Көпшілік бұған дейін де қала әкімінің жас кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету керек деп айтқанынан хабардар. Осыдан біршама уақыт бұрын қала әкімі Асылбек Шәменов «Бизнеске арналған үкімет» ғимаратында кәсіпкерлерді қабылдаған болатын. Кездесуден кейін қала әкімі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бағлан Аманкелдиевке тиісті тапсырмалар берді.
Енді міне араға уақыт сала қала әкімі «Бизнеске арналған үкімет» ғимаратында қала кәсіпкерлерін екінші рет қабылдады. Өткен кездесуге келген кәсіпкерлер бұл жүздесуде көрінбеді. Бұл жолы қабылдауға келгендердің көбісі шағын кәсіппен айналысып жүріп, үкіметтен қолдау алып кәсібін кеңейткісі келетіндер.
– Мен жетпістен асқан адаммын. Кәсібімді бастап өзге мәселелерді шешейін десем жауаптылар бірнеше мекемеге сілтеп, сандалтуда. Үлкен кісіге оңай емес қой. Кәсіп бастауға несие алдым, кеше де екі бөлмелі пәтерімді банкке салып тағы да кредит алдым. Сәулет, құрылыс басқармасына рақмет. Жанашырлықпен қолдады. Қолымдағы қағаздар миллион теңгенің құжаттары. Сондықтан өзіңе сеніп келдім. Қаладағы жетпістен асқан кәсіпкер деп көмектесіп жіберсеңдер.
– Көмектесу керек. Үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл жаста кәсіпкер болу да оңай емес. Осы арада қалалық сәулет бөлімінің басшысы тұр. Сізге көмектесетін болады,-деді қала әкімі.
Кезектегі бірінші тұрғынды қабылдай отыра екінші кезектегі де дем арасында жетті. Атасынан қалған шаруашылықты жалғастырмақ ниеттегі Наубаева Гүлсім жолдасының сырқаттанып қалғанына байланысты мал шаруашылығын өзі жалғастырғысы келеді.
– Қазір 1994 жылғы балам мал бағумен айналысып отыр. Мен 100 гектар жерге арыз тастағанмын, әлі нәтиже жоқ. 4-5 рет конкурсқа қатысқаныммен жер берілмеді. Азғантай малымыз, ірі қарамыз бар. Үкіметтен ақша алып көрмегенмін, ешкімге қарыз емеспін. Өзім отыз жыл мал бақтым. Сол тұрған Қаракөлден 100 гектар жер қарассаңыздар болды.
– Бұл кісі бізге арызданған. Жерді конкурсқа шығарғанда басқа адам көп қаржымен жеңіп кетті. Заң солай болған соң бізде амал жоқ. Басқа аумақтан жер берейік десек тұрғылықты жерден сұрап отыр,- дейді қалалық бөлім басшылары.
Қызылорданың құмынан «Лего кірпіш» істеген Молдабаев Алматтың жаңашылдығы ерекше. Алайда, кәсібі әлі ашылмаған. Гранттарда бақ сынағанмен түк шықпай отыр. Кірпішін Шиелінің және дарияның құмынан жасап, Ақтөбедегі станоктан шығарып әкелуде. Бағасы 130 теңге. Жер жұмсақ болып, көп үйдің қабырғасы жарылса да, «Лего кірпіштен» өрілген үй оңайлықпен жарылмайды.
Жалпы облысқа қаралған 120 миллион теңге грантты аймақ бойынша 26 адам ұтса, қала бойынша қайтарымсыз 5 миллион гранттан 16 адамның жобасы жарамды болып отыр.
– Бізде РИЦ-тің қаражаты бар. Аталған идеясы инновациялық кәсіпке жататындықтан сол санатқа тіркелді,-дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бағлан Аманкелдиев.
Қабылдауға келесі келген жеке кәсіпкер Нұрбол жиһазбен айналысуда. Сондықтан, ол жиһаз дүкенін салу мақсатында қаланың сол жағалауынан 20 сотық жер сұраған екен.
– Ұсыныс беріңіз, қолдаймыз. Аукцион арқылы екенін білесіз. Аукционға қатысып алсаңыз ешқандай мәселе жоқ. Біз алдағы уақытта кәсіпкерлікке сәйкес келетін жерлерді аукционға шығарамыз. Жер бірінші кезекте жалға беріледі, кәсібіңіз орнығып алған соң жекеге де өткізуге болады,-деді қала әкімі.
Кездесуге келген қала тұрғыны Ерсұлтан Қалғандария көлінің пайдаланбай тұрғанын айтып әкімге жолықты. Көлдің өзі кәсіппен айналысатын ағасыныкі болғанымен, ол қазір денсаулығына байланысты кәсібін тоқтатқан. Әрі жеке кәсіпкерлігі банкрот болған. Қазір көл ешкімнің де атына тіркелмеген. Осы мәселені шешкісі келіп отыр. Шешсе балық шаруашылығын жолға қоймақ.
– Зерттеп көрейік. Көлдің мақсаты болу керек. Арнайы комиссиядан өтеді. Соны пысықтап нәтижесін айтамыз, – деді қала әкімі.
Көпбабалы ана Гүлжан жақында 5 миллиондық грант жобасына қатысқан. Бір жыл бойы дайындалып, біздің қалада жоқ инновациялық жоба ұсынған екен. Араға уақыт салып оның жобасы инновациялық емес қатарына кірген. Осы жобаға дейін қалалық коммуналдық бөліммен меморандумға отырған.
– Комиссия облыстық басқармадан құрылған. Бірақ, сіздің комбикорм шығаратын өндірісіңіз қалада баршылық. Десе де біз нақтысын біліп береміз. Егер кепілге қоятын мүлкіңіз болса РИЦ-тен ауылдық округ төңірегінен қарап көруге болады, – деді кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бағлан Аманкелдиев.
Кездесуге келген қала тұрғыны 1996 жылдан бері кәсіппен айналысуда.
– «Арай» бойындағы Манас мейрамханасының егесімін. Кәсіпті реттеп жүргенімде ол жерді халық мұқтаждығына деп үкімет алып қойды. Оның орнына басқа жер береміз деді. Беретін жерді ақыры бермей, өзім сатып алдым. Кәсіпкерлік жобамды дайындау барысында қалалық сәулет бөлімінің айтуымен газдың құбырын алдырып тастадым. Тағы қосымша жер алу керек деді. Сол жердің жанындағы учаскені де сатып алсам, ол жерді маған дейін басқа біреу сатып алған екен. Он жеті жыл бойы бұл мәселем шешілмей келеді. Кәсіптік жобама «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан 15 миллион теңге алып тұрмын. Бірақ, кәсіп бастай алмай отырмын. Кәсіп басталмаса ақшаны қайтадан алып қояды,-дейді қала тұрғыны.
– Оны зерттеу керек. Зерттеп баяндайсыз,-деді қала әкімі сәулет бөлімінің басшысына.
– Саламатсыз ба, мен келінімнің атынан кәсіптік жоба ұсынғаныммен қолдау таппады. РИЦ арқылы көп жыл жүріп, бес миллионның төрт миллионын зорға алдық. Жанар ханымның арқасында үстіне тағы да 1 миллион теңгесін қостырып алдық. Кепілге қоятын мүліктің бәрін қойдым,-дейді қала тұрғыны.
– РИЦ арқылы ауылдық жерлерде салынатын кәсіпкерлік нысандарына, кәсіп түріне қолдау көрсетіледі, – деді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.
– Кәсіппен айналысқысы келетіндер көп. Алайда халық ренжіп жатыр. Сіздің наубайханаңыз өзіңіз тұратын Қызылжармада жоқ болғанымен қалада бар. Комиссия тарапы қаланың төңірегін түгел есептейді. Қаланың, даланың жобасы деп бөлмейді,-деді қала әкімі.
Қосымша қаржы алуға кепілдеме керек. Кепіл болса кездесуге келген кәсіпкерде жоқ. – РИЦ арқылы кепілдеменің 40 пайызын тапсаңыз қаржы алуға болады. РИЦ-ке жобаңызды апарып, ұсыныңыз. Бұның жалғыз амалы осы,-деді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Аманкелдиев.
– Мен Назиева Перизат жас кәсіпкер ретінде 2019 жылы 5 миллион несие алғанмын. Алғаннан кейін карантин басталды. Пневмания болып ауырып, анықтамасын кәсіпкерлік орталығына жібергенімде мені сотқа берді. Қазір сол ақшаны қайтарып отырмын. 1,3 миллион теңге қайтарымым қалды. «Даму» орталығы маған кепіл болған еді. Көлігім де кепілде тұр. Жерімді, автобусымды сатып, қаржысын қайта салдым. Енді сол кепілде тұрған көлігімді алайын десем, бермей отыр. Ал кепілде тұрған көлігімді сата алмаймын.
– «Даму»-дың маманын шақыртып, зерттеу керек. Өзара түсініспеушілік бар шығар. Енді сіз кепілде тұрған көлікті алып, сатып, қарызды төлегіңіз келіп отыр ғой, – деді қала әкімі.
Кездесуге кезегі келген жас кәсіпкер өз назын қала әкіміне былайша жеткізді:
– Жақында өткен бес миллиондық грантқа қатыса алмай қалдым. 16-шы қыркүйекте қолдау сайтына кәсіптік жоспарымды салдым. 5 миллионды алу үшін 10 пайыз қаржы болу керек. 500 мың теңге тауып, бесінші қыркүйекте салдым. Ал жобамды 16-ы күні салдым. Бірақ, маған қолдау көрсетілмеді. Олардың айтуынша 10 пайыз қаржыны құжаттармен бірге салуым керек екен, бұл мүлде түсініксіз жағдай – дейді жас кәсіпкер.
– Қазір қанша айтқаныңмен гранттың мерзімі өтіп кетті. Біз бұл түсінбеушілікті анықтап, өзіңізге хабар жеткіземіз, – деді қала әкімі. – Өзі айналдырған 120 миллион теңгеге 700-ге жуық адам өтініш берді. Оның мерзімі өтті. Енді өзің де басқа жолдарын қарастыр. Түрлі ұйымдарды зерттеп көр. РИЦ-жағынан көрейік. Бізде кәсіпке қаржы алатын мүмкіншіліктер бар. Оның тәртібін орындап аламын десең, оны қарастырамыз, – деді тағы да қала әкімі.
– «Бұлан» мал базарынан келіп тұрмын. Екі айдың төңірегінде қала әкімінің орынбасары Сейілов Жанмұратпен берлесіп, базарларды жаңарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Осы нысанның алдынан кішкене жер берсе деп едім. Ол жерге базардың сыртын дұрыстап, эскизін келтіргім келіп отыр. Ешқандай кептеліс болмайды. Осы жерді берсе жылқы сиырдың бәрінің тұратын орнының астын тегістеп, жағдай жасайын деп едім,-дейді кәсіпкер.
– Бұл жерде базар орналасқан соң кезінде халық жол тарлығына наразылық білдірді. Мына жердің халқы осы жердің тұрғындары болған соң солармен бір ақылдасып алу керек секілді. Жерді кеңейткен соң оларға жақындайсың. Ветиринарлық аумақ бар. Үйіне қатты жақындап кетті деп айтып жүрсе тағы…- дейді қала әкімі.
– Қазір үкіметтің қаулысы бар. Адамдар базарға келгенен кейін оларға жағдай жасалу керек. Біз кәсіп мәдениетін қалыптастыруымыз керек,-деді қала әкімі.
Жақында болған инновациялық жобаларға арналған грант төңірегінде ел аузында түрлі сыбыс жүр. Көпшіліктің айтуынша инновациялық жобаға көлік жуу жобалары да енген. Оның аққарасын ешкім білмейді. Әйтсе де, грант нәтижесі өздерінің электронды порталдарында жарияланған екен. Сол жақтан кімнің қандай жобамен қаржы ұтқанын көруге болады.
Дамир АМАНГЕЛДІ