы отыр. Яғни, «Қызылорда қаласындағы Әйтеке би көшесін Желтоқсан көшесінен Ахмет Байтұрсынов көшесіне дейін, Ыбырай Жахаев көшесін Әйтеке би көшесінен Қорқыт ата көшесіне дейін абаттандыру» жобасы басталып кетті. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Техоснастка-ремсервис» ЖШС жүргізбек.
Соңғы уақыттары облыс орталығында қаланың көркіне көрік қосқан демалыс орындары көбейіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар қала тұрғындарына қолайлы да жайлы жағдай жасау мақсатында және эстетикалық әдемілік үшін жүзеге асырылып жатыр. Сондай игілікті істердің бірі он жылдан астам уақыт жаңартылмаған орталық алаңда басталды. Әлеуметтік желіде қала тұрғындарының көбісі бұл құрылыс жұмысын сынға алуда. Басқа жасайтын жұмыс жоқ па?, Бастаған жұмыстарын аяқсыз қалдырады деген сынды теріс пікірлер бар. Бірақ бұл пікірмен келіспейтіндер де жетерлік. Әрине әрбір тұрғынға өзінің туған жері – Мысыр шаһары. Қызылорда қаласында туып өскеннен кейін тұрғындар қаласының өркендегенін жүректерімен қалайтындары рас.
Бұрындары қала тұрғындары орталық алаңда емін-еркін серуендейтін тынығу орнын кешқұрым у-шу, азан-қазан қылған еді. Сақтық шаралары бекітілмегеннен кейін, бар жылдамдықпен жүйіткіген 4 адамдық велосипедтердің балаларды қағып кету деректері жиі тіркелгенді. Бірақ, бірнеше жылдан бері осы мәселені шешудің орнына көңіл көтеретін саудашылардың санын азайтқаны бәрімізге белгілі. Қазіргі таңда, кешкіқұрым субұрқақты тамашалаудан басқа түк қызық жоқ. Үлкен аумақты алып жатқан жалғыз орталық алаңымызда тұрғындарға арналған ештеңе жоқ деп айтудың өзі ұят секілді. Орталық алаңға біріншіден, үлкен маңызды шараны көлеңкелі, әрі көрікті жерде өткізсек, екіншіден талай жылдан бері қараусыз қалып, тозығы жеткен жолдарды қайта қалпына келтіруге мүмкіндігін тудырсақ. Соның арқасында қала тұрғындары бой жазып, серуендейтін керемет орын пайда болады. Және де қазір көптеген адамдар қаланың тымырсық ауасынан шаршап, демалатын орын іздейді. Сондықтан да алдағы уақытта орталық алаңды әдемілеп қана қоймай, тұрғындарға барлық жағдайды жасап қою керек.
Орталық алаңның тазалығы қала әкімдігінің күнделікті бақылауында. Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебайдың айтқан мәліметіне қарасақ қала тұрғындары, қонақтары демалатын жер түбегейлі өзгергелі тұр. Ол үшін облыстық бюджеттен 1 млрд көлемінде қаржы бөлініп, қосымша демеушілердің көмегімен құрылыс кемінде 4 айдың ішінде аяқталатынын айтты. Сыр елінің бас қаласы-Қызылорда болғаннан кейін оның сәні мен салтанаты қала әкімдігінің тікелей назарында.
«Халық айтса, қалып айтпайды» дегендей, қаланы көркейтіп жатқан, негізінен алғанда кәсіпкерлер. Жергілікті билік тарапынан көрсетіліп жатқан көмек пен қолдау да аз емес. Кәсіпкерлердің «алтын қолдарымен» бой көтерген қаншама сауда үйлері, қоғамдық тамақтандыру, қызмет көрсету орындары мен мейрамханалар бар. Барлығы бірімен бірі жарыса салынып, көркемдігі көңілдерге нұр ұялатады.
Жоба бойынша субұрқақ аумағына брусчаткалар, жолжиек тастар орнатылады. Жарық шамдар қойылып, газондар, көпжылдық жасыл көшеттер отырғызылатын болады. Сонымен қатар, шағын архитектуралық пішімдемелер орналастырылады. Мұнда жаяу жүргінші жолы, жаңа үлгідегі орындықтар, жарық бағаналары және балалар ойын алаңы да қойылады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, демалушылар үшін жайлы орындықтар қойылып, түңгі мезгілде, қала келбетіне сән беретін жарықшамдар орнатылады.
Ыбырай Жахаев көшесінің Қорқыт ата көшесінен орталық алаңға дейінгі аралығы да толықтай абаттандырылады. Жоба жоспардағыдай жүзеге асырылған жағдайда әдетте мейрам күндері мерекелік іс-шараларды ғана тамашалауға жиналатын қала тұрғындары мен қонақтары енді орталық алаңға күнделікті кешкілік серуендеуге келуіне және бір мезгіл таза ауада кітап оқып отыруына жағдай жасалады деген үміт бар.
Қызылорда қаласы Астана болған мекен. Алаш пен қызыл өкіметтің саяси ырғасулары жүріп, Алаштың екінші буын толқыны Сұлтанбек Қожанов бастаған саяси қайраткерлер қызмет етіп, Ахмет Байтұрсынұлының табаны тиген, Бейімбет Майлин шығармаларын дүниеге әкелген тарихи маңызы зор шаһар. Қала көркеюіне осы бастан қол қусырмай бәріміз ат салыссақ, ертеңгі күні республикадағы ең көрікті мекен атануымыз хақ.
Мұхаммедшах Маратұлы