Бердібек Машбекұлы Сапарбаевты мен ол кісі Қызылорда облысына әкім болып тағайындалғанға дейін сырттай білетінмін. Жасынан көзге түсіп, ерекше бір қасиеттерімен биік мақсаттарға ұмтылып жүрген Сыр елінің азаматына қай жерде, қай жұмыста жүрсе де тілектес болып, өзімізше сырттан бақылап жүретінбіз. ҚР Қаржы министрлігінде, Білім министрлігінің жоспарлау-экономика басқармасының бастығы, ҚР Білім министрінің орынбасары, Президент аппараты және министрлер кабинетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары, министрлер кабинеті іс басқармасының бөлім меңгерушісі, министрлер кабинеті аппаратының басшысы қызметтерінде де баспасөз бетінде, теледидар хабарларында көрсек ықылас қойып тыңдап, не айтар екен деп елеңдеп отыратынбыз.
Президенттің 1995 жылғы 29 қыркүйектегі Жарлығымен Бердібек Машбекұлы Сапарбаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Міне, осы уақыттан бастап Бердібек Машбекұлының басқаруымен бірлесе жұмыс атқара бастадық. Бұл кезең облыс экономикасы мен әлеуметтік салалардың дамуындағы ең күрделі кезең болатын, өндіріс, құрылыс салаларындағы бұрын қалыптасқан байланыстардың үзіліп, жаңа нарыққа сай өндірістік қатынастардың әлі орныға қоймағандығы, қаражаттың тапшылығы көптеген нысандардың мүлдем тоқтап қалуына әкеліп соқтырды. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау салаларының материалдық- техникалық базаларының тозығы жетіп, оларды жаңадан салу, күрделі жөндеуден өткізу мүмкіндігі жоқтың қасы болатын. Ең ауыр жағдай ауыл шаруашылығында қалыптасты. Біздің облысымыз ежелден аграрлық облыс болғандықтан, ауыл шаруашылығы аудан, ауыл тұрғындары үшін әрі күнкөріс, әрі табыс көзі болып отырған саланың дағдарысқа ұшырауы ауыл-село тұрғындарын тығырыққа тіреді.
Жаңа келген облыс басшысы осы жағдайлардың бәрін байыппен, сабырмен жаңа қоғам, нарықтық қатынас, жүргізіліп жатқан экономикалық-әлеуметтік реформалар тұрғысынан зерттеп, талдап, саралап, бірінші кезекте шешілетін мәселелерді іріктеп, шара көріп, шешім қабылдай бастады. Алдымен қолынан іс келетін, жаңа нарықтық қатынастарды облыс өміріне батыл ендіре алатын, сынақтан өткен, білімді кадрлерді таңдап, оларға шешуші салаларды сеніп тапсырды. 1995 жылды әр сала бойынша қорытындылап, келешек атқарылатын, бүгін орындалатын іс-шаралар нақты, орындаушысымен, мерзімімен белгіленді, облыс бойынша орындалуы міндетті бірнеше нормативті құжаттар қабылданды. Олардың бәрін санамалап, атымен, уақытымен тізбелесек бір естеліктің шеңберіне сыймаған болар еді. Бұл шешімдер мұнай, газ саласы, өнеркәсіп, құрылыс, кіші кәсіпкерлікті дамыту, қаржы саласын сауықтыру, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, спорт, мәдениет салаларының материалдық-техникалық базасын дамыту, елді мекендерді көркейту-көгалдандыру, ең үлкен өзекті мәселе тұрғындарды ауыз су, аяқ сумен қамтамасыз етуге байланысты қабылданған еді. Әрбір сала бойынша қабылданған шешімдер қатаң бақылауда болды.
Бердібек Машбекұлы ауыл шаруашылығы, оның ішінде егін шаруашылығының жағдайына ерекше көңіл бөлді. 1995 жылдың аяғында ауыл шаруашылық жылы қорытындыланып, жаңа міндеттер қойылған арнайы қаулы қабылданды. Ауыл шаруашылығына кредит бөлу, лизинг арқылы жаңа техника алу, несие серіктестіктерін құру, тұқым шаруашылығын жаңарту, тағы басқа күрделі шараларды сол кезде-ақ ендіре бастады.
Бердібек Машбекұлы Қызылорда облысында әкім болып қызмет атқарған 1995-1999 жылдар аралығында жоғарыда аталып кеткен шешімдер кезең-кезеңімен іске асырылып, экономиканы оңалту жүзеге аса бастады.
Осы жылдар ішінде небір тәуекелге бел байлаған ұйымдастыру жұмыстары, күрмеуі қиын күрделі шешімдер қабылданды. «Қызылорда облысында 1996-1998 жылдарға арналған реформаларды тереңдету» бағдарламасы, Арнаулы экономикалық аймақ құру, құнды қағаздар шығару, қаржы, салық, банк салаларының жұмысын үйлестіру, облыс бюджетінің кіріс көздерін көбейту өз нәтижелерін берді. Қызылорда арнайы экономикалық аймағы құрылғаннан кейін облысқа шетелдік инвесторлар келе бастады. Бұрынғы «Оңтүстікмұнайгаз» акционерлік қоғамының акция пакеттерін канадалық компания иеленді. Екі жарым жыл ғана жұмыс атқарып үлгірген Арнайы экономикалық аймақтың Қызылорда үшін маңызы зор болды. Қызылорданы газдандыру идеясы да сол кезде қозғалды.
Алмагүл БОЖАНОВА,
Қызылорда облысының Құрметті азаматы,
«Парасат» орденінің иегері.
7 ақпан 2023 жыл.
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар