Қызылорда облысы Жастар ресурстық орталығының мәжіліс залында «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының ұйытқы болуымен Сыр өңірінде алғаш рет «Smart Sarbaz – 2022» әскери-патриоттық робототехника сайысы ұйымдастырылды.
Әскери-патриоттық қозғалысы тәрбиеленушілерімен өткен іс-шараға Жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Оспанұлы, Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Алмат Жақыпов және «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы, Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Әкімжан Төлебай қатысып, сөз сөйлеу барысында сайыс қатысушылары мен қонақтарына сәттілік тіледі.
Робототехника сайысын өткізудегі мақсат – аймақтағы техникалық қабілеті жоғары жастарды анықтап, олардың шеберліктерін әрмен қарай дамыту арқылы республикалық робототехника сайыстарына қатысуға жол ашу.
Байқауда Қызылорда облысының барлық аудандарынан және Қызылорда қаласынан он алты оқушы бақтарын сынады. Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Қазалы ауданынан келген Темірлан Насраддин иеленді. Ал, екінші орынға Жалағаш ауданынан келген Асылхан Сансызбай табан тіресе, үшінші орынға Қызылорда қаласынан Қайсар Сейдахмет лайық деп танылды. Жеңімпаз атанған Темірлан әділқазылар алқасының шешімімен республикалық робототехника байқауына жолдама алды.
– Өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отырған сайыс алдағы уақытта жалғасын тауып, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Жас патриоттардың жеңіске деген талпынысы бойымызға қуаныш ұялатты. Осындай тәжірибе жинайтын сайыстардың жиі өткізілуі жас өрендерімізге күш-жігер мен қайрат берері сөзсіз, – дейді «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Әкімжан Төлебай.
Соңында, «Smart Sarbaz – 2022» әскери-патриоттық робототехника сайысының жеңімпаздарына арнайы диплом мен сыйлықтар табысталды.
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
лейтенант Мұхит Қонаров