Мемлекет және қоғам қайраткері, иісі қазақтың туымды тұлғасы Бердібек Машбекұлы Сапарбаев жайлы

(Поэмадан үзінді)

Қазақтың ұланғайыр ұлысында,

Тұрады талай тұлға тіл ұшында.

Солар ғой – ұшпаққа алып шыққан бізді,

Солар ғой – ынтымағың, ырысың да!

Уақыттың жүрісіне ыңғайлы еріп,

Бергенін бір Алланың қылдай бөліп,

Солар ғой – хан тағында отырса да,

Халқына қызмет қылған құлдай болып!

Аңқасын ащы термен қандыратын,

Арманын ай түбіне қондыратын,

Солар ғой – тау-тасқа емес, қолтаңбасын

Жұртының жүрегінде қалдыратын.

Қыранның қайраты бар қанатында,

Қашан да жұлдызы ыстық дара тұлға.

Бердібек Сапарбаев ағамыз тұр,

Сарабдал саңлақтардың санатында.

Тірлікке тізгін бермей қақпайлаған,

Табыспай таланымен тоқтай ма адам?!

Сарқыты ол-семсер тілді сүлейлердің,

Туған жер топырағына ат байлаған.

Жер-Ана тербеткенде бесігінде,

Жан-Әке тілек жолдап осы күнге,

«Баршаға барын беріп жүрсінші» деп,

Бердібек қойған екен есімін де.

Өмірде ғажап есім, ғажап ат көп,

Керуенін күнге тартқан қазанат боп.

Алдында үйірілген үйелмені,

Атына атымы сай Азамат деп!

Буынып берен іске белді бекем,

Еліңмен емендесу – ерлік екен.

«Анасы Алты Алаштың қолдай гөр» деп,

Әкім боп Сыр бойына келді Бекең.

Туған жер…

Шығар емес бәрі де естен:

Самалы Бесарықтың сәріде ескен.

Қаратау, Арал жатыр айбынданып,

Биіктік, Тереңдікті танып өскен.

Жасынан тарихына қанып келген,

Ертеңін тамыршыдай танып, көрген,

Ал, мынау қасиетті Қызылорда,

Қазаққа өз атауын алып берген.

Бір сәтте мерейленіп өсесің де,

Бір сәтте мұңды сезім кешесің бе?

Кешегі арманда өткен арыстардың,

Көсіліп ізі жатыр көшесінде.

Басында тұрған кезде дәуір-дастан,

Кезің бұл – омырауды дауылға ашқан.

Ауылдар қамқор қолды сағыныпты,

Мұқтаждық мұғдарында бауырласқан.

Еңбекпен теріп жеген жеміс кілең,

Еңсесі жамағаттың еңіс, білем.

Сырдария жағаны асып жүгіргендей,

Түспейтін Ер келді деп ер үстінен.

Үн қосып жадыңдағы жаңғырыққа,

Жоқты ізде, әкім болсаң, барды ұмытпа!

Ұйқысын жарым түнде жүз бөледі ол,

Жалпыңды жеткізсем деп әлмұлыққа.

Хақың жоқ ауырлықтан аянатын,

Аян іс азаматтың жаяды атын.

Бөлініп бүтін қазақ кетпесін деп,

Таң алды дүр сілкініп оянатын.

Ол сөйтіп, жасылға орап жайдақ қырды,

Кеңесіп жоғарымен, Аймақ құрды.

Аузына қолы жетіп ағайынның,

Реңі Сыр бойының жайнап кірді.

Барсаңыз қай ауылға, қай қалаға,

Бағамдап қарап көрші айналаңа:

Қазаққа кәсіп келді, нәсіп қонды,

Бағың да ашылардай бай далада?!

Қыр анау… қалы кілем түр-түсіндей,

Диқанның даңқын көктен тұр түсірмей.

Білсеңіз, бұл Бекеңнің әрбір ісі –

Қиюлы Хансарайдың кірпішіндей!

Күміс күн көрінгенде сырдаң күліп,

Сұлулық санамызда тұр жаңғырып.

Сән құрды жағалауда дендро-бақ,

Дидарын Ақмешіттің нұрландырып.

Шаһизада ӘБДІКӘРІМОВ,
Қазақстан Жазушылар Одағының
мүшесі, «Қызылорда қаласының,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы»
5 ақпан, 2016 жыл

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған