Үкімет келді. Неге келді? Не айтылды? Үкімет назарына өңір үшін маңызды қандай мәселелер ұсынылды? Әлде бізде бәрі жақсымен, өзекті мәселелерді жылы жауып, Үкіметті алдап-сулап шығарып салдық па?
Үкімет басшысы Ә.Смайыловтың өткен апта соңындағы Қызылорда өңіріне сапарынан соң жұрт көкейінде көп сұрақ қалды. Жалпы аймақ басшысы Н.Нәлібаевты кешегі көктемде мәслихат депутаттары келісімімен Президент тағайындағанымен Үкімет басшысы Ә.Смайыловтың өзі елге келіп, әкім орынтағына өзі отырғызып кеткен “төл” әкімі.
Әкім тағайындалғалы бері де арада көктем, жаз, күз өтіп, қыс келіп біршама өзгерістер болып жатыр. Расында да биылғы көктемде облыс әкімі орынтағына Н.Нәлібаевтың отыруы жыл соңында аймақтың жақсы жетістіктерге жетуіне негіз болды. Мәселен, биылғы жылдың 11 айы қорытындысымен өңірге инвестиция тартудан ел бойынша үздіктер қатарына шықтық. Мақтанса, қазақ мақтансын дегендей өңірде жүзеге асып жатқан әралуан жобалар арқылы қаржы тарту 31,3%-ға артқан, теңгелей айтқанда 350,6 млрд теңге. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының да көлемі 21,1%-ға, яғни 106,4 млрд теңгеге көбейген, пайдалануға берілген тұрғын үйдің көлемі 6,4%-ға өскен. Әрине, өңдеу өнеркәсібінде де өсім бар. Оның өнімі 8,5%-ға артқаны көңілге демеу. Дегенменен оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімінің бар болғаны 0,3%-ға артқаны өкінішті-ақ. Жалпы ауылшаруашылығы өнімі өсімінің баяулығы біздің өңірге ғана емес, жалпы ел-жұртқа тән болып отыр. Ауыл өнімінің өсімі өзгелердей өспей отырғандығы ауылдағылардың тұрмысына да әсер етіп отырғаны рас. Содан да Мемлекет басшысы ауыл халқының табысын арттыруды алдыңғы орынға қойып, Үкіметті ауылды жақсартуға міндеттеп отыр. Үкімет басшысы да осыдан біршама уақыт бұрын өткен Үкіметтің кеңейтілген жиынында ауылдарға алдағы жылы 70 млрд теңге бөлінетінін, ал алдағы 5 жылда ауылдарды жандандыруға 1 трлн теңге қаржы қаралатынын жеткізді. Ендігі мәселе облыс әкімдері осы қаржылардан қапы қалмай, немесе ысырап етпей оны оңтайлы жұмсап, өз ауылдарын көркейтуге тиіс. Әлгі айтқандай “көркейсе ауыл, көркейеміз бәріміз…”
Қаласынан гөрі ауылы көп, өзгелерге қазақылықтың, қазақ ауылының, жалпы қазақ жұртының отаны болып саналатын Сыр бойы да “Жаңа Қазақстан” қалыптастыру бағытындағы сындарлы сәтте сыр бермей, анау-мынау кедергілерге, қиындықтарға қарамай, көш алдына шыққысы келеді.
Рухы биік, жігері мықты, бұрынғы аграрлы өлкеден индустриалды аграрлы аймаққа айналып келе жатқан Қызылорда өңіріне Үкіметтің қолдауы қай кезеңде де керек. Содан да болар Ә.Смайыловтың осы сапарында өңірде жинақталған өзекті мәселелерді өңір басшысы елге өз аяғымен келіп тұрған Үкімет алдында тізбелеп берді.
Мәселелердің басын Арал теңізінің жағдайынан бастасақ, аймақ басшысы Н.Нәлібаев Үкімет басшысына баяндағандай Солтүстік Арал теңізінің жағдайы елді алаңдатып отыр. Әсіресе, вегетациялық кезеңде қалдық принципі бойынша теңізге су жіберу салдарынан соңғы оншақты жылда теңіз 8,5 млрд текше метрге азайған. Ал бұл теңіз суының тұздылығын көбейтетіні сөзсіз.
Әзірге тұздылық литрге 8-ден 13 граммға көбейген. Енді тұздылық деңгейі 15 граммға жетсе, онда балықтардың қорек таппай, жаппай қырылу мүмкін. Балық аулау – теңіз тұрғындарының негізгі кәсібі. Кәсібінен айырылса, елдің тағы да басқа жаққа жаппай көшу қаупі бар. Бәрінен де қиыны экология тіпті қиындайды. Сондықтан да аймақ басшысы Сырдария өзенінің суын бөлу кезінде өзіміздің мемлекетімізбен қатар Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің суға деген қажеттіліктерінен бөлек Кіші Арал теңізін де жеке су тұтынушысы ретінде тану қажет дейді. Содан да, облыс әкімі Н.Нәлібаев Үкімет басшысы назарына Сырдария суын бірге пайдаланып отырған елдермен келіссөздер барысында Арал теңізіне вегетациялық кезеңде жіберілетін судың көлемін ұлғайту қажеттігін ұсынды.
Тағы бір өзекті мәселе суармалы жерлердің суарылуы. Ресми ақпарат бойынша республика бойынша барлық суармалы судың 30%-ын Сыр бойы тұтынады. Өкінішке орай суару желілерінің жағдайының нашарлығынан жыл сайын 2 млрд текше метр су жоғалады екен. Бұл – республика бойынша жыл сайынғы су шығынының жартысы. Өзі суға жарымай отырғанда жеткен судың жартысы шығын болғаны егінге жақсы емес. Бүгінде елімізде 319 мың гектар жердің суару жүйелерін қалпына келтіру жүргізіліп жатса, сол 319 мың гектар жердің 5%-ы ғана, яғни 15 мың гектары ғана өңірге тиесілі екен. Жазы аптап ыстық, жаңбыры жоқ дегенге тән қуаңшылықты өңір үшін әрине бұл көлем аз. Содан да аймақ басшысы Н.Нәлібаев суармалы жерлердің ирригациялық жүйелерін жаңғырту жұмыстарын қаржыландыру көлемін ұлғайтуды сұрады.
Бүгінде өңірімізде Қызылорда, Байқоңыр, Арал, Қазалы қалалары газдандырылды. Сондай-ақ 19 ауылға да газ барды. Келер жылы 7 ауылды газға қоссақ облыс халқының 72%-ы газға қол жеткізеді. Жалпы аймақ басшысы 2025-ші жылға дейін 70 ауылды газдандырғысы келеді.
Облыс әкімі Н.Нәлібаевтың өз сөзімен айтар болсақ: “Газдандыру – ауыл халқының тұрмысын арттырудағы маңызды фактор”. Сол сияқты экологияны жақсартудың да жолы. Енді аймақ басшысы әр жыл сайын елді мекендерді газдандыруға 15 млрд теңгеден үш жылға 45 млрд теңге қаржы бөлсе ел тұрмысы тәуірленіп қалар еді деген үмітін жасырмайды.
Аймақтың тағы бір маңызды мәселесі – жарық. Жасыратыны жоқ жел тұрса жалп-жалп етіп сөнетін жарықтың кесірінен тұрғындар әбіржіп, әлеуметтік желіде қашан қайта жанғанша арызданып жатады. Сондай-ақ облыста 215 млрд теңгеге салынғалы жатқан жаңа жылу электр орталығын көңілге медет тұтқанмен ескірген электр желілерінің, тіпті өткен ғасырдың 60-шы жылдары пайдалануға берілген, бүгінде ілекер болып тұрған жарық сымдары, подстанциялар кесірінен ертеңгі күні бүгінгідей жел тұрса жарық тағы өшіп жаңа орталықтың абыройын айрандай төкпейді ме деген сұрақ бары рас. Жалпы өңірдегі электр желілерінің 70%-ы тозған. Өңірдегі жарық мәселесін реттеу үшін, әсіресе 2025 жылы пайдалануға берілетін ЖЭО-да өндірілетін электр энергиясы рәсуа болмауы үшін де қосалқы стансалар мен электр тарату желілерін салуға және жаңғыртуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе Қызылорда жалп-жалп сөнетін жарық мәселесін оңтайландырар еді.
Үкімет басшысы сапарын сәтті пайдаланып, бір емес, бірнеше мәселенің шешім табуын сұраған облыс әкімінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 566 шақырым жолды ІІ санаттан І санатқа ауыстыруды ұсынғаны да облыс тұрғындары үшін маңызды мәселенің бірі. Мәселен, Ақтөбе бағытындағы көлік жолында жүк көліктерінің ағымы жыл сайын орта есеппен 10%-ға артып, тәулігіне 10 мың көлікке жетіп отыр екен. Жалпы облыс аумағындағы “Самара – Шымкент” көлік жолының жалпы ұзындығы 812 шақырым болса, соның 246 шақырымы ғана І-санатқа, яғни 4 жолақтығы жатады. Ал қалған бөлігі 2 жолақты ғана. Көлік ағымы көбейіп отырған қазіргі тұста сырт жұртты айтпағанда Байқоңыр, Арал, Қазалы аудандары тұрғындары үшін Ақтөбемен екіортадағы көлік жолының орны ерекше. Сол үшін де келер жылы екі жолақтыдан 4 жолақтыға ауысу үшін жоба-сметалық құжаттарды әзірлеуге қаржы бөлінсе құба-құп болар еді.
Халықтың әл-ауқатын арттырудың, тұрмысын жақсартудың бірден-бір көзі – жалақының уақытылы берілуімен қатар оның көлемінің өсуі де маңызды. Сарапшылар пікірінше елде кедейшілік шегінде қалып қойғандардың көбеюінің бір себебі де осы жалақының төмендігіне байланысты. Жасыратын несі бар елдегі орташа жалақы деңгейі 250 мың теңге деген статистикалық мәліметтерді жалған ақпарат деп жұрт қабылдай бермейді.
Бүгінде өңірде коммуналдық салада еңбек етіп, айына 100 мыңнан сәл асатын жалақы алатын 5 мыңға жуық жан бар екен. Алайда, “100 мың” бүгінде күнкөріске жарамайтындықтан да салада мамандар, кадрлар тапшылығы сезілуде. Осы ретте әкімнің өз сөзімен айтар болсақ “коммуналдық сала жұмысшыларының айлығын қолданыстағы тарифтер шеңберінде арттыру шараларын қарастыру керек”.
Бұдан бөлек, 2014 жылғы желтоқсан айында Еуропалық Қайта жаңғырту және Даму банкісінен электр, жылу, сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту үшін алынған 6,5 млрд теңге несиенің сыйақысы инфляцияға қарай өсуіне орай 12%-дан 27%-ға көтерілуіне байланысты салалық министрлік арқылы субсидия бөлу мәселесін шешу, өңірде әртараптандыру қарқынына орай ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу мен сақтауды жақсарту үшін салынып жатқан аграрлық-индустриалдық парк мәселесіне қатысты, Қызылорда қаласынан физика-математикаға бейімделген мектеп интернат құрылысына қаржылай көмек, жаңа Перинаталдық орталық құрылысын 2024 жылдан 2023 жылға ауыстыру, оны бастауға қажетті қаржы бөлуге қолдау көрсету ұсынылды.
Өкінішке орай жоғарыдан өңірге қаржы бөлгенде “шөміштен” қағылып қалатын жағдайлар да жоқ емес. Мәселен 2022-ші жылы республикалық бюджеттен “облыс орталықтарын дамытуға” өңірлерге 44,2 млрд теңге қаралса, біздің аймағымызға осы қаржының бар болғаны 0,5%-ы ғана, яғни 250 млн теңге бөлінген. 2023 жылға 17,8 млрд теңге қаралса, соның 1 млрд теңгесі бізге тиесілі екен. Ал, 2024-2025 жылдарға қаржы мүлдем қаралмаған. Қала болғанына 200 жылға тақаған Қызылорда – ескі қалалардың бірі. Қала ішінде көркейтуді, абаттандыруды қажет ететін тұстар жетіп артылады. Ал оған жергілікті бюджеттің шамасы келе бермейді. Содан да республикалық бюджет көмегі керек-ақ.
Н.Нәлібаевтың Ә.Смайыловтан тағы бір сұрағаны: «2022 жылдың қорытындысымен халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етілу көрсеткіші – 42,6 пайызды құраса, қажеттілік 57,4 пайызды құрап отыр.
Осы орайда, Қызылорда қаласында «Көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру» және «Қызылорда-Арена» кешендерін салу қажеттігі».
Облыс әкімі Н.Нәлібаев аймақ дамуында өзекті, маңызды 12 мәселенің шешім табуына Үкімет басшысының назарын аударды. Қалай болғанда да Үкіметтің елге келгені жақсы. Ал, төменнен ұсынылған мәселелер жоғарыдан шешімін тауып жатса, ол тіпті жақсы. Қанша дегенменен, біздің Үкімет еститін, тыңдайтын үкімет емес пе…
С.БИХОЖА