Таразда жағдайдың осыншалықты ушығып кететінін ешкім де білген жоқ. 4 қаңтарда Жамбыл облысындағы көпбалалы, аз қамтылған отбасылар қала әкімшілігіне келіп, өз талаптарын қоя бастады. Олар көтеріп отырған мәселелер бұрыннан айтылып жүрген еді. Бірақ бұған дейін де облыс әкімі, қала әкімі және орынбасарлары, сондай- ақ, тиісті департамент басшылары да көптеген жекелей тақырыптық отырыстар ұйымдастырған болатын. Тіпті бұл кісілердің көтеріп отырған проблемалары бір күнде, бір мезгілде шешілмейтіні де ескертілген еді. Неге десеңіз, аз қамтылған отбасылардың басым бөлігінің қоятын талаптары мемлекеттің қолданыстағы заңдарына сай келмейтін.
Олардың көп қозғайтын мәселесі – пәтер. «Барлығымызға кезексіз пәтер беріңдер» дейді. Қазақстанда пәтер заңға сәйкес беріледі, яғни, оның өзінің кезегі бар. Қай кезеңнен бастап кезекте тұр, сол тізімге байланысты үйге қол жеткізе алады. Айта кету керек, әкімдік көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың өзінің жеңілдетілген кезегін қарастырған. Бұл мәселенің басы ғана.
Екіншіден, барлық балаға 42 500 теңгеден атаулы әлеуметтік көмек берілсін деген талап айтылып жүр. Ол да заң нормасында емес. Келесі айтатындары – азық-түлік бағасы. Әкімдік азық-түлік бағасымен күнделікті айналысқан. Арнайы көпбалалы, аз қамтылған отбасыларын арзандатылған 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін өңірде 37 әлеуметтік дүкен ашылған оның ішінде тең жартысы – қалада. Халық осындай сұрақтармен келіп, айғай шығара бастады. Оларды естіп, қалғандары да қосыла кетті. Әрине, арандатушылар мен бүлікшілер үшін бұл таптырмас мүмкіндік болды.
Қауіпсіздік департаментінен хабар келе бастады. Баяндамада шеруге шыққан халықтың арасына бүлікшілер мен арандатушылар қосылып үлгергені айтылды. Кейіннен әкімдік шұғыл штабтың отырысын өткізді. Тиісті құқық қорғау органдарына, прокуратураға қоғамдық тәртіпті сақтау үшін жедел тапсырмалар берілді. Өкінішке қарай, күш құрылымдары тез әрекет етсе де, кешкі сағат бестерде қала әкімшілігінің алдына жиналған халықтың арасына арандатушылар мен бүлікшілер қосылып үлгерген еді.
Әкімшілік бұл кезеңде қоғам өкілдерін, зиялы қауымды, ардагерлерді, депутаттар мен спортшыларды жинап, ереуілге шыққан халықпен диалог құруға шақырды. Олардың сөзіне ермей, нанбағаннан кейін алаңға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі шықты. Ол мыңдаған адамның алдында барлық жағдайды түсіндіріп, халыққа басу айтты. Шынын айтқанда, жиналғандар өздеріне не керек екенін де білмеді. Әр нәрсені бір айтып, үлкен дау бастағылары келіп тұрды. Билік қанша тырысса да, құлақ аспады, сөзді тыңдағысы келмеді. Ең өкініштісі, алаңға шыққан адамдардың көбі жастар еді. Жиынға шыққандардың басым бөлігі мас болып шықты. Ешқандай тәртіпке бағынбады. Мұндай бассыздықты олардың өздері ұйымдастырмаған, бөтен адамдардың қолы анық байқалды.
Неге ұйымдасқан топ десеңіз, біріншіден, бұлардың әрекет ету алгоритмі миға қонымсыз. Өйткені олар қарапайым халықты айдап салып, өздері көлеңкеде қалып қояды. Шеруде міндетті түрде алдыңғы шепте бір-екі машина жолды ашып береді, сосын артта тағы да бірнеше машина халықты ертіп, ұрандатады. Мұның барлығы қаладағы камераларға түсіп қалған. 15-23 жас аралығындағы жастар мен әйелдер жүр. Ал ұйымдастырушылардың өзі олардың артында көрінбей тұрады. 6 қаңтарда Тараз қаласы әкімдігінің және Жамбыл облысы мемлекеттік кірістер департаментінің ғимараттарына шабуыл жасады. Шамамен 500 адамнан тұратын қарулы топ ғимараттарға оқ жаудырды, нәтижесінде полиция қызметкері қаза тапты. Құқық қорғау органдары жауап ретінде оқ жаудырды, нәтижесінде 11 қылмыскер опат болды.
Медициналық зерттеулердің нәтижелері бойынша 9 шабуылдаушы мас, екеуі есірткі заттарын қолданған. Шеруге қатысқан 1500-ге жуық адамды полиция бөлімшелеріне жеткізп, олармен жекелей жұмыс жүргізілді. 400-ге жуық күдікті тіркелді. Ұйымдасқан топ өкілдері де белгілі болды.
Өзін айтуды қаламаған Тараз қаласының тұрғыны, ішкі істер бөлімінің ардагері бізбен әңгімесінде біраз нәрсені айтып берді: «Орталық алаңда жұрт жиналды. Бірінші күні тыныш болды. Ол күні тарқады. Екінші күні кешке қарай тағы жиналды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев халықтың алдына шығып, Президенттің, мемлекеттің саясатын түсіндірді. Жастар, әйелдер әкімді тыңдамай, ащы сөздер айта бастады. Әйтеуір екінші күні де алаңға жиналғандар бейбіт тарқады.
Алаңға жақын жерде тұратынмын, өзіңнің туған қалаңа жаның ашиды ғой, жастар босқа арандап қалмасын деген ниетпен үшінші күні де алаңға бардым. Келсем, алаңда бес-алты жас жігіт жүр екен. Оларға арандап қалмау керектігін түсіндіріп айттым. Олар көнді. «Ондайға бармаймыз» деді. Бірақ сол күні де ол жерде көп адам жиналды. Түнгі екіде әзер тарады.
Ертеңгі күні кешке жақын айқай күшейіп кетті. Айқай-ұйқай. Алаңға тағы бардым. Облыстық әкімшіліктің алдында ішкі әскер мен полиция тұр екен. Екінші бетінде жастар, әйелдер және қарт адамдар жиналып қалыпты. Олардың артында біреулер тұрғаны маған белгілі болды. Қайта-қайта тас лақтырады. Таяқ лақтырады. Талдың тасасында қарап тұрдым. Құрылым күштері анда-санда ортаға граната лақтырып, айқай-шуды басып қояды. Түтін шашкаларын лақтырып та көрді. Бір кезде арандатушылар жастарға сусын таратып жүргенін де көзім шалып қалды. Әлгі сусынды жастардың ішуі мұң екен, батылданып шыға келді. Мен сол кезде бұл сусындарға наркотик құйылғанын байқадым. Осы сусынды ішіп алған жастар полицейге қарсы бөтелке лақтыра бастады.
Манадан бері арандатушылар жаққа қарай айқай-шуды басу үшін граната лақтырып тұрған полицейлер де үнсіз қалды. Сөйтсем, олардың гранаталары таусылған екен. Дүрліктіріп жүргендер осыны байқаса керек, сол сәтте алға қарай адамдарды айдап салды. Полиция қызметкерлері шегіне бастады. Мен де әкімдікке қарай ойыстым. Солдаттар да қаша бастады. Алдына жастарды салып, арттарынан басқарып келе жатқан арандатушылар әкімдікке басып кірді. Әр жерден өрт шыға бастады. Шынымды айтайын, ол жерге бара алмадым.
Таң ата шығып қарасам, облыстық әкімдік пен «Нұр Отан» партиясының ғимараты өртеніп кетіпті. Көше толған – бөтелке, тас, сынып жатқан «Молотов жарылғышының» ыдыстары. Анық білетінім, күштік құрылым тарапынан атыс құралы қолданылған жоқ. Сол күні «бүлікшілер түнде тұңғыш президент паркінің алдында жиналады екен» деп есіттім. Олардың жаман ойы қалалық әкімшілікті, «Март» деген дүкенді, Тараз қалалық ТЭЦ- ті басып алу екенін де естіп білдім.
Кешке жақын үйде жалғыз болдым. Сол күні түнде он бірден аса үйден шығып, алаңға жақындап бардым. Автоматтың дауысы естіле бастады. Адамдардың айқайлап қашқан дауыстары естілді. Мен де қашып кеттім. Бір ағаштың жанына барып тыңдап отырмын. Қалың тұман болды.
Ертесіне таңғы алты жарымда алаңға қайта бардым. Бәйдібек бабаның ескерткішінің жанында екі-үш жерде қан көзіме шалынды. Қала әкімшілігі аман екен. Қаруланған әскери үш адам тұр. «Ары барыңыз» деген соң кетіп қалдым. Салық комитетіне қарай жүріп едім, үш адам өліп жатыр. “Арал” деген кафенің жанында тағы бір өлікті көзім шалды. Осыдан байқадым, түнде арандатушылар мен күштік құрылым арасында біраз шайқас болған сияқты.
Біріншіден, бұл әдейі дайындалған топтың іс-әрекеті деп білемін. Жаңатас, Меркі, Луговое және Таразда елдің бәрін дүрліктіріп, «алаңдарға шығыңдар» деп ұйымдастырған әдейі күштер болған. Арнайы, өте жоғары деңгейде дайындалған. Тараз қаласы күштік құрылымдары да қате жібергенін ішім сезеді. Үш-төрт күн бұрын «сақалдылар» Таразға келген. Кафелерде отырғанын талай адам көрген. Бірақ күштік құрылымдар бұл мәселеге бас қатырмаған, шара қолданбаған.
Екінші мәселе. Күштік құрылымдардың сатқындығын айтқым келеді. Жоғарыдағы күштік құрылымдар басшыларынан Таразға нұсқау болған. Сонан болса керек, Тараздағы күштік құрылымдардың басшыларынан бастап барлық қызметкерлері өздерінің қызмет орындарынан кетіп қалған. Полицейлер жұмыс орындарынан өз заттарын алған да, қару- жарақтарын тастап кеткен. Халық емін- еркін кіріп, қаруларды қолды қылған. Мұны ел Президентіне қарсы жасалған қастандық деп ойлаймын. Билікті қолға алу үшін бәрін әдейі жасаған. Мұндай масқараны көрген емеспін.
Осы оқиға барысында көптеген кемшіліктердің орын алғанын, әншейінде барлық қиын жағдайларға дайынбыз деген көптеген лауазымды қызметкерлер мен органдардың дәрменсіздігін көріп қапаландым. «Ауылыңның иті жаман» десе, намыстанатын қазақпыз ғой. Кезінде саналы өмірімізді арнап, қызмет еткен Жамбыл облысының полиция департаменті, Тараз қалалық басқармасы мен 1-ші полиция бөлімін ешқандай қарсы шабуылсыз бүлікшілерге тастап кетіп, олар ол мекемелерді қиратып өртеп кетіпті дегенде алғаш сенбедім. Тағы бір ардагер екеуміз барып қираған, өртенген полиция үйлерін көргенде көзімізге жас келді. Пушкин көшесінде өртенген үйді күзетіп жүрген, кезінде өзім жұмысқа қабылдаған жігіттерге «Не болды, неге осылай өртеп, қиратуға жол бердіңдер?» десем, «Біз қорғауға дайын тұрдық, бірақ жоғарыдан «Мекемені тастап кетіңдер» деген нұсқау алып, үйлерімізге қайттық» дейді. Сөз саптауларынан өздерінің де намыстан ұялып жүргендері көрініп тұр. Облыстық әкімшілікті облыстық полиция департаментінің үлкен лауазымында жүргендер тастап, қашып кеткен.
Бірақ риза болған сәттерімді де айта кетейін. Кезінде жұмысқа өзім қабылдап тәрбиелеген, алғашқы өсу қадамдарына қолдау көрсеткен Күзет басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Үдергенов өзінің қарамағындағы жүзге жуық қызметкерлерімен ғимаратты 2 мыңнан астам бүлікшілерден соңына дейін қорғап тұрған екен. Соңында саны көп бүлікшілер ғимаратты басып алып, оларды әкімшіліктен ығыстырып қуып шыққан. Ал бүлікшілер Бауыржан Үдергеновтің өзін барлығы жабылып ұрып, тепкілеп соққыға жыққан. Қайғылы қорытындыдан тек сол бүлікшілердің ішінде әлі де болса адами қасиеттен арылмаған төрт-бес жігіттің араласуымен аман қалған. Көк ала қойдай таяқ жеп, денесінің ауырғанына қарамастан өзі басқаратын мекемеге келіп, қызметкерлерін қаруландырып, қандай жағдайда болса да өзіміздің мекемемізді қорғаймыз деп өзі бастап сақадай сай отырған. Олардың сондай өжеттігінен қаймықты ма, әлде басқа жағдайлар әсер етті ме, бүлікшілер оларға келуден бас тартыпты. Оның есесіне бүлікшілер облыстық және қалалық, 1-ші полиция мекемелерінде ойларына келгенін істеп, күл-талқанын шығарып, қиратып, түк қалдырмай өртеп жіберген. Облыстық полиция департаментінің балансындағы барлық қызметтік қаруларды алып кеткен.
Сол департаменттегі өзім білетін қызметкерлер «Егер Бауыржан Үдергенов облыста бастықтың орынбасары болғанда мынадай ұятқа жібермейтін еді» дейді. Мүмкін солай шығар. Осыдан екі жыл бұрын Қордайдағы дүнген оқиғасы болған кезде ол кезекті еңбек демалысында сыртта болған екен. Сол оқиғаны сыртта жүріп естіп, демалысын тастап келіп, екі айдай үй бетін көрмей Қордайдағы оқиғаның салдарын жоюға, қоғамдық тәртіп сақтау жолында жүргенде «козел отпущения» жасап орнынан алған еді.
Ешқандай кінәсі жоқ екенін білсе де, Отанның солдаты емес пе, құп болады деп, төмендетіп жіберсе де, ренжімей өз қызметін бар күш-жігерін салып, жоғарғы деңгейде атқарып жатыр. Мен оны мақтап, ұпай алайын дегенім жоқ. Кезінде өзім органға қабылдап, тәрбиелеп жол көрсеткенімді, Бауыржан Үдергенов соларды құлағына құйып, антына адал болып, жақсы, талантты, әділ басшы болғанына қуанып та, мақтанып та ой бөліскім келді. Ішкі істер министрлігі осындай жігіттерді көтеріп, сенім білдірулері керек. Міне, сонда ғана билік халықтың қолдауына ие болар еді».
Тағы бір мысап, 6 қаңтарда Отар блокбекетінде бір көлік ұсталды. Іші толған қару ең маңыздысы, қайдан келгені белгісіз, көп ақша тәркіленді. Өзіміздің теңге, қырғыздың сомы, рубль және доллар толған сөмкелер. Бұзақылардың айтуынша, оларға ақша берілген. Қолдарына 20 мың теңге ұстатқан, егер алаңда көбірек қалатын болса, үстіне тағы қосамыз деп жалған уәде берген. Бұл сөзге сеніп, алаңға шыққан жастар көп, сол себепті де тәртіпсіздікте қолға түскендердің басым бөлігі жастар болып отыр. Оқуға енді түскен балалар ғой, не түсінеді дейсің?!
Облыстық құқық қорғау органдары Қырғызстан мен Түрікменстанның азаматтарын қолға түсірді. Дерек бойынша, олар – Тараз қаласының студенттері. Ал сырттан келген басқа шетел азаматтары қосымша анықталды. Таразда 5 тергеу тобы құрылып, 2 мыңға жуық адамның барлығын анықтады. Олар кімдер, қайдан келді, мақсаты не, қай елдің азаматы, тәртіпсіздікке неге барды және не пайда тапты деген сұрақтарға жауап табылды. 20 адам соттың шешімімен айыпталып, қамауға алынды. Араларында басқа мемлекеттерден келгендер де болды. Мысалы, Қырғызстанның, Ресейдің нөмірімен жүрген көліктер, сондай-ақ, нөмірсіз жүргендері тағы бар. Бейбіт шеруге шыққандардың қатарында салафиттер мен сақалдылар көп. Олар қаланың шет- шетінен адамдар тартып, сепаратизмге шақырған. Болжам бойынша 2000-дай адам болды. Соның өзінде әскер де, полиция да тек заңға сәйкес әрекет жасады.
Облыс әкімі қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Полиция департаментінің, Ұлттық ұлан қолбасшылығының әскерлерін әкімдіктің алдына жинады, бірақ олардың қолында ешқандай қару болған жоқ. Мәселен, Ұлттық ұлан әскерінің қолында өзін қорғайтын қалқаны ғана болды. Ал әскерилерде қалқан да жоқ, ұстағандары тек күрек болды. Сөйтіп, билік жиналған қауыммен тағы да бір сөйлесіп, ортақ мәмілеге келмек болды, бірақ, өкінішке қарай, бұл жолы да сөзге құлақ асқан жан табылмады. Дегенмен, түнге таман халық әкімшілік алаңынан тарқай бастады. Сол кезеңде облыс әкімдігі мониторинг жасап үлгерді. Басқа өңірлердегі ахуалды бақылауға алды, әсіресе, Жаңаөзен, Ақтау, Атырау, Ақтөбедегі жағдайларды жекелей қарады. Ертесіне облыстық арнайы штабтың жедел отырысы өтті. Онда да тиісті тапсырмалар берілді. Ең негізгісі, әрине, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, тыныштық орнату болды.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің әскері Жамбылда болған жоқ. Облыс әкімі ҰҚШҰ әскері және басқа өңірден көмекке әскер керек емес деп шешті. Олар өз күштерімен облысты қорғай алды. Әрине, бастапқы кезде әскер күші жеткіліксіз болды. Оның үстіне, Жамбыл облысы – шекаралық аймақ. Қырғызстаннан және олар арқылы Ауғанстаннан, Сириядан басқыншылар келу қаупі болды. Сондықтан да облыстың басқа елмен шекарасы бекітіліп, барлық жерге блокбекет қойылып, қосымша күш жұмылдырылды.
Дүрбелең басылғанша облыс басшылығы күн-түн демей, осында жүрді. Олардың ең негізгі міндеті халықтың ішіне іріткі салдырмау, халықтың тұтастығын сақтау болды. Мұнда ешқандай қару-жарақ қолданылған жоқ, ешкімді ешкім атқан жоқ. Алайда жағдай бақылаудан шығып, тәртіп пен заң бұзылғаннан кейін, әрине, қару пайдаланылды. Оның үстіне, төтенше жағдай мен комендаттық режим енгізілді.
Жамбыл облысының тұрғыны Алматыға келіп, 4 қаңтарда телеграм арнасын ашқан. Оған бірнеше мың адам жазылған.
Телеграм арналар арқылы мынандай нұсқаулық берген:
– баррикадалар жасау;
– «Молотов жарылғышын» дайындау;
– тәртіп сақшыларына қарсылық көрсету;
– ғимараттарды басып алу.
Осы арна арқылы 5 және 6 қаңтарда бүлікшілердің қозғалысы және Жамбыл облысындағы мемлекеттік нысандарға шабуыл жасау туралы ақпарат жіберілген.
Халық Қасым-Жомарт Кемелұлының үндеуінен кейін ақ пен қараны ажырата бастады, барлығын түсінді. Соның нәтижесінде коммуналдық мекемелер, мемлекеттік органдар, қоғамдық көліктер, сауда үйлері және басқа да обьектілер штаттық режимде жұмыс істей бастады. Облыстағы барлық мәселе шешілді.
Облыста зақым келген 7 мемлекеттік нысан бар, оның төртеуі полиция бөлімшелері, одан кейін Nur Otan мен әкімшілік ғимараты, сондай-ақ, 4 бизнес объектісі есепке алынды. 7,6 миллиард теңге шығын келді. Полиция ғимараттары көп қаржыны қажет етіп отыр. Ол жерде сервер жанып кеткен. Nur Otan ғимараты 1956 жылы бой көтерген. Ортасы ағаштан соғылғаннан кейін өрт салдарынан опырылды.
Полиция департаментіне шабуыл жасалды, ол жерден мыңдаған оқпен қару ұрланды. Бейбіт халық бір-бірімен соғысты. Полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов өзіне қол жұмсады. Ол талай өңірдің күш құрылымын басқарды. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болған. Бұл жерде бір затты кесіп айту қиын. Әрине, оған оңай болған жоқ. Ол басқарған Департаментте қызметкерлер саны аз болды. Дер кезінде тойтарыс бере алмағанына өзін кінәлады ма, ешкім білмейді. Болып жатқан жағдайлар Полиция департаментінің басшысына, одан қалды генералдың намысына тиді. Соның барлығын саралаған болар, біз анығын білмейміз.
Дүрбелеңде қаза тапқандардан бөлек, із-түссіз жоғалғандар бар, сондай-ақ, мүлкіне зақым келген бизнес өкілдері де аз емес. Күш құрылымдарында адам шығыны бар. Олардың отбасына жергілікті бюджеттен 5 миллион теңге төленді. Оған қосымша ретінде заңға сәйкес әлеуметтік жәрдемақы болды. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша олардың баспанасы болмаса, үй берілді, несиелері болса, толығымен өтелді.
(Жалғасы бар)
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар