Қалың нөпірге Шымкент қаласы әкімдігі алдынан мыңнан аса адам келіп қосылды. Олар бірігіп, әкімдік алдына барды да, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің келуін талап етті.
Осындай бір ғаламат толқыныс, адамдардың ерекше көтеріңкі көңіл күйде жоғары жаққа өз үндерін естіртуге деген құлшынысы, ерік-жігері, өркениетті елдердегідей мәдениетті түрде талап қойып, жетістікке жетуге деген ұмтылысы әлдекімдер әкімдік ғимаратына тас атып, әйнектерін сындыра бастағанда быт-шыт болды. Күні бойы айтылған ескертулер әдірәм қалды. Халықпен араласып кеткен бұзақы топ, елді арандатып жіберді. Дегенмен, басу айтқан кейбір намысты жігіттер бұзақыларды ұстап алып кетіп, «Сындырма!», «Бүлдірме!» деп айқайлап жатты. Бұл кезде әкімдік алдында полицияның қыбыр еткен ізі байқалған жоқ еді.
Әрі қарай адам сенгісіз оқиғалар басталды. Жүздеген наразы жұрт әкімдік жанындағы Көрме орталығына қарай ағылды. Әлдебіреулер полиция көлігінің үстіне шығып, тепкілеп, қолындағы затпен ұрып, терезесін шағып жатты. Желіккен тобыр полиция көлігін аударып тастады. «Көліктің бәрін қиратайық» деп бір бұзақы қалғандарын шақырып жүр. Бірақ халық «Қойыңдар! Арандап қалмаңдар!» деп шыр-пыр болып жатты. Оған қараған желіккең топ жоқ, полиция көлігін қирату жалғаса берді. Тарс-тұрс, гүрс-гүрс…
Жұрт ес жиып үлгермеді, он минуттың ішінде ондаған көлік қиратылды. Қою түтін мен шаң араласып, адамдардың кейбірін қорқыныш пен үрей билеп алды. Басбұзарлардың жоспары жүзеге асты. Елдің бейбіт бас көтеруін қанды қырғынға ұластырып жіберді. Және олардың бар әрекеті жоспарлы түрде іске асты. Сол жерде бұзақылардың басқарушылары жүргендеріне де ел куә.
Мәселен, оқиғаны камераға түсіріп тұрған «Азаттықтың» тішісі Дилара Исаға белгісіз адамдар бірнеше рет келіп: «Мына жігіттерге обал болады, фото-видеоға түссе, ертең қамалады, түсірмеңіз» деп сұрады. Ол жауап бермей, әрі қарай түсіріп тұрған кезде екінші рет келгендер қолынан ұстап, «Шетке шық, видеоға түсіруіңді тоқтат!» деп бұйырды.
«Журналист екеніңізді білемін, түсірмеңіз!» деді үшіншісі ашулы үнмен. Осы сөзді айтып тұрған сақалды, шолақ балақ 25-тердегі жігіт. Журналист «Кедергі жасамаңыз!» деп қолын итеріп еді, «Мына журналист полициямен бірге екен!» деп айқайлай бастады. Оның жанына мектеп жасындағы жасөспірім жүгіріп келді де «Қазір ақиларға айтсақ, сындырады» деді. Әлгілер айқайлап, шақырғанымен қолдауға ешкім келмеді. Біраздан соң «Түсірмеңіз» деп ашулы үнмен ескерту айтқан белгісіз адам жөніне кетті. Өзіне шабуыл жасалған соң жеке қауіпсіздігін ойлап, журналист сағат түнгі 03.00 шамасында алаңнан кетіп қалған. Үйіне кіргенге дейін белгісіз адамдар оның ізіне түсіп, аңдумен болған.
Міне, осы оқиғаның өзінен кімдер басшы, кімдер қосшы болғанын, халықты арандатып орға жыққандар кімдер екенін айтпай-ақ түсінуге болады. Жағдай күрделеніп, шиеленісіп кеткен соң 5 қаңтарда қалада интернет толық өшті. Сағат 12.00 шамасында қарулы полиция мен әскерилер тізіліп, әкімдікті күзетіп тұрды. Әкімдік жанында ондаған полиция көлігі төңкеріліп, қирап жатқан.
Қаңтардың 5-нен 6-на қараған түні Шымкент қаласының әкімдігінің ғимаратына қарулы шабуыл жасалды. Бейбіт шеру жайына қалды. Атыс қаруларымен қаруланған агрессивті топтар білгендерін істеуге кірісті. Кейбір дерек көздеріне қарағанда, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз етуге жұмылдырылған полиция қызметкерлері 3 мыңнан астам бұзақылар шабуылына тосқауыл қою керек болған.
Соның өзінде полиция қызметкерлері тек резеңке оқтар мен жарық-шу гранаталарын қолданды. Алайда, көрсетілген шаралар қылмыскерлерді тоқтатпады. Шабуыл жасаушылардың өздеріне сенімділігі сонша, қайта- қайта бас көтеріп, үш мәрте әкімдікті алуға ұмтылды. Осыдан кейін өз қызметкерлерінің өміріне нақты қауіп төнгеннен соң полицияға атыс қаруын қолдану туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде 20 лаңкес қаза тапты.
Ал енді полицияның мәліметінше, 4 қаңтарда Шымкент қаласының тұрғындары әлеуметтік желілерді пайдаланып, әкімдік ғимараты мен қала алаңдарында санкцияланбаған акциялар өткізу туралы жариялаған. Видеодан бейбіт митингінің соңы жаппай бұзақылыққа ұласқаны, наразылық білдірушілер қала әкімдігіне келіп, полицейлерге мақсатты түрде шабуыл жасағаны анық көрінеді. Осы оқиға кезінде Шымкент қаласы әкімдігінің ғимараты бүлінген. Бұзақылар есіктерін сындырып, компьютерлерді ұрлап кеткен. Олар қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні орталық алаңда полицияның қызметтік автокөліктерін қиратты, металл арматурамен қаруланып, құқық қорғау қызметкерлеріне қатысты зорлық- зомбылық жасады, содан кейін әкімдік ғимаратына шабуыл жасауға белсенді түрде қатысты.
Бүлікшілер «Нұрсат” шағын ауданында орналасқан «Метро» сауда үйінің есік- терезесін таспен сындырып, ішіндегі банкоматты алып шығып, жүк көлігіне салып ұрлап кеткен. Олардың көпшілігі мас болған. 6 қаңтарда әкімшілік ғимараттары, қару-жарақ дүкендері, банк филиалдары, банкоматтарға күзет қойылған. Сол күні полицияға 3520 адам жеткізілген. Қаратау ауданының тұрғыны екенін айтқан жеке кәсіпкер Ерхан Құданбаев оң көзінен айырылған. Сөзіне қарағанда, 5 қаңтарда бейбіт жиынға қатысқан. Келесі күні досының шақыртуымен ортақ танысын іздеуге үйінен шыққан. Жол бойында оқ тиіп мертіккен.
«Нұрсатта» жолдас балам тұратын еді. Бір бауырын таппай жатырмын деп үйіне шақырған соң барғанмын. Көлікпен шығуға қорықтым, бүлдіре ме дел. Көрме орталығының арты, Отырар кітапханасының алдынан жаяу өтіп бара жатқам. 6 қаңтар, түнгі 23.00-00.00 шамасы еді. Бәлесінен аулақ деп алыстан айналдым. Тұмандатып тұрған. Бір жақта 1,5 мың адам, қарсы бетте әскерилер. Адамдар тас атады, аналар жарықшақ граната, газ лақтырып жатыр. Қалай болғанын білмеймін, аяқ астынан сарт етті. Есімнен айырылып қалып құладым. Есімді жисам, қансырап жатыр екем. Шок күйдемін. Жолға шығып бірінші кезіккен көлікті тоқтатып, «ауруханаға жеткіз», – дедім. «Мерседес-124» маркалы көліктің жүргізушісі де жүректі екен. Салонның бәрін қан қылып тастадым. Бағдаршамның қызыл түсіне қарамай басып алып барды. Ауруханаға өз бетімше жеттім, оның өзінде анау жігіт жолығып, жолым болды. Әйтпесе, ол жерге жедел жәрдем келмейтін еді, айнала быт-шыт болып жатты», – дейді оққа ұшқан жігіт.
Ерхан Құданбаев өзін кімнің қайдан қалай атқанын білмейді. Одан бір күн бұрын, яғни, 5 қаңтар кешкісін өткен бейбіт митингке қатысқанын жасырмады. «Бүлік басталғанға дейін әкімдік алдындағы наразылықта адамдар өзін ұстады, өте мәдениетті ұйымдастырылды», – дейді. Сәрсенбі кешкі уақытта алаңда 8 мыңнан аса адам жиналған. Оқиға орнында болған куәгердің сөзінше, азаматтар топтасып, талаптарын ашық білдірген, әкімнің келуін сұраған. Микрофонмен кезектесіп сөйледі, рухтандыратын ән-күй қойылды, «арандатуға берілмейік» деп қайта-қайта басу айтып, жиынның шырқын бұзбауға тырысты.
«Отбасылымын, бір қызым бар. Жоғары білімім мен кәсібім бар. Бүлікке баруға мүдделі емеспін. Конституцияда жазылған құқым мен талабымды 5 қаңтарда бейбіт түрде айттым. Болды!.. Жерлестеріме риза болғаным, кешкі 20.00-ден бастап 4-5 сағат бойы бейбіт тұрды. Сөз сөйлеген ағалар «барлық дүние бауырларымыздың мүлкі, бір әйнек шағылмасын» деп тәртіпке шақырды. Ақсақалдар болды. Көпшілік бейбіт түрде тып-тыныш тұрды, «әкімге талабымызды айтамыз, жауабын берген соң тарқаймыз» деген. Әкімнің орнына қарулы күштер мен әскерилер қаптай бастаған соң көпшілік әбден ызаланды. Әкімдіктен ешкім шықпады. Оған дейін бәрі әдемі болды, сөзге келмей, түп-түзу тұрды, бір жапырақ түскен жоқ. Шерудің бейбіт болғаны соншалық, жаңа жылдық декорациялардың бір шамы да бүлінбеді», – деген Ерхан Құданбаев түн жарымына дейін бұзақылық болмағанын алға тартады.
Кеш қарая күн суып, қарны ашқан, алдына ешкім шықпаған жұрт қала басшылығынан өкіл келмегеніне ашынып, үлкендері үйді-үйіне қайта бастаған. Куәгердің пікірінше, көптің шамына тигені – бейбіт диалог жүргізудің орнына алаңға темірдей құрсауланған ішкі әскердің әкелінуі. Ерхан Құданбаев топтың үлкендері қайтқан соң үйіне оралған. «Естуімше, 6 қаңтарға қараған түні 01.00-02.00 белгісіз арандатушылар бүлік бастады. Сол түні 10- 15 көлік өртенді. Келесі күні ұры-қарылар мен бүлікшілер көбейді. Бейсенбі Көрме орталығына от қойылды», – дейді ол. Дәрігер қойған диагнозға қарағанда, миы шайқалып, зақым келген, амнезия туындап, ес-түсін жоғалтқан.
Бірнеше жерінен жараланған Арман Әділханов бейсенбіге ауған түннің куәсі болған. Ол ентігіп отырса да көргенін айтып беруге келісті. «5 қаңтар қайын ағамның үйінде болғанмын. Подъездің алдында тұрдық. Жиналған адамдарды көріп, 22.00 кезінде сонда жақындадым. Түнгі 00.00-ден аса әскери арнайы техника жолдың үстіне келіп тоқтады. Кішкене терезеден оқ атты. Біреуі аяғыма тиді. Адамдар жан-жаққа қашып кетті. Сол жердегі жігіттер көмектесіп, ауруханаға әкелді», – деген Арман Әділханов оқиға ВІ Group салып жатқан тұрғын үй кешені жанында болғанын нақтылады.
Жағдайды сырттай бақылап тұрған ол әскерилер құлақ тұндырып, көзді жасаурататын граната қолданғанын, оларға қарсы кейбір адамдардың тас атқанын көрген. Жақындамай-ақ қояйын деп әдейі бергі шетте тұрғанмын, аяғыма оқ тиген соң құладым», – дейді.
«Негізі қақтығысты ОМОН-дар бастады», – дейді ол. Десе де, қала тұрғыны әлдебір адамдардың көлікке от қойып жатқанын да көрген. «Тоқтаңдар, тимеңдер, терезе шақпаңдар!» деп жатқандар көп болса да оқ атылған. Көрме орталығының тұрағында көліктер өртенген. «Талап көтеріп, шерулетуге ниетім болмады», – деген Арман Әділханов қонаққа барған жерінен оқыс оққа ұшқан.
Ауруханада жатқан екі әскеридің бірі хирургия бөліміндегі Ақжан Алтынбекпен тілдесудің реті түсті. 23 жастағы патрульдік полкте полиция инспекторы Алтынбек жұмысқа жуырда орналасқан. «Төртінші ротада қызметкермін. Жұмысқа жаңадан кірген едім. 5 қаңтар күні әкімдіктің алдына командир бұйрығымен шықтық. Сол жерде тұрған кезде адамдардың арасына түсіп қалдым. Түнгі 00.00-01.00 шамасында топтан шығып келе жатқан кезімде аяғымнан және белімнен кәдімгі ұрысқа қолданатын оқ тиді. Қазір жағдайым жақсарды» дейді Арман.
Жараланған жас тәртіп сақшысын әріптестері полицейлер алып кеткен. «Кім атқанын байқамадым да, көрмедім» -деген оның есебінше, алаңда екі мыңдай адамды көрген. «Жиналғандардың арасында тас- кірпіш атқандары да болды». Наразыларға қарсы оқ атуға бұйрық болған-болмағаны жайлы сауалға «жоқ» деп жауап берді.
Нақақ оққа ұшқан Е. деген бір жігіт мектеп жасындағы інісін іздеп шыққанын айтады: «Кіші бауырым 9 сыныпта оқиды, кешігіп кетті. Телефонын көтермейді. Ағам ауырып үйде жатқан, “көріп қайтшы” деген соң алаңдап, көшеге іздеп шықтым. Ғани Иляев пен Ахмет Байтұрсыновтың қиылысы. Қалың топ Байтұрсыновтың бойымен келе жатты. Мың адам бар шығар. Жолындағысын қиратып, бағдаршамды шағып… Әскерилер де болды. Бір уақытта қайдан екенін білмеймін, қаңғыған оқ сол көзіме келіп тиді» дейді ашуға булығып.
Жаралылардың түгел дерлігі жеткізілген қалалық №1 аурухана басшысының бірінші орынбасары Мұхан Шыңғысханұлы: «26 науқас жатыр, оның екеуі әскери қызметші (біреуі келісімшарт негізінде жұмыс істейтін солдат, біреуі тәртіп сақшысы), қалғаны бейбіт тұрғын. Бәріне оқ тиген. Хәлі ауыр бір науқас реанимацияда. Дүйсенбіде 3 адам палатаға ауыстырылды. Әртүрлі оқтан жараланған, бейбіт тұрғындардың басым бөлігі жас балалар, ең үлкені 34 жаста. Сөздеріне қарағанда, алаңға жағдайды көруге барған».
Ресми ақпарат бойынша ауруханаларға жүгінген 120 адамның үштен бірі әскери адамдар. Ірі медициналық орталық дәрігерінің айтуынша, құқық қорғау органдарының араласуы мен істі болудан қорқып, жеке клиникаларға жүгінгендер көп.
Қаңтар айында болған жаппай тәртіпсіздіктерден Шымкент қаласына 4 млрд. теңгеден астам шығын келіп, 190 адам түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Оның ішінде 71 адам полиция қызметкерлері мен әскер сарбаздары. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов актив отырысында былай деп мәлім етті: «Сындарлы сәттерде халыққа қорған болып, жағдайдың ушығып кетпеуіне жол бермеген күштік құрылымдардың қызметкерлеріне және қоғамдық тәртіпті қорғауға шыққан еріктілер мен сол уақытта көмектескен барша кәсіпкерлерге алғыс айтып, ризашылығымды білдіремін».
Тәртіпсіздік салдарынан калада 8 мемлекеттік және 29 бизнес нысан зардап шекті. 90 арнайы көліктер зақымдалып, оның ішінде 40 көлік жанып кеткен. Қарапайым адамдардың да бірқатар мүлкі жарамсыз болып қалған.
Қаңтар оқиғасы қанды қасірет болып тарих бетіне жазылды. Халық алдағы өмірді жақсылыққа жориды, ниеті дұрыс. Енді мұндай дүрбелең ел басына тумасын деп тілек етеді. Бірақ ол үшін қаңтар қырғынын ұйымдастырушылар нақты аталып, түгел дерлік жазалануы тиіс дейді ел.
(Жалғасы бар)