Бүгінгі күні қолданыстағы Қазақстан Республикасының «Оңталту және банкроттық туралы» 2014 жылғы 7 наурыздағы Заңының (әрі қарай Заң) нормалары бойынша борышкерлердің қаржылық-шаруашылық әрекетінің көлемі мен айналымына қарамастан банкроттық рәсімін өткізудің бірыңғай тәртібі қарастырылған.
Ал шындығында әрекет жасамаған, дәрменсіздік белгілері бар, алайда банкроттықты бастамашылық етпейтін бизнес субъектілер үшін жалпы белгіленген банкроттық рәсімінің тәртібінен тыс банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді тарату да осы Заңда қарастырылған.
Заңның 7-тарауында көрсетілгендей, негізінен банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді тарату екі жағдайда жүзеге асырылады. Оның бірі – борышкер жоқ борышкер болып табылған жағдайда, екінші осы Заңның 114-бабының 3-тармағында көзделген мән-жайлардың жиынтығы болған жағдайда. Осы жағдайлардың біріншісі туындаған кезде салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитор, екінші жағдай бойынша борышкер сотқа жүгіне алады.
Бірінші жағдайда кредитордың сотқа жүгінуіне келесі мән-жайлар негіз болуы шарт:
- борышкердің, сондай-ақ оның құрылтайшылары (қатысушылары) мен лауазымды адамдарының орналасқан жерін қатарынан алты ай бойы анықтаудың мүмкін болмауы, бұл жөнінде уәкілетті орган айқындаған нысан бойынша және тәртіппен құжат жасалады;
- өтініш берілгенге дейін үш жыл бойы борышкердің меншік құқығында мүлкінің, сондай-ақ дебиторлық берешегінің болмауы;
- өтініш берілгенге дейін үш жыл бойы борышкердің жасалған жағдайда осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негіздер бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін мәмілелер жасамауы. Бұл ретте өтінішке қоса борышкердiң салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитор алдындағы мiндеттемелерiн, сондай-ақ осы мiндеттемелер бойынша берешегінiң бар екенін және сомасын, борышкердің жоқ борышкер болып табылатынын растайтын құжаттар қоса берілуі қажет.
Ал, борышкердің сотқа банкроттық рәсімін қозғамай өзін тарату туралы өтінішпен жүгінуі үшін:
1) борышкердің кредиторлар алдында республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің екі мың бес жүз еселенген мөлшерінен аспайтын берешегінің болуы;
2) өтініш берілгенге дейін үш жыл бойы борышкердің меншік құқығында мүлкінің, сондай-ақ дебиторлық берешегінің болмауы; борышкердің жасалған жағдайда осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негіздер бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін мәмілелер жасамауы; борышкердің банктік шоттар мен касса бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асырмауы; борышкердің Қазақстан Республикасының салық және кеден заңнамасында белгіленген салықтық және кедендік тексерулер мен өзге де бақылау нысандарының тізімдеріне енгізілмеуі;
3) өтініш берілген күнге қылмыстық қудалау органдарының борышкер қызметіне байланысты қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін заңды тұлғаның құрылтайшысына (қатысушысына) немесе оның лауазымды адамына, сол сияқты дара кәсіпкерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізбеуі негіз болып табылады.
Сот осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келетiн, банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді тарату туралы өтiнiш келiп түскен күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей iс қозғау туралы ұйғарым шығарады.
Аталған ұйғарымның көшiрмелесі борышкерге, өтiнiш берушiге, уәкiлеттi органға, жеке сот орындаушыларының өңiрлiк палатасына, сондай-ақ, егер борышкер заңды тұлға болып табылса, борышкердiң орналасқан жерi бойынша аумақтық әділет органына жiберіледi.
Сот банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді тарату туралы iсті қозғаған кезден бастап, осы рәсімге банкроттық рәсімін қозғау салдарлары жүргізіледі.
Яғни, заңды тұлға мүлкінің меншік иесіне, құрылтайшыларына (қатысушыларына), барлық органдарына мүлікті пайдалануға және өткізуге, сондай-ақ міндеттемелерді өтеуге тыйым салынады; банкроттың барлық борыштық мiндеттемелерiнiң мерзiмдерi өтті деп есептеледі;банкрот берешегiнiң барлық түрлерi бойынша тұрақсыздық айыбын және сыйақыларды (мүдделерді) есепке жазу тоқтатылады;сотта банкроттың қатысуымен қаралатын мүлiктiк сипаттағы даулар, егер олар бойынша қабылданған шешiмдер заңды күшiне енбесе, тоқтатылады;үшінші тұлғалардың кепілдіктері мен кепілгерліктерін орындау бойынша талаптарды, сондай-ақ үшінші тұлғалар кепіл беруші болатын жағдайларда кепіл нысанасын өндіріп алуды қоспағанда, банкротқа банкроттық рәсімі шеңберінде ғана талаптар қойылуы мүмкін;әкімшінің өтініші және борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімінің ұсынылған көшірмесі негізінде банкрот мүлкіне салынған барлық шектеулер мен ауыртпалықтар (борышкер шоттарына қойылған инкассолық өкімдер, мүлікке тыйым салулар және басқалар) оларды салған органдардың тиісті шешімдері қабылданбастан алып тасталады;банкроттың мүлкіне жаңадан тыйым салу және банкроттың мүлкіне иелік етуге өзге де шектеулер қою мәмілені жарамсыз деп тану туралы және банкротқа қойылған, мүлікті өзгенің заңсыз иеленуінен талап ету туралы қуынымдары бойынша ғана жол беріледі.
Сот іс қозғау туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзiмде банкроттық рәсімін қозғамай борышкердi тарату туралы шешiм шығарады. Сот шешімімен тарату рәсімін жүргізу уәкілетті органға жүктеледі.
Әбілқайысқызы Айнұр
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы