29 қараша күні Қызылорда қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаевтың төрағалығымен қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысқа қала әкімінің орынбасары Ғ.Еркебай, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары М.Бибитова, қалалық ветеринариялық станциясы директоры Н.Төлегенов, қалалық дербес бөлім басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде төмендегідей мәселелер қаралды. Олар:
- Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімімен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша 2022 жылдың ІІІ-тоқсанында атқарылған жұмыстары («электрондық үкімет» веб-порталы арқылы үлесін арттыру тиісті шаралар қабылдау, т.б.).
- «Қызылорда қаласы бойынша 2023 жылға мүгедектігі бар адамдар үшiн жұмыс орындарына квота белгiлеу туралы».
- «Қызылорда қаласы бойынша 2023 жылға жұмыс орындарына квота белгiлеу туралы».
- «Қызылорда қаласында мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарды өндіріп алу тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы» 2021 жылғы 29 желтоқсандағы № 107-16/10 шешіміне өзгерістер енгізу.
- «2023-2025 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы».
- «Қызылорда қаласында шетелдіктер үшін туристік жарнаның мөлшерлемелерін бекіту туралы».
Күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан тиісті ұсыныстар берілді.
Сонымен қатар, күн тәртібінен тыс бүгінгі күні өзекті болып отырған қаңғыбас иттердің қала көшелерінде қаптап жүргені жайлы мәселе көтерілді.
Қызылорда қаласы бойынша қазіргі таңда ит-мысықтарды аулау жұмыстары заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылуда. Қалалық ветеринариялық станциясы директоры Н.Төлегенов шұбарып, топтап (3 немесе одан көп) жүрген қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұл жұмыстар күнделікті жауапты мамандар бақылауында. Кеңес тарапынан қалалық ветеринариялық станциясына (Н.Төлегенов) қоғам тарапынан қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмыстары бойынша қоғамның наразылығын тудыруына және адам өміріне қауіп төнуіне байланысты пәрменді шаралар қабылдау ұсынылды.