Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні — тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Тәуелсіздік күні мерекесі әр жылдың 16-желтоқсанында аталып өтеді. Бұл күн ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі елеулі мереке болғандықтан 16-17-желтоқсан күндері күнтізбеде демалыс болып табылады. Тәуелсіздік тек қазақстан тұрғындары үшін емес, сонымен бірге, шетелдердегі қазақ қандастарымыз үшін де маңызы зор мереке. Алыста, ата жұрттан жырақта жүрсе де Қазақстан үшін алаңдайтын, еліміздің болашағына біркісідей зор үмітпен қарайтын қандас бауырларымыз бұл күнді  қуанып атап өтеді.

1991 жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі “Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы” заңды қабылдады. Қазақстан КСРО құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдады. Бұл заң 1990 жылы 25-қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге Қазақ елінің елдігін нығайта түсті.

Өз мемлекетіңнің тәуелсіздігін қастерлеу, өзің тұратын елдің егемендігін құрметтеу – тек патриоттық парыз ғана емес, үлкен гуманистік жауапкершілік. Өзі жүрген ортаның алдындағы ғана емес, өз тағдыры алдындағы жауапкершілік. Өзі жүрген ортаның жарастығын ойлаған адам ғана жарастықты дүниеде өмір сүре алады. Тек азат адамдар мен тәуелсіз халықтар ғана дүниеде ондай шынайы жарастық орната алады. Өйткені, халық бостандыққа жетпей тұрып, қоғам бостандыққа жете алмайды. Қоғам бостандыққа жете алмай тұрып, адам бостандыққа кете алмайды. Сондықтан да, бүгін күллі жалпақ әлем бостандықты ту еткен жарастықты аңсайды. Ендеше, адамдар мен қоғамдардың, мемлекеттер мен халықтардың өз еркі өзіндегі тәуелсіздігі – ешкім тіл тигізе алмас қасиетті ұғым. Сондықтан бұл күн жас мемлекетіміз үшін – біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі болып табылады. Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Отанымыз – Қазақстанға деген құрметтеу сезімін әкелетін бүгінгідей мереке күні алға қарай тағы да берік сеніммен қарап, болашақтың тыныш өмірінің негізін қалау үшін қазір де бұл бағыттағы іс-әрекетті жалғастыру керек. Қоғамдық өмір сабақтары мен Отанымыздың мүддесі қазіргі таңда патриоттық дәстүрге сай келетін жатқан жаңа талаптарды қойып отыр. Ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр.

 «Кішкене отбасымыздан басталатын кең-байтақ ұлы Отанымыздың» тәуелсіздік күні құтты болсын, көк аспанымызбен астасқан көк туымыз әрдайым биіктен желбірей берсін!

Қызылорда қаласының №2 сотының

бас маманы М.Бекетова

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған