Бізге жеткен ресми ақпарат бойынша Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Қолжетімді интернет» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру жоспарлары қаралған.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ұлттық жобаның негізгі мақсаты азаматтар мен бизнесті кемінде 100 Мбит/с деңгейінде жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз ету екенін баяндапты. Оның баяндауынша, 60 мың шақырым кабельдік телекоммуникация инфрақұрылымын салу арқылы 3 мыңнан астам ауылды интернетпен қамту жоспарланып отыр. Шалғайдағы шағын ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін ғарыштық байланыс жүйесін пайдалану көзделуде екен.
Сонымен қатар 17 000 шақырым республикалық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту үшін 480-ден астам тиісті антенна-діңгек орнатылмақшы. Республикалық деңгейдегі қалалар мен кейбір облыс орталықтарында 5G ұялы байланыстың жаңа буыны енгізіліп, 2027 жылға қарай облыс орталықтарын қамту 60%-ды құрайды екен. Мектептер интернетке зәру болмайды екен. Қазіргі уақытта 3 063 мектепте Интернет жылдамдығы артыпты, ал 2023 жылдың қыркүйегіне дейін тағы 1 402 мектепте дәл осындай жұмыс жүргізіледі. Интернет жылдамдығын арттырудың техникалық мүмкіндіктері жоқ 2 003 мектепке дейін талшықты-оптикалық байланыс желілері (ТОБЖ) жеткізілетін болады.
– Өкінішке орай, бұл салада жүйелі жұмыстарды көре алмай отырмыз. Биылғы жылдың басынан бері Үкіметке байланыс және ақпараттандыру мәселелері бойынша азаматтардан 5 мыңға жуық өтініштер мен шағымдар келіп түсті. Олардың басым бөлігі интернеттің жылдамдығы мен сапасына қатысты. Сонымен қатар елді мекендерде, тіпті ірі қалалардың өзінде мобильді интернет жоқ, немесе сапасы нашар. Мұндай шағымдар, әсіресе Алматы мен Астанада көп.
Қазіргі таңда адамдар бірінші кезекте интернеттің сапасына қарайды. Жай ғана желі тартып беретін кезеңнен өттік. Халыққа сапалы байланыс пен жылдам интернет қажет. Олар тарифтердің ақысын толығымен төлеп отыр. Сондықтан сапалы қызметті талап етуі орынды, — деп атап өтті Премьер-Министр.
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар