Мемлекет аграрлық саланы қолдауға жыл сайын қомақты қаржы бөліп келеді. Алайда осы қаржы діттеген мақсатқа, ауылдағы маңдайы терлеп егін еккен егіншіге жетіп жатыр ма? Жетпесе оған не себеп?
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыста облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Т.Дүйсебаев субсидиялау мен инвестициялаудағы, жайылымдар мен шабындықтарды дамытудағы, жер бөлудегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы баяндады.
Басқарма басшысының баяндамасын тыңдаған аймақ басшысы қаржының мақсатты жұмсалуы мен жер учаскелерін табыстауда сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін жемқорлыққа қарсы күрес қарқынын әлі де күшейту керектігін айтты.
– Саладағы жіті мән беретін мәселе – шаруашылықтар пайдаланатын тыңайтқыштар құнын субсидиялау. Жаңа қолданыстағы субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесіне сәйкес шаруа қожалықтары тыңайтқыш нормасын көрсететін мәліметті дербес өздері енгізеді. Кейбір субсидия алушылар жүйеге мәлімет енгізгенде қателіктерге жол беріп, артық қаржы төлену тәуекелін туындатады. Жүйедегі кемшін тұстардың салдарынан мемлекеттік қызметші жауапқа тартылуы ықтимал. Сондықтан басқарма басшысына саладағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтау және тәуекелдерді болдырмау үшін қажетті шаралар қабылдау тапсырылды. Анықталған құқық бұзушылықтарды қалпына келтіру, алдын алу және жою бойынша департаментпен бірлесіп бекітілген іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз ету керек, – деп әкім басқарма басшысына тапсырды.