Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаев аймақ басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлы Нәлібаев және партияның облыстық филиалы төрағасы, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Сейітқалиұлы Байқадамовпен бірге Жалағаш ауданы, Таң ауылында егін егу науқанының басталуына орай өткен «Дала күні» семинар кеңесіне қатысты. Фракция мүшесі мұнда облыс әкімімен бірге алдымен «Таң» ЖШС ет өнімдері цехының жұмысымен танысты.
Цехта күніне 5 ірі қара мал сойылып, ет өнімдері шығарылады. Мұнан соң «Дала күні» семинар-кеңесі аясында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы техникаларының және өнімдерінің көрмесін тамашалады. Жабдықтаушы мекеме өкілдерімен пікір алмасты. Ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар пысықталған кездесуде Мәжіліс депутаты М.Ергешбаев партияның сайлауалды бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған кешенді жобаларды жеткізді. Біздің өңір Сыр маржанын өндіріп, еліміздің қоймасын толықтырып отырған бірден бір аймақ. Сондықтан ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету, жаңа және пайдаланылмайтын жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту өте маңызды. Партия бұл бағытта ауқымды жұмыстарды өзінің алдағы бес жылға жоспарланған сайлауалды бағдарламасында қамтып отыр. Мұнан бөлек «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында заңсыз берілген немесе пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтаруды үйлестіруге күш салуда. Мұнан бөлек, жоғары сапалы тұқымды субсидиялау көлемін, өсімін ұлғайтуға және Сырдария өзенінің Күміскеткен учаскесінде су қоймасының құрылысын жүргізуге, «Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің арнасын қалпына келтіру» жобасын,«Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасын іске асыруға ықпал ететін болады», – деді М.Ергешбаев.Сондай-ақ, фракция мүшесі партияның ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттыруға бағытталып отырған «Ауыл аманаты» жобасының мүмкіндіктерін сөз етіп, мұны тиімді пайдалануға шақырды. «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауыл халқының табысын арттырып, тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Жоба аясында үкіметтен ауылдағы азаматтар шаруасын дөңгелетіп, табыс табуы үшін 2,5 пайызбен несие қарастырылып отыр. Қазір қаржы облысқа бөлінді. Ендігі жұмыс осы қаржыны тиімді пайдаланып, табыс көздерін ашу. Облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы аталған жобаға сәйкес облысқа бөлінген қаражатты ұлғайту бойынша республикалық органдармен қосымша бағдарламаның іске асырылу аясын кеңейтуге жұмыс жасап жатыр. Ендігі жерде ауыл тұрғындары бұл мүмкіндіктерді барынша пайдалануы тиіс деді – М.Ергешбав.Егіс алқабындағы «Дала күні» семинар-кеңесінің пленарлық мәжілісінде аймақ басшысы аграрлық саланы өркендетудің біздің өңір үшін өмірлік маңыздылығын атап өтті. Шаруалар қол жеткізген айтарлықтай жетістіктерге тоқталды.«Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте азық-түлік инфляциясын тұрақтандыру үшін Үкіметтің алдында агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсімін қалыптастыру міндеті тұрғанын атап өтті. Осы міндетті орындаудың бірден-бір жолы – жергілікті жерде өндірілетін өнім көлемін арттыру. Биыл облыста 195,6 мың гектарға егін егуді межелеп отырмыз. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 83,9 мың гектарға себіледі.Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егу үшін 5 500 жергілікті тұрғынға қосымша 3 300 гектар жер дайындау жұмыстары жүргізілуде», – деді облыс әкімі.Шара барысында Мәжіліс депутаты танапқа алғашқы дән себу рәсіміне қатысты.