Ауыл шаруашылығы министрлігінің gosagro.kz порталы арқылы үш айда тауарөндірушілердің субсидияға қатысты бар болғаны 20 өтінімі ғана қабылданған. Қаңтарда жұмысын бастады деген жүйе сәуірде ғана өтінім қабылдаған. Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен кездесуде айтылды. Шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Цифрландыру департаменті директорының орынбасары Әлем Жұмабеков, Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, Қызылорда қаласы мен аудан кәсіпкерлері қатысты.
Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов жыл басында іске қосылған gosagro.kz порталының жұмысына қатысты ауылшаруашылық тауар өндірушілерінен және қаржы институттарынан көптеген шағымдар түсіп жатқанын жеткізді.
«Цифрлық жүйенің жұмыс барысында кездесетін кедергілер мен техникалық ақауларға байланысты көптеген сұрақтар туындап тұр. Соның салдарынан біраз шаруа мемлекет тарапынан берілетін пайыздық мөлшерлеменің субсидиясын жыл басынан бері ала алмай отыр. Нәтижесінде несиелерін жоғары пайызбен жабуға мәжбүр. Кей кәсіпкерлер несие тарихын бұзып алғанын да айтуда», – деді Палата директоры.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының өкілі Лена Андакулованың айтуынша сәуірде тауарөндірушілердің 20 өтінімі қабылданған.
Кездесуде шаруалар өткен айларда кешіктіріп төлеу салдарынан несие тарихының бұзылғанын айтып, бұл мәселені үкіметтік деңгейде шешуді сұрады. Кездесуде Ауыл шаруашылығы министрлігінің Цифрландыру департаменті директорының орынбасары Әлем Жұмабеков шаруалардың көтеріп отырған мәселесі орынды екенін, сол үшін өңірлерді аралап түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жүргенін айтты. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің порталмен жұмыс барысында кездескен қиындықтарының себебін анықтау үшін ұсыныс-пікірлерін жинақтап, әріптестерімен жүйені жетілдіріп жатқанын атап өтті.
Шарада кәсіпкерлерге порталдың жұмысы, өтінім беру тәртібі кезең-кезеңімен түсіндірілді. Кездесуде шаруалар министрлік өкілінен портал жұмысында Қызылорда облысындағы егістік жерлердің ерекшелігін ескеруді ұсынды.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар