Ауыл қаланы асырады. Уақытысында қысқы соғым, қап-қап картоп, жуа, сәбіз, тағы да басқа қажетті көкөніс, жеміс-жидек қалалықтарға ауылдағы ағайыннан жететін. Қалада тұрғанның ауылдан артықшылығы театр, кинотеатр, парк, кітапхана, жоғары оқу орындары сияқты өнер, мәдениет білімнің жетілген ортасында өмір сүру еді. Әйтпесе, қысы-жазы бақшасында, фермасында еңбек етіп, аузынан ақ май ағып отырған ауылдағылардың әл-ауқаты қалалықтардан жақсы болатын. Жазғы егінді күзде жинап, қыста қорытындылаған ауыл еңбеккерлері мүлікке шаққанда бір “Жигули” көлігін алатындай қосымша қаржы алып, жинақ кассасына жинап жататын. Жұмыссыз бір жан болмайтын.

Айта кетейік, олар кеңшар, ұжымшарда ақылы еңбек ете жүріп, қосымша бақша егіп, қысқы азығын дайындап алатын. Ол кездері қазіргінің супер, гипермаркеті, базары қара жер болатын. Қара жерге маңдай теріңді сіңіріп, еңбек етесің де керегіңді аласың.

1990-шы жылдардағы өзгеріс ауылды қатты өзгертті. Әке-шешелеріміз бақша еккен қара жер бос қалды. Кеңшар, ұжымшарлар тарап, оларға қарасты егіндік, шабындық, жайылымдық жерлер көрінгеннің қолында кетті. МТС, гараждардағы техникалар да тегінге кетті. Ауыл өнімін қабылдайтын қауынбаза сияқты қабылдау, өңдеу кәсіпорындарының есігіне қара құлып салынып, жабылды. “Жұмыртқадан жүн қырыққан” пысықайлар егін алқаптарына егелік етіп, егін салғанға дейін, ел не істерін білмей есінен танып қалды.

Үкімет ауыл жағдайын ойламады емес, “Ауыл жылы” деп бір жылдарды арнайы белгілеп, ұрандатып, ауылды дамытуға қаржы бөліп жатқанымен сол қаржы түгелімен ауылға жетпей, жары жолда түгесіліп қалып жатты. Нәтижесінде, бүгінгі күні экономист сарапшылар айтып жатқандай “керемет болдық” деп мақтанып, мақтап жүрген 30 жыл уақыт ішінде ауыл шаруашылығы мен өңдеуші кәсіпорындарда 2 млн. жұмыс орнын жоғалтыппыз. Әлгі экономистердің есебінше 1990-шы жылға дейін ауыл шаруашылығы мен өңдеуші кәсіпорында 3,3 млн адам жұмыс істесе, қазір бар болғаны 1,1 млн адам еңбек етіп жүр екен.

Ресми ақпаратқа сүйенсек статистика мәліметі бойынша 2010-2021 жылдар аралығында өңдеуші кәсіпорында жұмыс орны 20 мыңға ғана өссе, ауыл шаруашылығында тіпті қысқарып кеткен. Осындай жағдайда еліміз тұрғындарының 40%-ы тұратын “ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын” деп ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қойғаны Президент Қ.Тоқаев үшін қаншалықты абыройлы іс болмақ? Оның ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді Үкіметке тапсырғаны ауылдағылардың үмітін ақтай алады ма?

Бұған дейінгі “Ауыл жылдарынан” аз-мұзға алданып қалған ауыл халқы несібесі тағы да пысықайлардың аранында кетпейді ме? Күні кеше қайта сайланған Президенттің алғашқы Жарлығы Ауылға арналғанынан жағдайының жақсарып, тұрмысының түзелерін армандап отырған ауыл халқында осы арманның орындаларына сенімнен гөрі әлде де күдік пен күмән басым. Дегенменен Президент те алғашқы Жарлығын ауылдықтарға текке арнамапты.

“Ауруын жасырған өлетіні анық”. Сол сияқты жылдар бойы сан қуалаған өтірік статистикамен сан соғып қалғанымыз да рас. Мәселен, елде жұмыссыздық жоқ, немесе ресми орындардың ол бар болғаны 5% дегеніне қазір кім сенеді?

Жұмыссыздықты жасыру үшін тендер алған мердігер компаниялардың жұмыссыздықпен тіркеліп тұрғандарды әрі кетсе 3 күнге жұмысқа қабылдаған, немесе бір науқандық жұмысқа жегілгендер есебінен жұмыссыздарды азайтқан биліктегілердің жымысқы әрекетінен елдегі млн-даған жұмыссыздық білінбей келді де, нәтижесінде жұртты жұмысқа орналастыру үшін жаңа жұмыс көздерін ашуға жеткілікті мән берілмеді. Мәселен 2020-шы жылға дейінгі индустриалды даму мен агроөндірісті дамыту мемлекеттік бағдарламаларында елді жұмыспен қамту қамтылмаған. Тіпті бағдарламаларда жаңа жұмыс орындарын ашу туралы мақсат айқындалып, міндет қойылмаған. Өйткені қағаз бетінде жұмыссыздық мәселесі жоқ…

Соңғы екі жылдан бастап өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарламаларда жаңа жұмыс орындарын ашу туралы міндеттер қойыла бастаған. Әрине, халықтың табысын көтерудің бірден-бір жолы жұмыс орындарын ашып, елді жұмыспен қамтып, отбасына кіріс болып кіретін табыс табуға мүмкіндік жасау екені бесенеден белгілі. Алайда, 2020-2025 жылдарға арналған қазіргі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында 6 жылға бар болғаны 32 мың жұмыс орны құрылуы керек деп жоспарланған. Ал, 2021-2025-ші жылдарға арналған агроөндірісті дамыту ұлттық жобасында 400 мың уақытша, 100 мың тұрақты жұмыс орнын құру межеленген. Ал, жұмыс істеу қабілеті бар 2 млн адам жұмыссыз. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен өңдеуші кәсіпорындардан соңғы 30 жыл ішінде 2 млн адам қысқарып кеткен. Демек, осы екі салаға күш салып, ауылдағы жұмыссыздықты жоятын жаңа мүмкіндіктер жасалып, елге табыс көзі ұсынылуға тиіс.

Сарапшылар пікіріне тағы да зер салар болсақ, олар ең алдымен жұмыссыздық деңгейі нақтылануын алдыңғы кезекке қойып отыр. Елдегі жұмыссыз адамдар санын жасырып, өтірік ақпар жасау өткеннің қателігін қайталау екендігі анық. Содан да экономикада ең бірінші кезекте ел толығымен жұмыспен қамтылуға тиіс дейді. Жылдар бойғы жалған статистикалық мәліметтерге алдыңғы дамыған үздік елдің қатарына қосыламыз деп бағдарланған “Қазақстан-2050” стратегиялық бағдарламасының да салдары бар екені анық.

Ресми мәліметтер бойынша жалпы ішкі өнім көрсеткіші бойынша ешкімнен кем емес екеніміз анық. Алайда, жер асты да, үсті де табиғи қазба байлықтарға бай Қазақстан өсімі шикізат есебінен еселеп өсіп отырғанын естен шығармауымыз керек. Ал, бұл мұнай, алтын, газ сияқты кен өндіру орындарына көп жұмыс орны қажет емес. Елдің бәрі мұнай, уран, ваннадии тағы да басқа байлық өндіретін өндірісте жұмыс істеп жүрген жоқ. Жұмыс орны санаулы, алайда шикізатты сыртқы саудаға шығару арқасында табысы шексіз осындай шикізаттар есебінен халықтың белгілі бір тобы байлыққа кенелгенімен, табиғи байлығынан бір теңге де үлес алмайтын, жалақы таппайтын көпшілік жұмыссыздық, кедейшілік қамытын киіп келеді. Сондықтан да істерге іс, табысы, жұмысы жоқ жұрттың жалпы саны анықталуы керек.

Сарапшылардың тағы бір пікірі ауыл өндірісін сыртқа шығаруға бағыттау. Біздің ұранымыз импортты алмастыру, яғни өз-өзімізді қамтамасыз ету жақсы ұран болғанымен өміршең емес. Өйткені нарықтық қарым-қатынастар үстем қазіргі жағдайда өнімді өткізу алаңы кең болған сайын өндірілетін өнім көлемі де ұлғаятыны сөзсіз. Сондықтан ауыл шаруашылығы мен өңдеуші кәсіпорындарды дамыту бағдарламасында өнімді сыртқа шығаруға бейімдеу қажет. Мәселен Сауда министрі С.Жұманғариннің айтуынша елге келетін азық-түліктің 40%- ы Ресейден келеді екен. Ендігі мақсат осы сырттан келетін өнімдерді азайтып қана қоймай, өзіміз де сыртқа шығаратын өнім, тауарларды көбейтуіміз қажет. Мәселен сол Ресейге өзіміз неге бәлен пайыз өнім шығармаймыз? Мал бағатын, егін егетін жеріміз жоқ па? Әлде адамымыз аз ба?

Әрине, мұның бәрі мүмкін болса деген ой баршамызда бар. “Жомарттың қолын жоқтық байлайды” дегендей, қыруар қаражатсыз мұның бәрі құр қиял екені де рас.

Президенттің алғашқы Жарлығына негіз болар сараптама қорытындысын жасап отырғандар шетел инвестициясы ауыл шаруашылығын дамыту үшін өзіне мықты бәсекелес жасауға қаржы құймайтынын, сондай-ақ алдыңғы қатарлы технологияны ауылға әкелуге де мүдделі еместігін, ал ұсақ, майда кәсіпкер шаруаның бұл ауқымды іске шамасы келмейтіндіктен бар үміт ұлттық капиталда болғандықтан ұлт бизнесін Үкімет ауылға жұмылдыра білуі шарт депті.

Не болғанда да талдағандар да, сараптағандар да ауылды жақсартуға соңғы сөздерін айтыпты. Ендігі кезек Үкіметте…

С.БИХОЖА

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған