Шиелі ауданында 10-нан астам киіз үйлер тігіліп, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды айшықтайтын қойылымдар қойылды. Ән мен күй әуелеп, ұлттық ойын түрлерінен сайыстар өткізілді. Сондай-ақ, тұрғындарға арнап дастархан жайылып, Наурыз көже мен түрлі дәмдер берілді.
Айтулы шараға аудан әкімі Нұржан Ахатов, құқық қорғау органдарының басшылары мен батагөй қариялар да қатысып, аудан басшысы барша аудан жұртын қазақ халқының төл мерекесі Наурыз мейрамымен құттықтады.
– Ардақты ағайын! Құрметті аудан тұрғындары! Күн менен түн теңеліп, тіршілік атаулы оянып, айнала қуанышқа бөленетін Ұлыстың ұлы күні – жыл бастауы әз-Наурыз баршаңызға құтты болсын!
Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат[1]анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп бағалаған. Біз де осы дәстүрден жаңылмай жыл сайын төл мерекемізді сән-салтанатымен қарсы алып келеміз.
Жалпы биылғы жыл аймағымыз бен ауданымыз үшін табысты, берекелі жыл болады деген үлкен сенім бар. Себебі биыл Сырдария өзенінің сағасы қайта суға толып, жылдар бойы табаны кеуіп, таңдайы қураған дариямыз бен көлдерімізге түгелдей су жиналды. Бұл жаңалық нәпақасын осы қара жерден айырып отырған шаруалар мен жалпы аудан халқы үшін үлкен қуаныш болды.
Күні кеше ғана еліміз үшін саяси маңызға ие Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауын халқымыздың бірлігі мен ынтымағының арқасында абыроймен өткізіп, аймағымыз халықтың белсенділігі жөнінен республика бойынша көш бастады.
Осы ретте, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы 2022 жылы өткен Жалпы халықтық референдумда және Президент пен Сенат сайлауында бірліктің озық үлгісін көрсеткен Сыр жұртшылығының осы жола да алдыңғы қатардан көріне[1]тініне риясыз сенгендігін, және сол үмітінің ақталғанына шексіз қуанышты екендігін жеткізуде, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Мұнан соң мерекелік шара театрландырылған қойылымдарға ұласып, аудан өнерпаздары ән мен биден шашу шашты. Тіпті, бір мезетте 80 балдырған домбырашы шығып, ұлттық аспабымыз домбырамен әсем күйді әуелетті.
Сондай-ақ, шара барысында аудан әкімі ата-анасының өтініші бойынша балдырғанның тұсауын кесіп, оның ғұмырлы, елге сыйлы азамат болуы үшін ақ тілегін арнады.
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар